Атырауда көпбалалы отбасынан шыққан балаға өзінің өлшемінен бірнеше есе үлкен мектеп формасын берген. Киімнің кеңдігі сонша, оны қысқартып тігіп беру үшін тігінші 30 мың теңге сұраған.
Оқу жылының басталуына небәрі жарты ай қалғанда көпбалалы аналар балаларын мектепке қалай дайындаймын деп мазасы кетіп жүр. Венера Нұрмолдиданың алты баласының екеуі мектепке барады. Оқушылардың керек-жарағын жинап беру оңай емес, себебі былтырғы жылмен салыстырғанда киім де, аяқ киім де бірнеше есе қымбаттап кеткен. Сондықтан ол үкіметтің көмегін алу үшін қажетті құжат жинаған.
- Маған былтырдан қалған киім бар деді. Мен ең болмаса тігіншіге апарып, қысқартамын деген оймен алдым. Сөйтсем, ол тым үлкен болды - киімді қайта тігіп беруге 30 мың теңге сұрады. Бірінші сынып оқушысына 10-сыныптың баласы киетін киім бергені масқара ғой, - дейді Венера.
Ол шағымын айтып әкімдікке барған. Білім беру басқармасы басшысының міндетін атқарушы Айнагүл ДҮЙСЕКЕНОВА оның мәселесі оқу жылы басталғанша шешіледі деп уәде берді.
- Бұл отбасыға киімді байқауды ұтып алған мердігер мекеме қызметкерлері берген. Қазір жағдайды анықтап жатырмыз. Алдағы уақытта мұндай мәселе туындамайды. Бұл жағдай ата-ана өткен жылғы қажетті өлшемі қалмаған мектеп формасын алғандықтан болды. Формасын ауыстырып береміз, - дейді А.Дүйсекенова.
Оның айтуынша, бұрын аз қамтылған отбасылардың балаларына дайын мектеп формасы таратылған, заңдағы соңғы өзгеріске сәйкес ол көмек енді ақшалай берілмек. Үкімет ақшалай көмектің мөлшерін бір балаға 37 мың теңгеден бекітті. Биыл бұл көмекті облыстағы 9645 оқушы алады. Ата-ана алған киімнің құжатын, яғни чекті білім беру ұйымдарына тапсыруға міндетті.
Облыстық білім беру басқармасының баспасөз қызметі бұл жағдайға қатысты мынандай түсініктеме берді: «Жаңа оқу жылы қарсаңында №21 орта мектептің екі оқушысының анасы Венера Нұрмолдина «Мектепке жол» акциясы аясында екі ұлына мектеп формасын бөлуге өтініш берді. Осы мектептің әлеуметтік педагогы тиісті өлшемдегі киім үлгісінің болмауына байланысты материалдық көмекті күте тұруды ұсынды. Алайда, Венера Нұрмолдина мектеп формасының өлшемі дәл келмесе де алып кете аламыз деп қолхат жазып берген. Білім бөліміне №21 орта мектеп директорынан «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы бойынша ата-аналарға түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатқаны туралы хабарлама түсті».
Биліктегілер мектеп формасының мәселесін түбегейлі шешу үшін көмекке қайырымдылық қорлары мен кәсіпкерлерді де тартпақ, деп қосымша хабарлады облыстық білім беру басқармасы.
Фархат АБИЛОВ
Сурет пен бейнежазба әлеуметтік желіден алынған