Атырау, 24 қараша 13:08
 ашықВ Атырау 0
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Түрікменстан президенті Сердар Бердімұхамедов 26 министрді қызметінен босатты

1 581 просмотра

Түрікменстан президенті Сердар Бердімұхамедов үкіметтегі 26 министрді қызметінен босатып, кадрлық өзгеріс жасады. Ол мұны министрлер кабинетінің кеңейтілген отырысында шенеуніктердің Түрікменстан экономикасындағы өсім туралы есебінен кейін жасаған, деп хабарлайды Азаттық радиосы.

Қызметінен босатылғандар арасында білім, ғылым, денсаулық сақтау, спорт, жастар және әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша вице-премьер Сапардурды Тойлыев пен экономика, банк және халықаралық қаржы ұйымдары мәселелері бойынша министрлер кабинеті төрағасының орынбасары Мұхамметұлы Мұхаммедов бар.

Бұл Сердар Бердімұхамедовтің президент қызметіне кіріскелі жасаған алғашқы ірі кадрлық өзгерісі.

Бұған дейін Түрікменстанның Австрия, Жапония, Бельгия, Франция, Түркия, Әзербайжан, Украина және Оңтүстік Кореядағы елшілерін өзгерткен.

Сердар Бердімұхамедов 19 наурыздағы инаугурациясынан кейін министрлер кабинеті мен қауіпсіздік кеңесіндегі негізгі лауазымдарда отырған шенеуніктерді ауыстырған болатын.

Гурбангулы Бердімұхамедов президент қызметін ұлы Сердар Бердімұхамедовке бергеннен кейін Түрікменстанда жаңа тыйымдар мен шектеулер шыққан. Наурыз айының соңында Түрікменстан жол полициясы жекеменшік таксистерден мәшинесінің маңдай терезесіне Сердар Бердімұхаммедовтің суретін жабыстырып қоюды талап ете бастаған.

Сәуір айынан бастап Түрікменстан әйелдерге шектен тыс макияж жасауға, тырысқан киім киюге, тырнақ жабыстырып, қас жалғауға тыйым салған. Қоғамдық орында қол ұстасып бара жатқан екі жасты полиция тоқтатып, түрікмендердің дәстүрлі құндылықтары мен әйелдердің отбасы мен қоғамдағы рөлі туралы лекция оқыған.

Сердар Бердімұхамедов биыл наурызда мерзімінен бұрын өткен президент сайлауында 72,97 пайыз дауыс алып, Түрікменстан президенті болған.

Түрікменстанда мерзімінен бұрын президент сайлауын өткізу туралы шешім биыл ақпан айында қабылданған. Бұл шешімге не себеп түрткі болғаны белгісіз, алайда қазіргі президент Гурбангұлы Бердімұхамедов оны "мемлекет басқару ісін жастар беру" деп түсіндірген. 12 наурызда жаппай заң бұзумен өткізілген сайлау Түрікменстанның жаңа тарихында тез арада, жылдам өткізілген алғашқы сайлау болып қалды.

Бақылаушылар бұл сайлауды билікті әкеден балаға өткізу процесі деп санайды.

Гурбангулы Бердімұхамедовтің өзі 2006 жылы желтоқсанда Түрікменстанның алғашқы презизенті Сапармұрат Ниязов қайтыс болған соң билікке келген. Содан бері бірнеше рет "сайланып", Түрікменстанда диктаторлық режим орнатқан еді.

12 шілде 2022, 18:06

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.