Атырауда жыл басынан бері 1731 жұп шаңырақ көтерсе, 693-і ажырасуға арыз берген. Қалалық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі қызметкерлерінің айтуынша, ажырасудың себебі ретінде көбіне «мінезіміз келіспеді» деп көрсетеді.
Жастар жарты жыл бірге тұрмай жатып, ажырасқан жағдайлар кездесті, ал ең қысқа неке 1 ай 22 күнге ғана созылды. Ең ұзақ некелескендер 51 жыл бірге тұрған ерлі-зайыптылар, олар 1970 жылы үйленіп, 2021 жылы ажырасқан.
– Ажырасу рәсіміне бір ай уақыт беріледі, осы мерзімде біздің маман ерлі-зайыптыларды татуластыру жұмыстарын жүргізеді. Нәтижесінде 44 жағдайда неке бұзудың алдын алуға мүмкіндік туды, – дейді қалалық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және АХАЖ бөліміндегілер.
Атырауда жыл басынан бері 6005 бала дүниеге келген. Ер балаларға қойылатын ең танымал есімдердің қатарында Хамза (81), Ахмад (80), Ибрахим (80), Алдияр (80), Омар (79), Әмір (78), Әлихан (77), Рамазан (77), Айсұлтан (67), Нурислам (62), Имран (61), Әли (60), Исмаил (49), Абдурахман (47), Әміре (47) деген; қыздарға - Медина (131), Айша (129), Айлин (126), Раяна (106), Аяла (103), Асылым (103), Сафия (100), Томирис (99), Фатима (93), Айзере (90), Әмина (80), Айым (73), Мәриям (73), Аяна (69), Көзайым (63) есімдерін берген.
Айнұр САПАРОВА