Атырау, 15 мамыр 05:00
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +15
$ 440.90
€ 475.95
₽ 4.82

Астраханьдағы тауарлар бағасы қандай

Сурет
969 просмотра

Қала тұрғындары Атырауда бағаның күн сайын шарықтап жатқанын екі ортадағы алып-сатарлардың әрекетімен байланыстырады. Азық-түлік пен тұрмыстық заттарды Ресейден арзанға әкеліп, екі есе қымбатқа сатуда дегенді бірнеше танысымнан естігенмін. Жақында Ресейдің көршілес Астрахань облысына жолым түсіп, ол жақтағы күнелтісті Атыраумен салыстыруды жөн көрдім.

Астраханьға жету үшін екі арадағы халықаралық жолдың жағдайы айтпаса да түсінікті. Екі араға такси арқылы қатынау кісі басына 15 000 теңге. 

Біз теңгемізді Ресей рубліне шекара бекетінде айырбастадық. Ол жерде де курс қаладағы айырбастау пункттеріндегідей, 1 рубль 8 теңгеге сатылады. Астрахань дүкендерін аралап жүріп, мұнда тауар арзан дегенге келіспедім.

Шағын маркеттегі бағаларды мысал ретінде келтірейін: «Магнит» дүкендер желісінде нан - 35 рубль, сүт - 74 рубль, қант 67,99 рубль тұрады. Бізден айырмашылығы дүкендерде қант тапшылығы жоқ және қанша мөлшерде сатып алсаң да шектеу қойылмайды.

Көкөністерге келсек, картоп - 27,99 рубль, жуа - 34,99 рубль, қырыққабат 22,99 рубль, сәбіз - 46,99 рубль.

Жуғыш заттарға келсек, тіс пастасы «Colgate» («Тройное действие»)  - 159,99 рубль, «Persil Color» 3 кг кір жуатын ұнтақ - 529,99 рубль, «Head&Shoulders 2 в 1» сусабыны, 600 мл - 469 рубль. 

Бұл тауарлардың бағасын 8 есеге көбейткенде, Атыраудағыдан арзанға шықпайды. Рубльді мамыр айына дейін сатып алғандарға ғана тиімді.

Бағаларда, жоғарыда атап өткенімдей, айтарлықтай айырмашылық жоқ, бірақ басқа айырмашылықтар көп.

Біріншіден, Астраханьда қала ішілік маршрутта «Газельдер» жүреді. Жол ақысы орталыққа 30 рубль, қала сыртына 25 рубль. Қоғамдық көліктер жол ақысын біздегідей электронды емес, жүргізушіге қолма-қол береді. Ал жүргізушілер біздердегідей аялдамаларға ұзақ тоқтап, жолаушылардың уақытын алмайды. Айтпақшы, ол жақта аялдамалар темірден жасалған әрі ескі.

- Көп жылдан қала ішіне «Газель» көлігімен жолаушы тасымалдаймын. Күніне белгіленген жоспарды орындасам болғаны, қалған ақша өзіме қалады. Бұл жақта көпшілігінің орташа жалақысы 20 000 рубль шамасында, - дейді жүргізуші.

Екіншіден, ауа таза және жасыл-желекке толы саябақ көп. Айтпақшы, саябақты біздегідей шланг сүйреп жүріп суармайды, бақтарда арнайы суару жүйесі орнатылған.

Астраханьда Атыраудағы Жайық өзені секілді Еділ өзені қала ішімен ағып жатыр. Кешкісін тұрғындар кең жағалауда серуендейді. Жағалаумен жарты сағат жүрсең ондаған ұлт өкілдерін кездестіруге болады. Бізге ұқсастығы осы.

Ал жағалаудың біздікінен айырмашылығы – дәретханалар санында. Біздің мұнайлы астанада бүкіл жағалауда бір дәретхана орнатылса, ол да жабық тұрса, Астраханьда бір жүріп өткенде ашық тұрған тегін үш дәретхананы кездестірдім.

Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ

Суретті түсірген автор

1 тамыз 2022, 15:30

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.