Атырау, 1 мамыр 03:23
 бұлттыВ Атырау +17
$ 442.05
€ 474.14
₽ 4.74

Грузиядан автокөлік: құжатын ресімдемей, жүргізе алмайсың

Сурет
718 просмотра

Атырауда полиция қызметкерлері облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің мамандарымен бірлесіп, шетелден заңсыз әкелінген көліктерді тексеріп жатыр. Сондай рейдтердің біріне «АЖ» тілшісі де қатысты.

Атырау облысына Грузиядан әкелінген көліктердің саны туралы нақты ақпарат жоқ екенін бірден атап өткен жөн. Өйткені олардың көбі ресми түрде еш жерде тіркелмеген. Ережеге сәйкес, Қазақстан аумағына Еуразиялық одаққа мүше емес мемлекеттен автокөлік әкелу үшін автокөлікті өз атыңызға тіркеп, тиісті төлемдерді жасау қажет. Төлемдердің мөлшері автомобильдің моделі және шығарылған жылына байланысты. Дегенмен, қазіргі таңда талапты орындамай, Грузиядан әкелінген көліктерді заңсыз жүргізіп жүрген жүргізушілер де аз емес. Осыған орай арнайы рейдтік шаралар өткізілуде.

МКД Кедендік әкімшілік басқармасының бөлім басшысы Рүстем ЖАЙЛАШЕВТІҢ айтуынша, еліміздің азаматтары тек Армения, Беларусь, Қырғызстан және Ресейден әкелінген көліктерді ғана тізгендей алады. Ал халық жаппай көлік әкеліп жатқан Грузия мемлекетінен темір тұлпарды тек кедендік рәсімдерден өткізіп ғана, жүргізуге болады. 

- Еуразиялық экономикалық одаққа кірмейтін мемлекеттерден көлікті тек сол елдің азаматтары ғана  ЕЭО аумағына бір жыл уақытқа кіргізе алады. Осыған дейін бірнеше рет ескерту шараларын жүргіздік, заңсыз әкелінген көліктерді тоқтатып, арнайы тұраққа қойдық, - дейді Рүстем Жайлашев. 

Соңғы күндері Атырауда Грузия елінің номерін таққан он шақты көлік жүргізуші тоқтатылды. Олардың бәрі де қала аумағында заңсыз жүргендер. Әкелінген көліктердің басым бөлігі - Toyota Camry.

"ТОҚТА, СЕНІҢ "ТОЙОТАҢДЫ" АЛАМЫН"

Рейдті біз "Ақ жайық" мейрамханасына қарсы айналма жолдан бастадық. Жол-патрульдік қызметінің аға лейтенанты Нұржан ХАДИМОВ Камри-50 жүргізушісін тоқтатып,  құжаттарын тексерді. Оның құжаттары дұрыс, тек көлік елімізде заңдастырылмаған. Кедендік әкімшілік басқармасының бас маманы Ануар ЖАМАНШИН жүргізушіге бұл көлікті Қазақстан аумағында жүргізуге болмайтынын айтып, түсіндірді. Әрі қарай оның көлігін Мемлекеттік кірістер департаментінің уақытша ұстау қоймасына қойды. Көлікті шығару үшін Грузиядан иесі келіп, құжаттарды рәсімдеуі керек. 

– Арнайы тұраққа қойылған көліктерді қайтарып алу үшін Грузиядан бұрынғы иесін шақыртып, тиісті құжаттарды рәсімдеу қажет. Сонда ғана ел ішінде емін-еркін жүруге мүмкін болады, – дейді Жайлашев.

ЗАҢНЫҢ АТЫ ЗАҢ…

Алайда, жүргізушілер грузиялық көліктерін қомақты ақшаға сатып алып, енді жаяу жүргендеріне наразы. Көліктің ресми иелерінің Грузиядан Атырауға келетін ойы жоқ, сонда көлік Мемлекеттік кірістер департаментінің қоймасында қалады екен.

Бұған дейін Мемлекеттік кірістер комитеті республика бойынша Қазақстанда кедендік төлемдер мен салықтарды төлемей тіркелген 156 автокөліктің анықталғанын хабарлады. 

Айтпақшы, жүргізушілердің көбі салық органдарын сотқа беруге дайын, бірақ нәтиже олардың көңілінен шығуы екіталай.

– Заңгерлерге «Қазақстан азаматы Грузияда тіркелген көлікті біздің елде жүргізе ала ма?» деген сұрақ жиі қойылады. – дейді заңгер Айдос ИБРАИМОВ. –  Ал біздің азаматтар көлікті Кедендік одаққа кірмейтін елдерден, оның ішінде Грузиядан сатып алып, барлық кедендік рәсімдерден өтпеген болса, оны Қазақстан аумағында жүргізе алмайды. Мемлекеттік кірістер департаментінің қызметкерлері оны тоқтатып, көлікті уақытша ұстау изоляторына қойса, бұл заңды болады.

Фархат АБИЛОВ

Суреттерді түсірген автор

13 тамыз 2022, 19:03

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.