Атырау, 17 мамыр 16:34
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +15
$ 441.58
€ 480.00
₽ 4.86

Бизнес үшін гранттар қалай бөлінетіні түсіндірілді

928 просмотра

Облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Нұрбол ЖАНАБЕКОВ кәсіпкерлер үшін мемлекеттік грантты бөлу тәртібін түсіндірді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлайды. Жиынға жергілікті  кәсіпкерлер, қоғамдық бірлестіктердің өкілдері мен журналистер қатысты.

Бұған дейін әлеуметтік желіде көптеген атыраулық кәсіпкердің гранттардың қандай талап бойынша бөлінетінін түсінбейтіні жөнінде ақпарат тараған болатын. 

Солардың бірі - ІІ топ мүгедегі Мейрамбек БАУЫРЖАНҰЛЫ. 10 жылдан бері  халыққа қызмет көрсету орталығында менеджер қызметін атқарып келеді. Ол өзінің "Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған мобильді сервис қызметі" жобасын 5,5 млн теңгеге бағалаған.  

- Мен жобамды конкурс талаптарына сәйкес ұсындым. Шартта көрсетілгендей инновациялық, әлеуметтік бағытты қамтиды. Мұндай адамдармен жұмыс жасау тәжірибем де бар. Неліктен грант ұтпағанымды түсінбеймін. Соның себебін білгім келеді, - дейді М. Бауыржанұлы.

⁃ 2021 жылмен салыстырғанда осы жылы өтінім берушілер саны 3 есе өсті. 392 жоба ұсынылып, 37 адамның жобасы мақұлданды. Барлық ұсынысты қанағаттандыру үшін шамамен 2 млрд теңге қажет. Ал өңір бойынша биыл 106 млн теңге қаржы бөлінді. Біз оны игеру үшін Үкімет қаулысымен бекітілген арнайы ережеге сүйенеміз. Яғни, 27 млн жастарға, 15,8 млн қоғамның әлсіз топ өкілдеріне, 63,2 млн қалған жобаға бөлінуі шарт. Осы жылы грант беру тек “Qoldau.kz”  порталы арқылы толық автоматтандырылған жүйеде өткізілді. Жобалар комиссиямен Ережеде бекітілген талапқа сәйкес бағаланды, - Н.Жанабеков.

Дамбы ауылының тұрғыны Света ӨТЕҒАЛИЕВА бес жылдан бері киім тігу ісімен айналысып келеді. Қарамағында еңбек ететін төрт тігіншінің үшеуі көп балалы. Биыл оның бизнес жоспары 2,4 млн теңге ұтып алған. 

- Маған тігін цехымды кеңейту жобасын іске асыру үшін 2,4 млн тг қажет. Оны комиссия мақұлдады. Мұнда "грантты беру барысында ашықтық жоқ" деген пікірге келіспеймін, - дейді С.Өтеғалиева.

Мамандар жобасы өтпей қалған кәсіпкерлерге келесі жылы қайта тапсыруға болатынын атап өтті. Олар бизнес жобаларды жүзеге асыру үшін басқа да республикалық және жергілікті бағдарламалар бар екенін айтты. Сонымен қатар, жиында айтылған арыз-шағымдар назарға алынып, ол жобаларды басқа бағдарламалар аясында жүзеге асыруға көмектесу үшін тиісті жұмыстар жүргізіледі.

Дайындаған Айнұр САПАРОВА

13 шілде 2022, 12:53

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.