Атырау, 23 сәуір 14:38
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +21
$ 445.66
€ 474.58
₽ 4.78

​«Төртінші зауытты салмаймыз, Шымкенттегіні кеңейтеміз»

967 просмотра

Бізге төртінші мұнай өңдеу зауытын салудың қажеті жоқ, - деді ҚР Энергетика министрі Болат АҚШОЛАҚОВ ӨКҚ-де өткен брифингте.

Халықпен кездесіп, азаматтарды жеке мәселе бойынша қабылдауынан кейін министр журналистермен кездесті. Азаматтарды қабылдау ұзаққа созылды, сондықтан брифинг алдын ала баяндамасыз басталды. Бұл жерде әріптестердің сұрағы мен министрдің жауабын ұсынып отырмын.

– Қазақстан ОПЕК+ елдерінің келісімін 2022 жылдан кейін ұзарту қажет деп санай ма және осы кезеңнен кейін болжам қайта қаралады ма?

- ОПЕК+ келісімі бойынша шешім әлі қабылданған жоқ, өйткені мерзім әлі аяқталмаған. Мұнай өңдеу жоспарына келсек, ол қазірдің өзінде түзетілген. Бастапқы жоспар 87,5 миллион тонна болатын, бірақ белгілі себептерге байланысты, оның ішінде жүк тасымалдау мүмкіндіктері мен экспорттық бағыттарға байланысты біз жоспарды 85,5 миллионға дейін қайта қарадық және оны орындауға, тіпті одан да асыруға толық мүмкіндігіміз бар деп есептейміз.

– Жыл сайын егін жинау науқаны кезінде елімізде дизель отыны тапшы болады. Бұл жағдайдың алдын алу үшін қандай шаралар алынуда?

- Белгілі бір кезеңдегі дизель отынының мәселесі бізде көрші елдермен салыстырғанда бағаның айтарлықтай күшті диспаритетіне байланысты. Осылайша, дизель отынының литрі 230 теңге, кейбір шекаралас аймақтарда 260 теңге болып отыр. Көрші елдерде бағасы 400 теңге және одан да жоғары. Қазақстанға басқа мемлекеттерден ауыр жүк көліктерінің қалай келетіні туралы видеоны бәріңіз көрдіңіздер. Автокөліктер жанармайды «аузы-мұрнына дейін» құйып алу үшін бос кіреді, ал елден шыққанда, қайтадан жанармай құйып алады. Сондықтан сараланған бағаларды әзірлеу арқылы дизель отынының тапшылығын болдырмау шараларын қолға алып жатырмыз. Бүгінгі күні Министрлік резиденттікке және көлік түріне байланысты дизель отынына бағаларды саралауды көздейтін бұйрық жобасын әзірлеп, ресми интернет-ресурста және «Ашық НҚА» порталында жариялады. Жеңіл автокөлік жүргізушілері үшін жүргізуші куәлігін көрсеткен кезде 100 литрге дейін жанармай, ал жүк көліктері, арнайы көліктер үшін тіркеу куәлігін көрсеткен кезде 230/260 теңге бағасында 300 литрге дейін босатылады. Транзиттік көлік және белгіленген көлемнен артық дизель алатын біздің жүргізушілер үшін баға 1 литріне 450 теңгені құрайды.

– Қазақстанда төртінші мұнай өңдеу зауытын салу қажеттілігі бар ма?

