Атырау, 10 мамыр 08:32
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +16
$ 439.43
€ 473.31
₽ 4.82

​Атырау облысының Антикор басшысы мұғалімдердің республикалық конференциясына қатысты

1 263 просмотра

Мұғалімдердің республикалық тамыз конференциясына алғаш рет ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысы бойынша департаментінің басшысы Ерлан ДОСАНОВ қатысты. Ол өз сөзінде елдегі сыбайлас жемқорлық деңгейінің жалпы төмендеу үрдісіне қарамастан, білім беру жүйесі айтарлықтай сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ұшырағанын атап өтті. Сөйтіп біздің өңірдегі мысалдарға тоқталды.

Кең таралған заңсыз әрекеттердің бірі - жақын туыстарын жұмысқа қабылдау. Мысалы, 2018 жылы Мақат аудандық білім беру бөліміндегі мектептердің бірінің директоры өзінің жақын туыстарын, сондай-ақ орынбасары мен бас бухгалтерінің туыстарын жұмысқа қабылдаған. Алайда бұл адамдар іс жүзінде бір күн де жұмыс істеместен, ай сайын жалақы алып отырған.

Сондай-ақ бағаны жасанды көтеру анықталды. Өткен жылдың маусым айында Атыраудағы мектептердің бірі жалпы сомасы 5 млн теңгеге 1 данасы 50 теңгеден 100 мың дана бір рет қолданатын стақан сатып алу туралы хабарландыру жариялады. Ал стақандардың медианалық бағасы - 3,5 теңге. Осылайша, аталған білім беру ұйымы тауардың бағасын жасанды түрде 4 млн 650 мың теңгеге көтерген.

Конференцияда сондай-ақ басшы қызметкерлердің ротация мәселелері айтылды.

Мониторинг нәтижелері білім беру ұйымдарының 205 басшысының 45-і 7 жылдан астам уақыттан бері басшылық лауазымдарда жұмыс істейтінін көрсетті. Ал білім басқармасы басшысының м.а. Айнагүл ДҮЙСЕКЕНОВА осы жылы білім беру ұйымдарының 24 басшысы ауысқанын атап өтті.

Конференция барысында Мақат ауданының №2 мектебінің директоры Руслан БАЙМҰХАШЕВ Мемлекеттік сатып алу процесін орталықтандыру туралы ұсыныс жасады:

- Мектеп директорлары, мұғалімдер сатып алуды жүргізеді, яғни олар өзіне тән емес функциямен айналысады. Сондықтан білім беру саласындағы сатып алуды орталықтандыру мәселесін қарастыруды ұсынамыз.

Білім беру басқармасы мен жергілікті Антикор бұл ұсынысты қолдады, БҒМ-не тиісті хат жолданды.

Айнұр САПАРОВА

24 тамыз 2022, 23:37

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.