Ресейдің экс-президенті Дмитрий Медведевтің "Вконтакте" желісіндегі парақшасында Қазақстанды "жасанды мемлекет" және "орыстың жері" деген пост жарияланды. Біраз уақыттан соң пост аккаунттан жойылды, ал Медведевтің көмекшісі парақша "бұзылды" деді. Медведев парақшасында шыққан пост желіде қызу талқыланып жатыр, деп хабарлайды Азаттық радиосы.
Пост авторы Қазақстан билігін "орыстарға геноцид жасады" деп айыптап, "жерімізді қайтарамыз" деп жазған. Поста "отанымыздың шекарасын қалпына келтіреміз", "Совет одағының ыдырауы қателік, сол қателікті түзейміз" деген сөздер де бар. Жазбада Қазақстаннан бөлек Грузия және постсоветтік бірнеше ел аталады.
Есен Елеукен: Негізі бұл – жалғыз Медведевтің ойы емес. Бұл – бүкіл Ресей элитасының ойы. Өйткені осындай идея арқылы ғана билікті ұстап тұра алады. Балшыққа батқан мемлекетте бұдан басқа ештеңе қалған жоқ. Сол себепті тұтас Питерден бастап Қиыр Шығысқа дейін қайыршы халқының ойын осылай өзгертті. Енді олардың да жегені қара нан, ішкені қара су болса да, ойлағандары – өлген Советті тірілту. Жай ғана сөз емес, іске көшіп жатыр. 2008 жылы Грузиядан бастап, 2014 жылы Украинамен жалғасты. Тоқтамақ емес, тоқтатпаса… Жалпы Ресей билігі пиғылы мен ойын жасырған емес. Ашық айтып жүр, арасында форумдарда тістеп алуға, конференцияларда шұқып қалуға тырысады. Барлығынан шығатын қорытынды бір: Айбалтаңды қайрап отыр қасқыр қазақ!
Сәбит Рысбаев: Бұрында Путиннің ойы Жириновскийдің тілі арқылы шығатын. Енді Путиннің ойы Медведев арқылы шығатын болды-ау...
Махат Садық: Идеология деген сұмдық қару. Байқап-байқап тамыр басу дейді мұны...
Sergey Duvanov: Бүкіл дипломатияны жойып, ойларын ашық айтты. Жасыратын несі бар дегендей осыған дейін айтылуы керек ойларын ашық жариялады. Сендер ешкім емессіңдер, сендерді ештеңе деп атамаймыз, сондықтан барлығыңды империялық қорамызға әкелеміз деді. Кремльдің ойы осы екеніне күмәнданғандар бар ма? Кремльде ғана емес реваншист көңіл-күй ресейліктердің 70 пайызында, постсоветтік елдерде тұратын орыстардың жартысында және Батыста тұрып жатқан орыстардың көбінде бар. Олар Кремльдің империялық амбициясын қолдау – Ресейдегі фашизмді қолдау екенін түсінбейді. Тарих көрсеткендей, бұл жақсылыққа апармайды.
Dosym Satpayev: Постың мазмұны Медведевтің Украинада соғыс басталғаннан бері белсенді түрде айтып жүрген пропагандалық маразміне толық сыйып тұр. Ол түрлі елге қарата айтқан "жер қайтару" жайлы пропагандалық вакханалия мен лозунгтары арқылы арандатушы мәлімдемелер жасап жүрген. Ресейдің экс-президенті, қазір Ресей қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары болып отырған Медведев бұл постынсыз-ақ ақпаннан бері симонян, кеосаян, соловьевтердің қатарына қосылған. Медведев өзін Ресейдің қазіргі сыртқы саясатының нағыз қолдаушысы ретінде көрсетіп, Путиннің ізбасарының тізіміне енуге талпынып жатыр деген пікірмен келісуге болады. Кейінгі уақытта оның билік аппаратындағы салмағы түсіп бара жатқанын ескерсек, ол үшін ізбасар тізіміне ену маңызды. Ал тізімге енуге бәсеке жүріп жатыр. Өткенде Шойгу Совет одағын аңсаған еді. Олардың бұл мәлімдемелері соғыс пропагандасымен уланған, ойдан шығарылған "ішкі" және "сыртқы" жауларға сенетін аудиторияға арналған. Жағдайдың ушығып, жек көрініштің артуын Кремль қоғамның бірігуіне пайдаланып отыр.
