Атырау, 5 қазан 18:14
 ашықВ Атырау +12
$ 481.84
€ 531.33
₽ 5.07

Атырау облысы білім гранттары бойынша көш бастап тұр

1 157 просмотра

Биыл Атырау облысындағы колледждер 4116 грант алды – жергілікті бюджеттен 3050, республикалық бюджеттен 1066. Орта техникалық оқу орындарына құжаттар 25 маусым мен 20 тамыз аралығында қабылданады. Бұл туралы онлайн брифинг барысында облыстық білім беру басқармасы басшысының м.а. Айнагүл ДҮЙСЕКЕНОВА хабарлады.

Конкурс барысында талапкердің орташа балы мен тестілеу нәтижелері шешуші рөл атқарады, бұл ретте жетім балаларға, мүгедек балаларға, мүгедек ата-анасы немесе мүгедек балалар тәрбиеленетін отбасылардың өкілдеріне, толық емес, көп балалы отбасыларға артықшылық беріледі.

– Атырау облысында 24 колледж бар – 17 мемлекеттік және 7 жекеменшік. 7 жеке колледждің 3-уі аккредитациядан өтті және оқыту бойынша мемлекеттік тапсырысты игеруге қатысады. Өңірімізге қажетті мамандықтарға гранттар бөлінеді. Биыл бұлар - өндірістік, педагогика және медицина мамандықтары, – деді А.Дүйсекенова. Оның айтуынша, Атырауда колледждерді бітіргеннен кейін жұмысқа жақсы орналасып жатыр, түлектердің 97 пайызы жұмыс табады.

– Жыл сайын біздің колледжге 200 грант бөлінеді. Көктемде біз барлық емдеу мекемелеріне қажетті орта медицина персоналына сұраныс жібереміз. Биыл 275 адам сұрады, соған байланысты бізге грант санын көбейтті. Олар келесідей бөлінеді: емдеу ісі (фельдшер біліктілігі), мейірбике ісі (медбике) – 150, оның ішінде орыс тілді топтарға – 25, акушерлік іс – 25, фармация – 25, зертханалық диагностика – 25. Бізге қазірдің өзінде талапкерлерден 600 өтініш түсті, – деді Атырау жоғары медициналық колледжінің директоры Лаура ҚҰБАЕВА.

Жоғары оқу орындарына келетін болсақ, конкурсқа қатысу үшін құжаттар 13-20 шілде аралығында қабылданады. Атыраудағы базалық жоғары оқу орны – Х.Досмұхамедов атындағы АМУ, барлық сұрақты университеттің қабылдау комиссиясына қоюға болады. Еске салсақ, биыл облысымызға мемлекеттік гранттан бөлек 4 мың мақсатты грант бөлінген; оның 3200-і техникалық, 800-і педагогикалық мамандықтарға бағытталған. Мемлекеттік және мақсаттық гранттарды бөлу конкурсы өткеннен кейін облыс әкімінің гранттарына конкурс болатын уақыт келеді. Олар негізінен медицина, ауыл шаруашылығы және дінтану мамандықтарына бағытталған.

– Басқа өңірлерде әкімдіктің грантымен оқитын студенттер шәкіртақы алады. Біздің студенттерге шәкіртақы төленбейді. Мұның себебі неде және грант иегерлеріне шәкіртақы төлеу жоспарда бар ма? – деген сауал тікелей эфир кезінде қойылды.

– Біз мүмкіндігінше гранттарды көп бөліп, барлық қаражатты аз қамтылған және мұқтаж отбасылардан шыққан дарынды балалардың лайықты білім алуына бағыттауға тырысамыз. Бірде-бір облыс біздегідей жыл сайын көп грант бөлмейді. Қазір жергілікті бюджет есебінен Атырау облысынан 815 студент білім алуда. Біз мұны дұрыс тәсіл деп ойлаймыз. Бірақ шәкіртақы төлеу бойынша өтініштер түскендіктен, біз өз тарапымыздан бұл ұсынысты енгіземіз, - деп жауап берді А.Дүйсекенова.

Зульфия ИСКАЛИЕВА 

14 шілде 2022, 16:52

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.