Атырау, 24 қараша 16:20
 ашықВ Атырау 0
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Түркияда дәрігерлер өздерін қорғауды талап етуде

1 392 просмотра

Кейде «АЖ» қызметкерлері оқырмандарымыз үшін қызықты болуы мүмкін басқа елдердегі оқиғаларды да қамтып отырады. Атап айтқанда, жақында біздің веб-редакторымыз әрі аудармашы Гүлжанат Исабаева Денизли қаласында түрік дәрігерлері өткізген наразылық шарасына куә болды. Көршілес Конья қаласында Хаджи Мехмет Акчай деген біреу ауруханаға кардиологтың кабинетіне кіріп, оған 9 рет тапаншамен оқ атып өлтірген соң, өзін де атқан. Оның осы әрекетінен соң дәрігерлер наразылыққа шықты.

Сол жақта кардиолог Экрем Каракая, оң жақта күзетші Хаджи Мехмет Акчай

Түркия бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, екі баланың әкесі, аурухана күзетшісі Хаджи Мехмет Акчай осыдан біраз уақыт бұрын анасын Конья қалалық ауруханасының кардиология бөліміне емдетуге апарған. Тексеруден кейін кардиолог Экрем Каракая операция жасауға шешім қабылдайды. Бірақ әйел операциядан кейін ем алып жүрген кезде көз жұмады.

Түрік медицина қауымдастығының өкілдері 7-8 шілдеде жалпымемлекеттік ереуіл өткізетінін мәлімдеді. Дәрігерлер басқа мекемелердегідей (сауда үйлері, соттар, т.б.) кіре беріске металл іздегіш орнату арқылы ауруханалардың қауіпсіздігін күшейтуді талап етуде.

Бүгін, 7 шілдеде Денизли қаласында мемлекеттік аурухана дәрігерлері медициналық мекеме ғимаратының алдына жиналып, қызметтік міндеттерін орындауға байланысты зорлық-зомбылық әрекеттерінен қорғауды талап етті. Ғимарат алдында полиция көліктері болды, полицейлер көлік кептелісі болмас үшін қозғалысты реттеп тұрды. Жол-жөнекей өтіп бара жатқандар және жақын маңдағы кеңсе, дүкен мен дәріхана қызметкерлері қол шапалақтап, дәрігерлерге қолдау көрсетті.

Жергілікті тұрғындардың айтуынша, бұл биылдықта дәрігерлердің «кесірінен» мүгедек боп қалды немесе көз жұмды деп есептеген науқастың туыстарының дәрігерлерге шабуылдаған алғашқы әрекеті емес.

Гүлжанат ИСАБАЕВА

Денизли қаласы, Түркия

Суретті және бейнежазбаны түсірген автор

7 шілде 2022, 17:37

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.