Медведевтің аккаунтындағы жазба он минуттай тұрып, кейін жойылды. Бірақ желіде постың скриндері тарап кетті. Ресейлік саясаткерлер, депутаттар бұған дейін де көршілес әрі одақтас елі Қазақстанның территориясына көз алартып, "Қазақстан орыстардың құқығын таптап жатыр" деген сыңайда мәлімдемелер жасаған. Нұр-Сұлтан мен Мәскеу бұл сөздер Кремльдің ресми позициясын білдірмейді деп келген. Ал Медведев – Кремльге бөтен адам емес, елдің экс-президенті, экс-премьері, қазір биліктегі "Единая Россия" партиясының басшысы әрі Қауіпсіздік кеңесі басшының орынбасары.
Syrym Itkulov: Мен Медведевтің "орыстардың келесі келіп, тәртіп орнататын жері" Грузия және Қазақстан деп ашық айтқанынан аса қорыққан жоқпын. Мен Медведевтің парақшасын бұзған деп қорғап отырған отандастарымнан қорқам. Осындай сәтте біздің идеологиялық құндылықтарымыз және мемлекеттік ұстанымымыз үшін қорқынышты. Міне сіздерге Мәңгілік ел мен Рухани жаңғыру. Ал біздің "клавиатура арқылы жер іздеушінің" "Вконтактедегі" постына қарасақ, оның парақшасын бес жыл бұрын бұзған сыңайлы, содан бері қалпына келмеген. Ол соғыс жайлы еркін көсіліп, өзін Кантпен дискуссияға түсе алатын философ сезінеді. Бірақ мұндай сөзді әлдебір кеосаян жазғаны бөлек, ал Ресейдің экс-президенті, қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасарының жазғаны мүлде бөлек екен.
Медведев президент болып тұрғанда өзін либерал ретінде көрсетуге тырысқан еді, бірақ Ресей Украинаға басып кіргенде позициясын өзгертіп, Ресей агрессиясын ашық қолдауға көшті.
Ресми Нұр-Сұлтан Медведев аккаунтында шыққан пост жайлы ешқандай мәлімдеме жасамады. Өздерін биліктегі оппозициямыз деп көрсететін, бірақ билікке етене жақын "Ақ жол" партиясының лидері Азат Перуашев Қазақстан сыртқы істер министрлігінен реакция болмаса ведомстваға ресми қайырылатынын жазды.
Мұхтар Тайжан: Дмитрий Медведевтің "жойылған" постынан таң қалатын ештеңе көріп тұрған жоқпын. Біздің билік бұған лайықты реакция таныта алады дегенге күмәнмен қараймын. Билікте әлсіздер мен қорқақтар жиналған, себебі кейінгі 20 жылда билікке Назарбаев пен оның отбасына, бастығына жағуды ойлайтындар жиналды. Элита ауысып, билікке компрадорлар мен жаңа басшыға ыңғайланатындардың орнына нағыз ұлтшылдар, яғни, бұл сөзді жақсы жағынан айтқанда, патриоттар келуі керек.
Alexandr Nikolaenko: Демек Қазақстан агрессор тізіміндегі келесі ел ғой. Бұған байлаудан босап шыққан Медведев дәлел.
Желіде қазақ тілді оқырмандар қазақтың "көршің орыс болса айбалтаңды сайла" деген мақалын көп жазып жатыр. Медведев аккаунтында шыққан жазбаны әрі көмекшісінің "парақша бұзылған" деген мәлімдемесін әзілге айналдырып жатқандар да бар.
Aiman атты твиттер қолданушысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың еңбек демалысына шыққанын тілге тиек еткен.
Yulia Latynina: Медведевтің бұзылған "Вконтакте" парақшасында бұзылмаған посттан аумайтын жазба шықты.
Aya Shalkar Yahueiu: Ал бәлкім Медведев мафия ішінде ақылға салып ойлайтын жалғыз адам болып шығып, Қазақстан мен Грузияға соғысқа дайындалыңдар деп ескертіп жатқан болар.