Атырау, 5 қазан 14:18
 ашықВ Атырау +16
$ 481.84
€ 531.33
₽ 5.07

Коронавирус: сандәрігерлер қайтадан маска тағуға кеңес береді

859 просмотра

Инфекционистердің болжамына сәйкес, Қазақстанда коронавирус ауруы 2022 жылдың қыркүйегінде көбейеді. 2020 жылы өңірімізде сырқаттанушылық шілде айының бірінші жартысында үдеп, күніне 250-300 жағдай тіркелсе, 9 шілдеде 658 жағдай тіркелді. Өткен жылы коронавирус ауруы тамыз айында қарқын алған.

Бұл туралы Атырау облысының әкімі Серік ШӘПКЕНОВТІҢ төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде айтылды.

Біздің облыста 365 760 адам екпе алуы тиіс. COVID-19-ға қарсы вакциналардың бірінші компонентімен 272 943 адам (74%), екінші компонентімен 259 447 (70%) адам егілді; 250 601 адам ревакцинациялауға жатады, бұл процедурадан 101 270 адам өтті, яғни 40%. Pfizer препаратын 63 619 адам ектіруі керек, оның ішінде 6 059 жүкті әйел, 12 395 бала емізетін әйел, 12 мен 18 жас аралығындағы 45 165 жасөспірім бар. Pfizer-дің бірінші компонентін 18 374 адам, екінші компонентін 14 804 адам ектірді.

Ал бұл уақытта инфекция қайтадан күшеюде. Атырау облысында соңғы тәулікте коронавирус инфекциясының 68 жағдайы тіркелді, оның басым бөлігі облыс орталығында. 600-ге жуық пациент амбулаторлық ем алып жатыр – соңғы екі аптамен салыстырғанда бұл көрсеткіш 2,3 есеге артқан. Коронавирус инфекциясымен стационарда 66 науқас, жансақтау бөлімінде 2 адам жатыр. Бәлкім, статистика әлдеқайда нашар болар еді, бірақ қазір ПТР сынақтары байланыста болған барлық адам үшін өткен жылдардағыдай бірден жасалмайды. Тек айқын белгілер болған жағдайда ғана немесе ауруханаларға түспес бұрын жасалады. Ауру белгілері жоқ адамдар ешқандай ем қабылдамайды, ауру белгілері бар науқастар хаттама бойынша ем алады.

Дәрігерлер пациенттерді қандай сценарий бойынша белсенді түрде ПТР-ға жібере бастайды деген өңір басшысының сауалына жауап берген Атырау облысының бас санитар дәрігері Мәдениет ТАНАУОВ ережеге сәйкес, бұл эпидемиологиялық жағдай нашарлаған кезде жасалуы керектігін айтты.

- Ауру жұқтырудың негізгі ошағы – қоғамдық көлік, базарлар және басқа да қоғамдық орындар. Осыған байланысты медициналық маска тағып, басқа да қорғаныс құралдарын қолдануды ұсынамыз, — деді М.Танауов.

Жедел жәрдем шақыру саны артқан жағдайда облыстық денсаулық сақтау басқармасы 3 сценарий ұсынады. Олардың әрқайсысы резервтік бригада қосуды көздейді. Қазіргі таңда Атырау облысында 54 жедел жәрдем бригадасы жұмыс істейді және 5 резервтік бригада қарастырылған. Бұдан басқа өңірде 329 мобильді бригада және резервте 50 бригада бар.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

27 шілде 2022, 15:18

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.