Атырау, 15 мамыр 02:10
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +15
$ 440.90
€ 475.95
₽ 4.82

Африкалық жігіт Ресейде қазақ тойларының жұлдызына айналған

Сурет Бейнежазба
1 094 просмотра

Қазақстанды көрмесе де қазақ тілін үйренуге құштар Оливье Япо Аллу Франк есімді африкалық жігітпен жақында Астрахань қаласына сапар кезінде таныстым. Ол қазақ тіліне қызығушылығының арқасында бірнеше қазақ өлеңін жаттап алған, енді ол Ресейдегі тойларда ән айтуға шақырту алып жүр.

Оливье 13 жыл бұрын Батыс Африканың Кот-д'Ивуар қаласынан Ресейдің Астрахань қаласына студент болып оқуға келген. Астрахань мемлекеттік техникалық университетін аяқтаған соң ресейлік Гүлназ есімді татар қызымен отау құрып, осында тұрақтап қалған. Екеуі үш бала тәрбиелеп отыр. Қазір орыс, ағылшын, француз, татар, испан, тайвань және қазақ тілдерін түсінеді. Өзі барып көрмеген көп елдің тілін үйреніп жүр. Африкалық жігіт әсіресе қазақ тілін үйренуге деген құштарлығының жоғары екенін жеткізді.

- Қазақ тілін меңгеру үшін Астраханьдағы оқу курстарына қатыстым. Өте қиын болды, дегенмен ең бастысы адамда ынта болса үйренуге болатынын түсіндім. Маған қазақ әндері ұнайды. Әндерді жаттап қана қоймай, әр әннің мағынасын білуге тырысамын. Өйткені қандай әнді шырқап тұрғаным мен үшін маңызды, - дейді сұхбаттасушым.

Оливье Астрахань мемлекеттік техникалық университетінің халықаралық қатынастар бөлімінде қызмет етеді. Қазір бос уақытында домбыра курсына қатысып, үйреніп жүр.

- Қасымдағы достарыммен бірге түрлі шараларда ән айтып, өнер көрсетемін. Әсіресе, қазақ тойларында ән айтуға көп шақырту аламын. Ол жерде тек қана қазақша әндерді орындаймын. Тойшы қауым әсіресе Абай Бегейдің «Аспанға қараймын» әнін сүйіп тыңдайды,- дейді Оливье. Ол Қазақстанды көргісі келетінін, шақырту келіп жатса, бас тартпайтынын да жеткізді.

Айта кетейік,бүгінде Астрахань қаласының өзінде 200-ге жуық ұлт пен 19 конфессиядан тұратын жарты миллионнан астам халық тұрады. Қала көшелерінен татарлар, қазақтар, украиндар, әзірбайжандар, армяндар және басқа да көптеген ұлт өкілдерін жиі кездестіруге болады.

Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ

Сурет пен бейнежазбаны түсірген автор

1 тамыз 2022, 14:50

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.