Атырау, 5 қазан 18:16
 ашықВ Атырау +12
$ 481.84
€ 531.33
₽ 5.07

Қант алыпсатарларын құрықтау керек

1 198 просмотра

Шілденің аяғына дейін Атырау облысына қосымша Қазақстанда шығарылған 680 тонна қантты жеткізу жоспарлануда.

– Келіссөздер нәтижесінде «Көксу қант зауыты» ЖШС және «Азық-түлік корпорациясы» ҰК» АҚ-мен келісім жасалды. Мамыр-маусым айларында олардан 1200 тоннадан астам сатып алдық. Қазір қорлар азайып, тағы 680 тоннаны сатып алуға келісімшарттар жасау жұмыстары жүргізілуде. Қазір супермаркеттерде қант 495-527 теңге аралығында сатылуда, – дейді облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының бөлім басшысы Нұрдәулет ЖҰМАСЕЙІТОВ.

Кәсіпкерлердің қант пен басқа да әлеуметтік маңызы бар тауарлардың көтерме бағасына 15 пайыздан артық қосуға құқығы жоқ. Әйтпесе, олар жазаланады – ҚР ӘҚБтК-нің 204-бабына 4-тармағына сәйкес, бірінші рет ескерту жасалып, қайталап бұзған жағдайда 30 000 теңгеден 900 000 теңгеге дейін айыппұл салынады.

Сатып алушылар қала немесе аудан әкімдігіне бағаны асыра көтеру фактісін растайтын чекпен тиісті шағым бере алады. Н.Жұмасейітовтың айтуынша, бүгінде бағаны негізсіз көтерген кәсіпкерлердің үстінен алты арыз түскен. Бір кәсіпкерлік субъектісіне қатысты тексеру жүргізіліп, қалған бесеуі бойынша тексеруге қаулы дайындалуда. Сонымен қатар, әкімдік өкілдері тұрғындардан шағым түскен жағдайда ғана тексеріс жүргізіп, тиісті шара қабылдауға болатынын атап өтті.

Іс жүзінде, әрине, мұндай фактілер анағұрлым көп. Мәселен, үй жанындағы дүкендер мен Атырау қаласының базарларында қант рұқсат етілген 15 пайыздан әлдеқайда жоғары, 700-800 теңгеден сатылуда. Мүмкін, сатып алушылардың мұндай ыстықта алыпсатарлармен күресуге шамасы жетпейтін шығар.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

14 шілде 2022, 17:44

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.