Атырау, 22 желтоқсан 22:19
 бұлттыВ Атырау -2
$ 523.86
€ 544.34
₽ 5.11

Атырауда 17 автобустың бағыты өзгереді

Сурет
1 408 просмотра

Атырау қаласы мен қала аумағына қатынайтын 30 маршруттың 17-сінің бағыты өзгереді. Сонымен қатар, №30 маршрут алынып тасталып, жаңадан маршруттар пайда болады. Бұл қаланың өсуіне байланысты және автобустардың жүру ұзақтығын қысқарту мақсатында қолға алынып отыр. Бұл туралы Нұрмұхан Жантөрин атындағы филармонияда өткен жиында «Smart Atyrau» КМК директоры Аслан АРОНОВ мәлім етті.

- Атырауда қаланың төрт шетінде маршруттардың шоғырланатын Дина базары, Аламан базары, Авангард, Балықшы секілді үлкен аялдамалар бар. Ендігі мақсат -қаладан шалғайда жатқан ауылдық округ тұрғындарын алдымен қала шетіндегі осы аялдамаларға дейін жеткізіп, осы 4 үлкен аялдамадан ішкі маршруттар арқылы қалаға қатынауын ұйымдастыру. Қала шетіндегілердің бір жерге жиналып қала ішіне жетуге мүмкіндік жасау. Әзірге осы ұсынысты халықтың талқысына салып, пікірлерін қабылдағымыз келеді, - деп атап өтті Аслан Аронов.

Қала аумағындағы округтер бойынша №59, 58, 58а, 56, 57, 50, 53, 65, 52 маршруттарында өзгерістер енгізу жоспарланып отыр.  

№59 маршрут қазіргі кезде Ақсай елді мекенінен бастап Көктем, Томарлы, Геолог арқылы Вокзалға дейін қатынаса, өзгерістен кейін Томарлы ауылынан бастап Геолог арқылы Вокзалға дейін қатынау жоспарланып отыр. Себебі Ақсайдан шыққан автобус Көктемге кіріп, Томарлы ауылына келгенше лық толып, Томарлы, Геолог елді мекеніндегі жолаушылар сыймай, қалып қойып жатыр.  

№56 маршрут бойынша Алға ауылынан шығып Бесікті ауылына кіріп Дина базарына дейін қатынайтын болады.  №53 маршрут Талғайран ауылынан шығып Ақжар, Ақжар-2, Ақсай-2 елді мекендерін қамтып, «Дина» базарына дейін жүргізу жоспарлануда.  №58А маршруты Ақсай ауылынан шығып, «Көктем» және «Мирас» мөлтек аудандарымен өтіп, «Дина» базарына дейін жүргізу қарастырылып отыр.  №58 маршрут Жұлдыз-3, Жұлдыз-2, Жұлдыз мөлтек аудандарынан «Дина» базарына дейін жүретін болады.  №57 маршрут Қызыл балық ауылынан шығып, Жаңаталап, Зарослый ауылдарын қамтып, Балықшыға дейін қатынайтын болады.  №50 маршрут Дамба ауылынан тікелей Балықшыға дейін жүреді. №52 маршрут Еркінқала, Еркінқала-2 ауылдарынан Авангард мөлтек ауданына дейін қатынайтын болады. Қазіргідей Жұмыскер-2 ауылын араламайды. №65 маршрут Балықшы мөлтек ауданынан шығып Тасқала, Тасқала-2, Тасқала-3 ауылдарын қамтиды деп жоспарланып отыр. 

Қала іші бойынша №11, 21, 22, 4, 30а, 51 маршруттарында өзгерістер жоспары:  №11 маршруттың ұзындығы қысқартылып, Дина базарынан бастап Баймұханов көшесімен Мендіқұлов көпірі арқылы Атырау мөлтек ауданына кіріп, Молдағұлова, Досмұхамедов, Құрманғазы көшелері арқылы Авангард соңғы аялдамасына барып, Владимирский көшесімен Спутников, Гумаров, №20 көшелері арқылы Рембаза ықшам ауданын қамтып, Жастар, №10, Бекмағамбетов көшелерімен Жұмыскер-1 ықшамауданына дейін баратын болады.  Қазіргі таңда №21 маршруттың соңғы аялдамасы Самал ықшамауданы, №1 көшесінде орналасқан.  

