Атырау, 27 сәуір 09:35
 ашықВ Атырау +27
$ 443.35
€ 475.54
₽ 4.82

Құлсарыда тұрғындар көрші мекемеден зиян көріп отыр

Сурет Бейнежазба
849 просмотра

Жылыой ауданы Құлсары қаласы «СМП-615» ықшам ауданының тұрғындары мұнай өнімдерін өңдеп, тасымалдаумен айналысатын "БазисОйл" ЖШС компаниясын көшіру жөнінде талап қойып отыр. 

Олар өздерінің, ұрпақтарының денсаулығына алаңдап отыр, себебі сол компанияның зиянды қалдықтарының иісін жұтуға мәжбүр. «АЖ» тілшісі наразы болған жұртшылықпен арнайы барып кездескен болатын.

Бұл ықшамауданда 1700-ге жуық халық тұрады, соның ішінде бала да бар. Кәсіпорын халық тұратын ықшам ауданмен іргелес қоныс тепкен. 


- Іргеде тұр ғой, көп болса 100-150 метр шамасындай. Бұл мекеме мазут, кеме, дизель отыны, керосин, битум, яғни мұнай өнімдерін өңдеумен айналысады. Одан қалды мұнай тасымалдайды. Тек СМП-615 емес, « СМП-214», 8-ші және 9-шы ауыл, вокзал аумағы тұрғындары зиян шегуде. Дәл көшемізден ауыр мұнай таситын машиналар өтеді, олар жолдың бәрін бүлдіріп болды. Бұл мекемеге осы жерден жұмыс жасауға кім рұқсат берді, алдын-ала халықпен кездесіп, қоғамдық тыңдау өтпей ме? Оған кім қатысты, біз үшін жұмбақ болып тұр, - дейді қоғам белсендісі Дайрабай ЕЛДЕСБАЕВ.

- Дәл кәсіпорын орналасқан мұнай құятын қазанның түбінде тұрамыз. Былтырлары қазанды тазалады ма, телегей теңіз су келді үйдің іргесіне дейін. Сасыған иістен далаға шығып отыра алмаймыз. Терезені ашу мүмкін емес, керосин иісінен басымыз айналады. Мұнай тасыған бүкіл көлік үйдің іргесінен өтеді, шаңдарын бұрқыратып. Бұл ықшам ауданға ешқандай көңіл бөлінбеген. Біз ұрпағымыздың денсаулығына алаңдаулымыз, - дейді Кенжегүл БАЛАБАЕВА, Айнагүл  ҚАЖЫМҰРАТОВА.

Жиналған халық облыс  әкімі Серік ШӘПКЕНОВ, аудан әкімі Жұмабек ҚАРАЖАНОВ, аудан прокуоры Дәурен МЕДЕТБЕКОВТЫҢ атына арыз жазып, қол қойып тапсырған болатын.

- Халыққа зиянын тигізіп отырған мекемені жабылуын талап етеміз. Болмаса, басқа жерге көшірсін. Сонымен бірге тұрғындардың денсаулығына елеулі зиян келтіргені үшін әр адамға 1 млн теңгеден  өтемақы төлеуі тиіс, - дейді жиналғандар. 

Біз сол күні кеште жиналған жұртшылықпен бірге «БазисОил» ЖШС басшылығымен кездескіміз келген болатын. Сырттан күтіп алғандар өздерін толық таныстырмастан бұрын жұмыс уақытында келіңіздер шығарып салды. Ертесіне жұмыс уақытында жұртшылық атынан Д. Елдесбаев болып барғанымызда да ішке кіре алмадық. Күзетші әлдекімдермен ұялы телефон арқылы сөйлесті де:

- Басшылық Атырауға жұмыспен кеткен, біз сіздерді ішке кіргізе алмаймыз. Ұялы телефон нөмірлеріңізді, аты-жөндерңізді жазып кетіңіздер. Олар өзіміз хабараласамыз деді. Босқа күтесіздер.

Бірақ ешкім хабарласпады. Аудандық әкімшілік бұл жайтпен хабардар екенін, тұрғындардан арыз түскенін ғана айтты.    

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Сурет пен бейнежазбаны түсірген автор

17 тамыз 2022, 13:25

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.