Атырау, 27 қараша 10:53
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +5
$ 498.55
€ 524.28
₽ 4.75

Бақытгүл Хаменоваға айыптау актісімен танысуға бір апта уақыт берілді

Сурет Бейнежазба
1 991 просмотра

Бүгін, 3 тамызда №2 қалалық сотта Атырау облысы әкімінің орынбасары Бақтыгүл ХАМЕНОВАНЫҢ ісі бойынша алғашқы сот отырысы өтті.

Сот процесі қазақ тіліне аудармашының қатысуымен орыс тілінде өтеді. Сот отырысы таңертеңгі сағат 9:30-ға белгіленді. Алайда қарауыл сотталушы Хаменованы сағат 10-ға жақын әкелді. Отырыс жарты сағаттай уақытқа созылды. Судья Жұмабек ТАШИМОВ қарауылдарға кешігіп келгені үшін ескерту жасады.

Сот отырысына Атырау облыстық прокуратура басқармасының прокуроры, кіші әділет кеңесшісі Лаура АСАНОВА қатысты.

Сот залында адам көп – туыстары мен таныстары, сондай-ақ Хаменованың жақтастары, БАҚ өкілдері болды.

Судья Ташимов процеске қатысушы тараптардан сот қабырғасында аудио-бейнежазба түсіруге қарсылық бар-жоғын сұрады. Барлығы, оның ішінде Хаменованың өзі де «қарсылығым жоқ» деп жауап берді.

Іс бойынша облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ақылбек РЫСҚАЛИЕВ пен «Балқыту» ЖШС директоры Өміртай АДАМОВ та сотталушы ретінде қатысып жатыр. Хаменова мен Рысқалиевтың адвокаттары - Игорь ВРАНЧЕВ пен Нұрлан ЖОЛБОЛОВ, ал Адамовтың адвокаты - нұрсұлтандық Марат АЗМАҒАМБЕТОВ.

Судья Хаменовадан «айыптау актісінің көшірмесін алдыңыз ба?» деп сұрады. Ол «жоқ» деп жауап берді.

– Тергеу изоляторында отырғаныма 8 ай өтсе де, айыптау актісінің көшірмесін алған жоқпын. Әрине, маған тергеушілер де, прокурорлар да келді. Сол күні біздің түрме күзетшілері маған біреу келді деді. Олардың арасында менің адвокатым бар ма деп сұрадым, егер адвокатым болмаса, шықпайтынымды айттым, - деді Хаменова.

Судья Ташимов Қылмыстық іс жүргізу кодексінің нормаларына сәйкес, сотталушыға айыптау актісінің көшірмесі берілгеннен кейін сот отырысын кемінде үш күннен кейін жалғастыруға болатынын айтты. Сондықтан келесі отырыс 11 тамызға белгіленді.

Еске салсақ, 2021 жылдың 22 желтоқсанынан бері Б.Хаменова тергеу изоляторында отыр. Ол 10 желтоқсанда Атырауда 145 миллион теңгеге Абай ескерткішін дайындау және орнату мақсатында мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасу үшін ЖШС басшысынан 4,5 миллион теңге пара алды деген күдікпен ұсталды. Қылмыстық іс ҚР Қылмыстық кодексінің 366-бабының 2-бөлігі («Айтарлықтай мөлшерде пара алу») бойынша тергелуде.

Бұған дейін облыс әкімдігінде хабарланғандай, «2018 жылғы 7 шілдеде Мәдениет және спорт министрлігі жанындағы монументалды өнердің жаңа құрылымдарын орнату жөніндегі комиссия Абай ескерткішін орнату идеясын мақұлдады. 2019 жылдың 22 сәуірінде ашық конкурс жарияланып, сол жылдың 20 қарашасында комиссия мүсінші Асқар Нартовтың жобасын таңдап, екі жылдан кейін қалалық мәдениет бөлімі «Балқыту» ЖШС-мен 145 млн теңгеге келісімшартқа отырды. Биыл 72 млн 499 мың теңге бөлініп, бұл ақша игерілді. Қалғаны 2022 жылдың бюджетінен бөлінеді».

Былтыр желтоқсанда Хаменова тергеу изоляторына бірден отырған жоқ. Жауап алынғаннан кейін оны уақытша ұстау изоляторына қамады. Содан кейін Атырау қаласының тергеу соты оған үйқамаққа алу туралы санкция берді. Бірақ кейін облыс прокуратурасының өтінішімен бұлтартпау шарасы анағұрлым қатаң: тергеу изоляторына қамауда ұстау шарасына өзгерді. Бұл шешімді облыстық сот: «жетекші лауазымды атқарған және осы өңірде ықпалы мен мықты әлеуметтік байланысы бар Бақытгүл Хаменова процеске қатысушыларға қысым жасап, істің объективті тергелуіне кедергі келтіруі мүмкін» деп түсіндірді. Айта кету керек, әлеуметтік желіде көпшілік осынау қатаң бұлтартпау шарасын мақұлдады.

Айнұр САПАРОВА

Суреттер мен бейнежазбаны түсірген автор

3 тамыз 2022, 13:06

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.