Самал ықшамауданы тұрғындарының сұрауы бойынша №21 маршруттың бағыт-бағдарын ұзартып, №1 көше арқылы №20, №11 көшелерімен жүргізіп, Бейбарыс даңғылымен Атырау әуежайына дейін әкеліп, осы жерді соңғы аялдама ретінде белгілеу жоспарланып отыр. №22 маршрутты «Дина» базарынан бастап Бейбарыс даңғылы арқылы Самал, Нурсая ықшам аудандарын қамтып, Абылхайырхан даңғылымен әуежайға дейін жүргізу жоспарланып отыр.  №4 маршруттың соңғы аялдамасын Нұрсая ықшамауданынан әуежайға ауыстыру қаралып жатыр.  №30А маршруты әуежайдан бастап Әбілқайырхан даңғылымен New City тұрғын үй кешені арқылы Құрманғазы, Жастар, Сатыбалдиев, А.Құнанбаев, Қожақаев көшелерімен Балықшы соңғы аялдамасына дейін жүргізу жоспарда.  №51 маршруттың бағыт-бағдарын қысқартып, Көкарнадан бастап «Дина» базарына дейін жүретін болады.

- Сонымен қатар №64 жаңа маршрут ашу жоспарланып отыр, ол Авангард мөлтекауданының соңғы аялдамасынан бастап Өркен, Өркен-2, Балауса ықшамаудандарын қамтитын болады. Сондай-ақ, №30 маршрутты алып тастау бойынша ұсыныс енгізіледі, аталған маршрут №1 маршрутты 70 %-ға, №12 маршрутты 60 пайызға және №14, 15 маршруттарды қайталайды, - деп атап өтті Аслан Аронов.

Жиында Кеңөзек тұрғындары атынан ұсыныс білдірген ауыл тұрғыны округтен қалаға дейін екі маршрутпен қатынау ауыл тұрғындарының қалтасына қиын соғатынын жеткізді.

- Біздің округте тіршілігі базармен байланысты қандастар тұрады. Олардың күнкөрісі «Дина» базарымен байланысты. Қазірге дейін базарға бір маршрутпен тікелей қатынап келді. Енді қалаға дейін және қала ішіне екі маршрутқа отырсақ, бұл күн сайын автобуспен жүретін біздің қалтамызға соғады, - деді тұрғын.

Сұраққа Атырау қаласының әкімі Мейірім ҚАЛАУИ жауап берді.

- Тасқаладан шыққан маршрут қалаға барып-келуге бірнеше сағат жоғалтады. Біріншіден, автобустар аялдамаларға келіп болмай, интервал жоғалтады. Екіншіден, автобустардың техникалық жағдайын нашарлатады. Автобустарды да күтіп ұстау үшін осындай шешімге келдік. Алайда ұсыныстарды да ескереміз, - деді қала әкімі.

Жиын барысында тұрғындар кейбір автобустардың кешкі сағат 19:00-ден кейін тоқтап қалатынын немесе түсетін жолаушы болмаса кейбір көшелерге кірмей кететінін, жүргізушілердің дөрекілік көрсететін мәселелері бар екенін де «Смарт Атырау» басшылығына шағым етіп жеткізді.

Ал маршруттардың бағытына қатысты ұсыныстар әкімдіктің сайтында, әлеуметтік желідегі парақшаларында қабылданады. Алайда ұсыныс бір адамның емес, тұрғындардың ортақ келісімі болу керек.

Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ

Суреттерді түсірген автор 

19 шілде 2022, 13:03

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.