Атырау, 5 қазан 06:27
 ашықВ Атырау +17
$ 481.84
€ 531.33
₽ 5.07

Республика бізге не салып береді: спорт нысаны, жол, мәдениет үйі және т.б.

1 059 просмотра

Биыл «Ауыл - ел бесігі» жобасы аясында республикалық бюджет есебінен Атырау облысында әлеуметтік нысандар мен жолдардың құрылысына 11 млрд 2 млн теңге қаражат бөлінді. 

Атырау облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының мәліметінше, бұл 30 ауылдық елді мекеніндегі 41 жоба. Оның ішінде 31 жоба биыл басталады, былтыр басталған 10 жоба биыл жүзеге асырылып жатыр.   

Бұл қандай жобалар және олардың әрқайсының құны қанша? Басқармада бұл сұраққа салаларға бөле отырып жауап берді.

Әлеуметтік сала бойынша 25 жобаның құрылыс жұмыстарын бастауға биыл 3 млрд 7 млн теңге бөлінген. Атап айтқанда, спорт саласы бойынша 14 жобаның құрылысына 1 млрд 8 млн теңге бөлінді. Бұл бес спорт кешені мен жеті спорт алаңының құрылысы және екі стадионды қайта салу. 

Әрқайсысына жеке тоқталайық: қала маңындағы Дамбы, Ақсай ауылдарында көпфункционалды спорт алаңдарының құрылысы; Индер ауданының Индербор кентінің Көктем шағын ауданында спорт алаңының құрылысы, Көктоғай ауылынан дене шынықтыру сауықтыру кешенінің құрылысы; Исатай ауданы Тұщықұдық ауылында спорт кешені құрылысы; Қызылқоға ауданы, Миялы ауылында орталық стадионды реконструкциялау және спорт алаңының құрылысы, Сағыз ауылында спорт кешенінің және спорт алаңының құрылысы; Мақат ауданы, Мақат кентінде Ж.Жұмағалиев пен Н.Шағыров көшелерінің бойында, Бостандық, С.Мұқашев көшелерінде ойын алаңдары мен спорт алаңдарының құрылысы, балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің ғимаратын қайта жаңарту, Бәйгетөбе ауылында спорт алаңының құрылысы.

Денсаулық сақтау саласы бойынша төрт жобаға 163 млн теңге бөлінді. Бұл - Исатай ауданының Х.Ерғалиев, Тұщықұдық, Зинеден ауылдарында және Құрманғазы ауданының Нұржау ауылында дәрігерлік амбулаторияларды күрделі жөндеу жұмыстары. 

Білім беру саласы бойынша бір жоба, яғни Қызылқоға ауданы Жангельдин ауылындағы орта мектепті күрделі жөндеуге 204 млн 6 мың теңге.

Мәдениет саласы бойынша алты жобаға 1 млрд 6 млн теңге бөлінді. Бұл - Құрманғазы ауданының Хиуаз, Котяевка ауылдары, Жылыой ауданының Тұрғызба, Шоқпартоғай, Майкөмген ауылдарында мәдениет үйлерінің құрылысы және Атырау қаласы Томарлы ауылында музыка мектебінің құрылысы.  

Көлік инфрақұрылымы бойынша 13 жобаны бастау үшін 7 млрд теңге бөлінген. Бұл жеті жолдың құрылысы, төрт жолды қайта салу және екеуін күрделі жөндеу.  Атап айтсақ, қаржы қала маңындағы Томарлы ауылында автокөлік жолын салуға; Атырау қаласының Жаңаталап, Дамбы, Тасқала ауылдарында жаяу жүргіншілер жолын салуға; Жылыой ауданы, Жаңа Қаратон кентінің кентішілік жолдарын, жаяу жүргіншілер жолымен қоса қайта салуға; Исатай ауданы Аққыстау ауылындағы ауылішілік автокөлік жолдарын қайта салуға, Х. Ерғалиев ауылындағы кентішілік жолдар мен жаяу жүргіншілер жолдарын күрделі жөндеуге; Құрманғазы ауданының Хиуаз, Орлы ауылдарында жаяу жүргіншілер жолдарымен қоса ауылішілік жолдарды қайта салуға; Атырау облысы Қызылқоға ауданы Сағыз ауылында ауылішілік автомобиль жолдарын салуға; Миялы ауылының ауылішілік автокөлік жолдарын күрделі жөндеуге; Мақат ауданы Доссор кентінде автокөлік жолдарын қайта салуға; Махамбет ауданының Сарытоғай ауылында автокөлік жолын салуға жұмсалады.

Ал, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласы бойынша үш жобаны жүзеге асыру үшін  356 млн 3 мың теңге бөлінген. Бұл қаржы Жылыой ауданының Қосшағыл ауылында электрмен жабдықтау жүйесін қайта салуға; Индер ауданының Есбол ауылында көше жарығын күрделі жөндеуге; Қызылқоға ауданының Қосқұлақ ауылында ауылішілік су құбыры құрылысы на жұмсалады.

Биыл 1 тамыздағы жағдай бойынша бөлінген қаражаттың 4 млрд 4 млн теңгесі игерілген.

Айнұр САПАРОВА

19 тамыз 2022, 15:45

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.