Атырау, 5 қазан 14:16
 ашықВ Атырау +16
$ 481.84
€ 531.33
₽ 5.07

Жолшыларды мұқият қадағалау керек

1 026 просмотра

Жыл басынан бері Атырау облысындағы жергілікті маңызға ие жолдардан 21 кемшілік анықталған. Оның біреуі - өрескел. Бұл туралы «Жол активтері сапасы ұлттық орталығы» РМК Атырау облыстық филиалының инженері Нұрлан ЖАНТУРИН айтты.

Маманның мәліметінше, филиал өкілдері қаңтар мен маусымның соңына дейін жоспар бойынша жергілікті маңыздағы жолдарға түгел сараптама жүргізген.

- Инженерлер 50 рет тексеріске шығып, 21 кемшілік анықтады. Әзірге ақаудың ешқайсысы жойылған жоқ. Өрескел кемшілік Атырау қаласы Балықшы ықшамауданынан Зарослый елді мекеніне дейінгі аралықтағы қайта жаңғыртылып жатқан 5,7 шақырым жолда анықталды. Тексеріс барысында аталған жолдан асфальт-бетон жабындысының төменгі қабатының бұзылуы және шөгуі байқалды, оның үстіне біркелкі бірікпеген. Ал, анықталған кемшіліктердің басым бөлігі  - нормативті-техникалық құжаттардың болмауы және  құрылыс нысандарында техникалық қадағалаушының жоқтығы, - дейді Н.Жантурин.

Мәселен, Исатай ауданы Аққыстау селосында салынып жатқан 16,3 шақырым елді мекен ішілік, Х. Ерғалиев ауылында күрделі жөндеу жүріп жатқан 8,6 шақырым ауыл ішілік жол мен жаяу жүргіншілер жолын және Құрманғазы ауданындағы 0-36 шақырым "7 разъезд - Асан - Азғыр - Балқұдық - Сүйіндік" жолы, Қызылқоға ауданы Сағыз селосы 6,8 шақырым ауыл ішілік жолының құрылысын тексеру кезінде техникалық қадағалаушының жоқ екені анықталды. Ал, Аққыстаудағы 16,3 шақырымдық  және Махамбет ауданы Сарытоғай ауылындағы 10,9 шақырым жолдың нормативті-техникалық құжаты болмады.

- Мердігер мекеме өкілдері техникалық қадағалаушының  жоқтығын кейбір нысандарда әлі жол құрылысы жұмыстарының қарқынды жүрмеуімен байланыстырады. Дегенмен, мемлекеттік сәулет және қала құрылысын бақылау басқармасына хат жолданды, - дейді Н.Жантурин.

Дайындаған Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Суретті «Жол активтері сапасы ұлттық орталығы» РМК АОФ баспасөз қызметі ұсынды

25 шілде 2022, 12:10

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.