АҚШ Конгресінің Сенаты Финляндия мен Швецияның НАТО-ға қосылуы туралы хаттамаларын ратификациялау туралы қарар қабылдады. Хаттама Сенат сайтында жарияланды.
Скандинавияның екі елінің НАТО-ға мүше болуын 95 сенатор қолдады, біреуі қарсы дауыс берді, тағы біреуі қалыс қалды.
18 мамырда Финляндия мен Швеция НАТО-ға кіруге ресми түрде өтініш берген еді. Хельсинки мен Стокгольм НАТО-ның барлық мемлекеттері құжатты ратификациялағаннан кейін ұйымға кіре алады. Мақұлдау туралы хаттар АҚШ Мемлекеттік департаментіне жіберіледі.
Түркия бұл елдер терроризмге қарсы күрес және Анкараның қауіпсіздік саласындағы ұстанымын қолдаған жағдайда ғана өтінімді мақұлдайтынын мәлімдеді.
28 маусымда өткен НАТО саммиті аясында Түркия, Финляндия және Швеция арасында үшжақты меморандумға қол қойылып, екі елдің НАТО-ға кіру процесі ресми түрде басталды.