Атырау, 5 қазан 16:16
 ашықВ Атырау +16
$ 481.84
€ 531.33
₽ 5.07

Қазақстанның болашағы - осылар!

1 353 просмотра

Атыраулық оқушылар халықаралық пәндік олимпиадаларда алқа иегерлері атанды.

Арасында жерлесіміз Ризабек АЛПАМЫС бар Қазақстан ұлттық құрамасына қатысушылар Халықаралық физика олимпиадасында (IPhO) бір алтын және төрт күміс алқа жеңіп алды. Швейцария ұйымдастырған интеллектуалдық сайыс қашықтан 10-17 шілде аралығында өтті. Оған әлемнің 75 елінен 368 оқушы қатысып, екі турда өз білімдері мен дағдыларын көрсетуі тиіс болды. Біріншісі физиканың кемінде төрт бөлімі қамтылатын теориялық есептерді шешуге арналды, екінші турда оқушылар зертханалық жұмыстарды орындады.

Қазақстанның ұлттық құрамасында бес оқушы болды, атыраулық «Білім-Инновация» лицей-интернатының оқушысы Ризабек Алпамыс күміс алқа жеңіп алды. Ол әлденеше рет халықаралық жарыстардың жеңімпазы болды, Ризабек - екі дүркін IPhO күміс жүлдегері.

«Білім-Инновация» лицей-интернатының тағы бір оқушысы Әділет ЗАУЫТХАН Норвегияның астанасы Ослода өткен IMO-2022 халықаралық математика олимпиадасының қола жүлдегері атанды. Оған 104 елден 589 оқушы қатысты.

Әділеттің де еншісінде жетістік аз емес. Биыл ол жаратылыстану пәндері бойынша өткен республикалық олимпиадада математикадан алтын алқа, халықаралық Тынық мұхиты олимпиадасының, «Жібек жолы» халықаралық олимпиадасының және математикадан Балқан халықаралық олимпиадасының күміс жүлдегері атанды.

Еске сала кетейік, бұған дейін ҚР Білім және ғылым министрі Асхат АЙМАҒАМБЕТОВ өзінің Facebook парақшасында биылдан бастап халықаралық пәндік олимпиада жеңімпаздарына біржолғы ақшалай сыйақы төленетінін айтқан болатын.

– Алтын алқа алған оқушыға 1500 АЕК, күміс алқаға 1000 АЕК, қола алқаға 500 АЕК көлемінде сыйақы тағайындалады. Оларды сайысқа дайындаған ұстаздар да бір реттік сыйақы алады. Бұдан басқа, халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне қазақстандық жоғары оқу орындарында оқуға гранттар бөлінеді, - деді министр.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

ӨҚК жолдаған суреттер

20 шілде 2022, 18:41

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.