Атырау, 26 қараша 12:28
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +3
$ 498.51
€ 522.84
₽ 4.81

18 жасар сарбаздың денесі ата-баба қорымына жерленді

1 659 просмотра

22 тамызда Қызылқоға ауданы Миялы ауылының тумасы, 18 жасар жауынгер Бекбол МИРАШТЫҢ денесі жер қойнына тапсырылды. Еске салсақ, ол осы жылдың көктемінде әскер қатарына шақырылып, Жамбыл облысына әскери борышын өтеуге жіберіліп, 19 тамызда өз-өзіне қол жұмсаған болатын.

"АЖ" тілшісі Бекболдың немере ағасы Қанат ҚОЖАХМЕТОВПЕН тілдесуге мүмкіндік алды. 

- Бекбол Миялыдағы орта мектептің түлегі еді. Жасы 18-ге толғаннан кейін екі күннен соң көктемде, яғни 7 сәуір күні әскери борышын өтеуге аттанған болатын. Осы уақыт бойына туыстарымен үнемі хабарласып тұрған. 19 тамыз күні қайтыс болардан бірер сағат бұрын анасы Үмітпен сөйлескен. Ал екі сағаттан соң Бекбол асылып қалды деген қаралы хабар жетті, - деп әңгімелейді Қанат. -  Қайғылы хабарды естігенде, не болғанын түсінбей аңтарылып қалдық, себебі баланың тарапынан қандай да бір шағым болған емес. Сол күні бірден әскери бөлімге баруға ұшаққа билет болмады, 20 тамыз күні әкесі екеуміз Ақтау арқылы Шымкенте ұшып барып, таксимен Таразға әскери бөлімге жеттік. Бірден моргтегі баланың денесін көруді талап еттік. Денесі таза, жарақаттың ізін көрмедік. Сол жерде құқық қорғау органдарына, прокуратуға барғанымызда олар тексеріс қорытындысымен таныстыратынын айтты. Бекболдың денесін алып келіп, аталарының қорымы жатқан "Бәйсеу" зиратына арулап жөнелтіп отырмыз. Қайғыдан қан жұтып әке-шешесі, бауырлары қалды. Ол бөлек бала еді, не себептен мұндай қадамға барғанына қайран қалып отырмыз, күдік те жоқ емес. Өзі әскерге барам деп құлшынып тұрған Бекболымыз табытпен оралды... 

- Жалпы Бекбол қандай бала еді?  

- Бекбол үш баланың екіншісі. Өзінен үлкен әпкесі Ақтөбедегі университетте оқиды, кенже ұл бала кезінен мүгедек. Бекбол көпшіл, адамды жатырқамайтын, ақкөңіл еді. Ат құлағында ойнайтын, асау атты мініске үйрететін шеберлігі бар. Әскерде де аттарды күтімге алумен айналысты.

Біз Бекболдың әкесі Досболмен хабарласқымыз келген. Ол кейін сөйлесетінін айтты.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

23 тамыз 2022, 21:32

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.