Атырау, 24 қараша 10:56
 ашықВ Атырау +4
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Ресей теңге, драм және соммен саудаласуды ұсынды

1 124 просмотра

Ресей Еуразия үкіметаралық кеңесіне ЕАЭО елдерінің ұлттық валютасын кеңінен пайдалану мәселесін талқылауға шығарады. Ресей жағы одаққа мүше елдердің импорт пен экспортында рубль, теңге, сом, драм және белорус рублінің үлесін арттыру бойынша рекомендациялар ұсынады. Бұл жөнінде РБК сайты жазды, деп Азаттық радиосы.

Рекомендациялар арасында - SWIFT жүйесінсіз есептесу мүмкіндігін қарастыру ұсынысы да бар.

2021 жылдың қорытындысы бойынша мұндай операциялардың 70 пайыздан астамы – рубль, төрттен бірі доллар мен еуро, тек шағын бөлігі ғана өзге валюталарда жүргізілген.

25-26 тамызда Қырғызстанның Шолпан-Ата қаласында өтетін Еуразия үкіметаралық кеңесінің отырысында ЕАЭО елдерінің ұлттық валюталарын пайдалануды ұлғайту мәселесі қаралады. Қаулы жобасын Ресей енгізеді.

Ресей шетел валютасынан бас тартып, ЕАЭО аумағында бірыңғай валюта енгізу идеясын алғаш рет қозғап отырған жоқ.

Биыл наурызда Ресей экономикалық даму министрі Максим Решетников ЕАЭО "бірыңғай рубль кеңістігін қалыптастыруға кірісті" деп мәлімдеген. Сол кезде ол ЕАЭО-ға мүше елдер – оған Ресейден бөлек Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан кіреді – үшінші мемлекеттерді қатыстырмай "бірыңғай рубль кеңістігіне" біртіндеп көшуге келісті деп айтқан.

Решетниковтің мәлімдемесі Қазақстан қоғамында резонанс туғызып, бірнеше сарапшы қазақ үкіметінен түсініктеме талап еткен.

Решетников мәлімдемесінен кейін Қазақстан үкіметі хабарлама таратты. Қазақстан үкіметінің ресми мәлімдемесінде "Келіссөз кезінде қазақстандық вариант қолдау тапты. Ресей мен Беларусьте баж салықтарын есепке алғанда және бөлгенде тауарды жіберуші елдердегі бағамы бойынша Ресей рублі қолданылады" деп жазылған. Қазақстан тарабы одақ ішінде рубльдің кедендік төлем ақшасы ретінде енгізілуін Ресейге салынған санкциялармен түсіндіреді. "Санкцияларға байланысты ЕАЭО ішіндегі баж салығын Ресей мен Беларуське доллармен аудару мүмкін емес" дейді Қазақстан үкіметі.

Еуразия экономика одағына (ЕАЭО) Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан мен Ресей мүше. Одақ 2014 жылы "ұлттық экономикаларды жан-жақты жаңғырту, кооперациялау мен олардың бәсекеге қабілетін және мүше мемлекеттер халқының өмір сүру деңгейін арттыру үшін жағдай жасау мақсатында" құрылған.

Сарапшылар бұл одаққа Ресейдің ықпалы көп екенін, Ресей экономикасы құлдыраса, одақтағы басқа елдерге де әсер ететінін айтады.

Қазақстанда белсенділер мен сарапшылар билікті Ресейдің ықпалы зор одақтан шығуға жиі шақырған. Нұр-Сұлтан ЕАЭО-ны "саясиландырмауға" үндеген.

25 тамыз 2022, 16:55

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.