Атырау, 5 қазан 18:17
 ашықВ Атырау +12
$ 481.84
€ 531.33
₽ 5.07

Бұл «сатып алу-сату» емес: Атырауда үздік тауар өндірушілер таңдалды

1 235 просмотра

Атырау облысы әкімдігінің қолдауымен Кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырған «Қазақстанның үздік тауары» республикалық байқау-көрмесінің өңірлік турына 50-ден астам бизнес субъектілері қатысты.

– Бүгінде кәсіпкерлердің өз өнімін өндіруге ден қойып, «сатып алу-сату» қағидасы бойынша жұмыс жасаудан бас тартуы өте маңызды. Бизнесті қолдау мен дамытудың нақты тетіктері бар, оларды пайдалану керек. «Қазақстанның үздік тауары» байқау-көрмесі тауар өндірушілерді қолдау алаңдарының бірі, ол кәсіпкерлерге өз өнімдерін танытып, оның артықшылықтары мен бәсекеге қабілетті екенін көрсетуге арналған, – деп атап өтті Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрлан СҮЙІНБАЕВ.

Қолданбалы өнер шебері Нұрлыбек Бисембаев «Қазақстанның үздік тауары» байқауына бірінші рет қатысып отырған жоқ. Бұған дейін оның өнімдері жеңімпаз мүсіншемен марапатталған. Кәсіпкердің айтуынша, ол үшін жеңіс емес, өз өнімін көп тұтынушыға таныстыру, әріптестерімен тәжірибе алмасу мүмкіндігі маңызды. Бүгінде 8 қолданбалы өнер шебері жұмыс істейтін оның цехында ай сайын 100-ге дейін домбыра шығарылады. Еліміздің көрші облыстарынан ғана емес, Ресейден де тапсырыс түседі.

Ал жеке кәсіпкер Гүлжазира Аймурзиева байқауға алғаш рет қатысып отыр. Бір жарым жыл бұрын ол күнделікті киім тігу ісін бастады; кейін нарық сұранысын ескере отырып, арнайы маман киімдерін шығара бастады. Былтыр сөмкелер мен рюкзактар тігу идеясымен мемлекеттік грантқа құжат тапсырған.

– Сол жолы 3 миллион теңге грант ұтып алып, осы қаражатқа рюкзактар мен сөмкелер шығаруды қолға алдым. Жыл басында мұнай компаниялары үшін 9 мың рюкзак дайындауға үлкен тапсырыс алдық. Соңғы айлар бойы осымен жұмыс істеп, жобаны сәтті аяқтадық. Енді өз дүкенімді ашуды жоспарлап отырмын, – дейді Гүлжазира Аймурзаева.

Байқау-көрмеге қолданбалы өнер туындылары, тігін бұйымдарынан бөлек азық-түлік өнімдері, құрылыс материалдары, өндіріс құрал-жабдықтары, тұрмыстық химия өнімдері қойылды.

«Өндірістік мақсаттағы үздік өнім» номинациясында желдету жүйелеріне арналған ауа өткізгіштер шығаруға маманданған «AРТС» ЖШС, маман киімдерін шығаратын «Буркит Сейфти» ЖШС және резеңке бұйымдарын шығаратын «New Eco City» ЖШС жеңімпаз атанды.

AРТС ЖШС директоры Адам АЛИШАЕВТЫҢ айтуынша, компания Қазақстанда 2000 жылдан бері жұмыс істеп келеді.

– Осы жылдар ішінде біз шағын климаттық компаниядан өз өңірімізде, тіпті елімізде сала көшбасшысына айналдық. Негізгі қызмет саласы мұнай-газ секторы, мұнда компанияларға ең жоғары талап қойылады. Біздің компания 2017 жылдан бастап желдету өнімдерін шығарумен айналысады, біз тік бұрышты ауа құбырларын шығарудан бастадық, ал 2020 жылы дөңгелек ауа құбырларын шығаратын өндірістік желіні сатып алдық. Жабдықты біздің техникалық директорымыз В.М.Кузнецов тікелей зауыттан таңдады, кейін зауыт өкілдері біздің қызметкерлерді осы станоктарда жұмыс істеуге үйретті. Біздің компания жыл сайын жұмыс орындарын көбейтіп, қазақстандық өндірушілерден шикізат сатып алып, өңірді сапалы әрі қолжетімді өніммен қамтамасыз етуге тырысуда.

«Халыққа арналған үздік тауар» номинациясында жеке кәсіпкер «Калиева Э.К.» («ElZA&ART» сән үйі), «Өнерпаз» ЖШС (төсек-орын және трикотаж бұйымдарын тігу) және «Global textile Manutaktuting» компаниясы (ерлер, әйелдер киімдері мен маман киімдері өндірісі) жеңімпаз атанды.

Ал «Үздік азық-түлік тауарлары» номинациясында «Дәмді» жеке кәсіпкерінің жартылай фабрикаттары, «Асыл Агро» шаруа қожалығының ет өнімдері мен консервілері, сондай-ақ «Кулгазиева А.А.» жеке кәсіпкерінің «Мако» сауда маркасының шұжық өнімдері мен бұқтырылған ет өнімдері жеңімпаз атанды.

Өңірлік турдың жеңімпаздары Атырау облысы атынан республикалық деңгейге қатысады. Диплом иегерлері төрт жыл бойына конкурс эмблемасын жарнамалық мақсатта пайдалану, яғни өз өнімдерін нарықта ілгерілету құқығына ие болады.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

18 шілде 2022, 16:32

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.