Атырау, 18 сәуір 06:20
 ашықВ Атырау +23
$ 448.89
€ 477.93
₽ 4.76

​Таубаевтың апелляциялық соты: залда түсірілім болмайды

1 389 просмотра

15 тамызда Нұрлан ТАУБАЕВТЫҢ апелляциялық шағымы бойынша сот процесі жалғасты. Сот алқасы Таубаевтың адвокаты Игорь ВРАНЧЕВТІҢ тергеу сотының 2020 жылғы 16 маусымдағы жасырын тергеу әрекеттерін жүргізу туралы қаулысын, техникалық құралдар журналын, ЖІШЖ (жедел-іздестіру шаралары жүйесі) жүргізу туралы қаулыны тіркеу журналын талап еткен өтінішін қанағаттандырудан бас тартты. 

Алқа төрағасы Раиса АҚҚҰЛОВА бұл мән-жайлардың бірінші сатыдағы сотта зерттеу нысанасы болып, оларға құқықтық баға берілген деп түсіндірді. 

Бұрын ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметі басшысының орынбасары болған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметінің Ақтөбе облысы бойынша басшысы Нұрлан ШАБДАР мен ТШО бас директорын куәгер ретінде шақыру туралы Таубаевтың өтініші қанағаттандырылмады. Таубаевтың тағы бір адвокаты Нұртас АМАНБАЕВ Атырау облысы әкімдігінен Ақжар және "Мақат" кәріз суларын тазалау құрылғысы нысандарының құрылысына қатысты құжаттарды сұратып алдыру туралы өтінішхат берді. Сот оны қанағаттандырудан бас тартты. 

Таубаевтың үшінші адвокаты Руслан САҒЫМБАЕВТЫҢ қазақ тілінде берілген құжаттарды жол берілмейтін дәлелдеме деп тану және тергеу әрекеттері туралы алты хаттаманы жарамсыз деп тану туралы өтінішхат берді. Бұл өтініштің тағдыры осы іс бойынша түпкілікті шешім қабылдау кезінде кеңесу бөлмесінде шешіледі. 

Одан әрі сот прокурордың жеке өтінішхатпен берілген және апелляциялық шағымдардағы дәлелді зерттеуді жалғастырды.

Таубаевтың төртінші адвокаты Нұрлан ЖОЛБОЛОВ прокурор Лаура САМАТОВАҒА дәлелдерін оқып беруін сұрады. Бірақ прокурордың қолында құжат болмаған. Аққұлова оған ескерту жасады:

– Сіз онлайн режимге дайындалып жүрген болуыңыз керек. Бірақ бұл процесс оффлайн өтіп жатыр. Келесі жолы барлық қажетті құжаттарды өзіңізбен бірге алып келіңіз және процестегі сайыстылыққа дайын болыңыз.

Лаура Саматова қорғаушы тарап дәлелдемемен бұрын танысты деп жауап берді.

Одан әрі жеке өтініш пен апелляциялық шағым бойынша тараптардың пікірлері тыңдалды.

Тимур БАСАРОВТЫҢ адвокаттары Тлек ХАМИТОВ пен Гүлсара ҚАБЛАНБАЕВА бірінші сатыдағы сот қылмыстық-атқару жүйесі қауіпсіздігі ең төмен мекемеде жазасын өтеу орнын дұрыс анықтады деп санайды. Олар 2022 жылғы 17 мамырдағы сот үкіміне қатысты мемлекеттік айыптаушының апелляциялық шағымын қанағаттандырусыз қалдыруды және Басаровтың жәбірленушілер өтемақы қорына 82 440 теңгені, сондай-ақ 21 135 теңге процессуалдық шығынды өтеу фактісін есепке алуды сұрады. 

Жәбірленуші Айбек Тілемісовтың адвокаты Женни ЖҰМАЛИЕВА да прокурордың шағымы негізсіз деп есептейді.

- Менің әріптестерім атап өткендей, ҚР ҚК-нің 46-бабы 5-бөлігінің 1-тармағына сәйкес қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша төмен мекемелерінде өтеу жазасы осы Кодекстің 15-тарауында көзделген қылмыстар үшін сотталған адамдарға өтеу үшін тағайындалады, - деді Жұмалиева. Қауіпсіздігі ең төмен мекемеде жазасын өтеуді тағайындау ҚР ҚПК-нің талаптарына сәйкес келетінін айтып, прокурордың шағымын қанағаттандырусыз қалдыруды сұрады.

Содан кейін адвокаттар Аманбаев, Жолболов және Вранчев сот алқасының мүшелері мен прокурордан бас тарту жөнінде мәлімдеме жасады. Жәбірленуші мен Тимур Басаровтың адвокаттары мен қорғаушылары оған қарсылық танытты. Женни Жұмалиеваның айтуынша, ҚР ҚПК-нің 87 бабына сәйкес сот және прокурордан бас тартуға негіз жоқ.

Сот кеңесу бөлмесінде шешім қабылдау үшін шығып кетті. Қайтып келген соң сот адвокаттардың бас тарту туралы өтінішін қанағаттандырусыз қалдыру туралы қаулы етті. 

Сонымен қатар, сот алқасы «сотталғандардың мүддесін қорғау мақсатында» сот залында фото және бейне түсірілім жүргізуге тыйым салды.

Келесі сот отырысы 22 тамызға жоспарланған.

Айнұр САПАРОВА

16 тамыз 2022, 15:38

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.