Атырау, 5 қазан 12:34
 ашықВ Атырау +15
$ 481.84
€ 531.33
₽ 5.07

«KPI Inc.» ЖШС қызметкерлері арнайы бағдарлама арқылы баспаналы болды

2 941 просмотра

Таяуда Атырауда полипропилен шығаратын жаңа өндіріс орны іске қосылмақ. Аталмыш зауытта еңбек ететін қызметкерлер қазірден-ақ баспанамен қамтылды. 

«ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы» АҚ Басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев пен «Kazakhstan Petrochemical Industries Inc.» ЖШС Басқарма төрағасы Данияр Тиесов кәсіпорын өкілдеріне «Француз орамы» тұрғын үй кешеніндегі жаңа пәтерлердің кілтін салтанатты түрде табыс етті. 

«KPI Inc» ЖШС өндіріске білікті мамандарды тарту аясында дайындаған арнайы тұрғын үй бағдарламасы бойынша Атыраудағы жаңа пәтерлер пайызсыз әрі бастапқы жарнасыз беріліп отыр. Жұмысшыларға ыңғайлы болуы үшін бөліп төлеу жүйесі қарастырылған. 

Салтанатты рәсімде сөз алған Мағзұм Мырзағалиев зауыт қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайын жасау – басым бағыттардың бірі екенін атап өтті.

«Жақын арада елімізде полипропилен шығаратын ірі өндіріс орны өз жұмысын бастайды. Бұл кәсіпорында тәжірибесі мол, іскер мамандардың еңбек етуі маңызды. Өндіріс өкілдеріне қолдау көрсету мақсатында  «Самұрық-Қазына» қоры, «ҚазМұнайГаз» және KPI компаниясы арнайы тұрғын үй бағдарламасын әзірлеген болатын. Жаңа әрі жайлы пәтерлер қызметкерлерге қолайлы болады деген сенім мол», - деді Мағзұм Мырзағалиев.

Жайық өзенінің жағасында бой көтерген заманауи тұрғын үй кешеніндегі бір, екі және үш бөлмелі пәтерлердің іші әрленген әрі таза.

Ал  ауласы толығымен абаттандырылып, балаларға арналған ойын алаңы, баскетбол мен волейбол алаңдары орнатылған. Азқабатты тұрғын үй ауладағы жеке қазандық арқылы жылытылатын болады.

Сонымен қатар, Мағзұм Мырзағалиев Атырау облысына  сапары барысында полипропилен өндіретін «KPI Inc.» ЖШС зауытына барды. Кәсіпорындағы пропиленді полимерлеу, қоймада пропан мен дайын өнімді сақтау (буып-түю және буып-түю торабы) орындарының,  орталық операторлық және әкімшілік-тұрмыстық корпустың жұмысымен танысты.

Бүгінде бұл жобаның 99,40%-ы дайын. Қазіргі уақытта іске қосу-реттеу жұмыстары аяқталуға таяу. Зауыт іске қосылған соң мұнда жылына 500 мың тонна полипропилен шығарылатын болады.

Басқарма төрағасы «Бутадиен» жобасының жүзеге асуы жоспарланған алаңда да болды. Компанияның  Бас директоры Диаз Диянов алдағы уақытқа жоспарланған жұмыстарды атап өтті.

Айта кетейік, 2021 жылдың қараша айында «ҚазМұнайГаз» бен «Татнефть» компаниясы бутадиен каучуктерін өндіру бойынша бірлескен кәсіпорын құрған болатын. Жобаның болжамды құны – 916 млн АҚШ доллары.

Бұған дейін жобаға қатысты геодезия және геология жұмыстары жүргізілді. Енді өндірістік нысандар мен  жалпы зауыттық шаруашылықты жобалау басталды.

Өндіріс орны 2025 жылы іске қосылған соң жылына 66 мың тоннаға дейін бутадиен мен 83 мың тоннаға дейін синтетикалық каучук,  басқа да өнімдер дайындалады.

Бутадиен каучуктерін өндіруге арналған шикізат Қазақстанның Теңіз және Королев кен орындарынан алынады. Ал дайын өнімді Қарағанды облысындағы Шина зауытына, Еуропа мемлекеттеріне, Ресей, Қытай, Түркия және тағы басқа елдерге экспорттау жоспарланып отыр.

Полипропилен өндіретін зауыт және «Бутадиен» жобасы интеграцияланған газ-химия кешенінің (ИГХК) аумағында іске асырылуда.

29 шілде 2022, 15:36

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.