– Төртінші мұнай өңдеу зауытын салу жаңа пайда болған мәселе емес, көптен бері қаралып келеді. Ең оңтайлы нұсқа ретінде, министрліктің айтуынша, Шымкент мұнай өңдеу зауытын кеңейту. Біріншіден, негізгі тұтыну нарығы еліміздің оңтүстігі болса, екіншіден, ШМӨЗ-де кеңейтуге барлық жағдай бар. Кезінде ол 12 миллион тоннаға есептелген, соңғы жылдары жүргізілген көптеген тексеруден кейін зауыттың жалпы нысандары мен зауыт аумағының өзі оны біртіндеп кеңейтуге мүмкіндік береді деп айта аламыз. Далада жаңа зауыт салу жұмыс істеп тұрған өндірісті кеңейтуден әлдеқайда қымбат. Зауыттың қазіргі қуаты 6 миллион, біз бірден 12 миллион тоннаға дейін кеңейтуді айтып отырған жоқпыз, ондай қажеттілік жоқ. Жылына 2-3 миллион тонна болса, үйлесіп кетеді. Бірақ әзірге мұндай шешім қабылданған жоқ, өйткені бізде жанар-жағармай жеткілікті және Қазақстанда бұл өнімдердің экспорттық нарығы соншалықты ауқымды емес. Орталық Азия елдері жанар-жағармайды көп тұтынбайды, ал Ресейдің өндіріс бойынша өз артықшылығы бар. Біз елдің өз қажетін өтеу үшін шешім қабылдаймыз. Мәселе қазір шешілсе, Шымкент мұнай өңдеу зауытын кезең-кезеңімен кеңейтуге уақыт бар.

Келесі сұрақ Атырау мұнай өңдеу зауытына қатысты болды – жергілікті тұрғындардың қоршаған ортаға қатысты алаңдаушылығын тудырып отырған зауыт жұмысында экологиялық аспектілерді қатаң бақылауға мүмкіндік беретін қолжетімді технологияларды енгізу күтілуде ме деп сұрады. 

– Осы екі күн ішінде біз әртүрлі өндіріс орындары, соның ішінде Атырау мұнай өңдеу зауытында болдық. Ең қолжетімді технологиялар деп отырғандарыңыз экологиялық кодекстің талаптары. Ең қолжетімді технологиялардың арнайы анықтамалығы болуы керек – ҚТАА, бірақ әзірге ол жоқ. Тұрғындармен кездесуде олардың жартысы экология туралы айтты. Атырау мұнай өңдеу зауыты қала ішінде орналасқандықтан, бұл мәселе өте өзекті. Атырау жұртшылығы келушілер үшін зауыттың ашық болуын сұрайды. Бірақ бұл зауыт стратегиялық нысан, оған кез келген адам кіре алмайды. Үйлестіру кеңесін құрайық, объективті сұрақ туындау үшін оның құрамына қоғам белсенділері арасынан технологияны түсінетіндер енсін. Негізі оның құрамына әкімдік, зауыт және Энергетика министрлігі өкілдері кіруі керек. Кеңес экология бойынша мәселелерін қарастыруы керек, сол дұрыс болады. Ең болмағанда, біз қажетті инвестицияның қалыпты көлемін есептей аламыз.

– Қысқа мерзім ішінде зауыт екі рет толық тоқтап тұрды. Ішінара тоқтау да болды. Бұл жағдай қандай зиян келтірді, ең бастысы, алдағы уақытта мұндай жағдайлардың қайталанбауы үшін қандай жұмыстар атқарылуда?

- Зауыт жататын бірінші санаттағы объектілерде апатты болдырмау үшін әрқашан алдын алу шаралары жүргізілуі керек. Осындай сұрақ бірнеше рет туындады. Осылайша, 2018 жылы біз барлық технологиялық құбырлар мен жабдықтарды тексеруден өткіздік. Өйткені, егер олардың пайдалану мерзімі өткен болса, онда олардың тозғанын күтпей, апатты жағдай болмаса да ауыстыру керек. Қазір де мұндай жұмыстар жүргізіліп жатыр. Кеше зауытта өткен жиында осы сұрақ қойылды. Үш жылдық ақаусыз жұмыс істеу режиміне көшу міндеті тұр. Сәйкесінше, зауыт үш жылда үш рет тоқтау керек. Енді біз үшін ең бастысы – КҚК тоқтауына байланысты көктемнен күзге қалдырған жөндеу жұмыстарын жүргізу. Кез келген жоспарлы жөндеу кезінде қосымша диагностика жүргізіледі. Оның нәтижесін күтеміз. Үш мұнай өңдеу зауытын жіті назарда ұстап отырмыз, - деді министр.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

15 тамыз 2022, 12:33

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.