Атырау, 25 сәуір 21:59
 ашықВ Атырау +17
$ 443.85
€ 474.30
₽ 4.80

Теңізде екі жұмысшы қаза тапты

Бейнежазба
1 781 просмотра

Бүгін, 6 шілдеде, таңертеңгі сағат 10 шамасында Теңіз зауытының Үшінші буынды құрылыс алаңында қысымды сынау кезінде құбыр жарылған. Апат салдарынан «Сенімді құрылыс» ЖШС-нің 37 жастағы екі жұмысшысы қаза тауып, тағы үшеуі жарақат алды. 

ТШО комментарийі: «Теңізшевройл» ЖШС 6 шілде күні мердігер «Сенімді Құрылыс» ЖШС мен оның қосалқы ұйымдары қызметкерлері құрылыс алаңында атқарған гидравликалық сынау кезінде қысым түсіп кетіп, салдарынан мердігер ұйымының үш қызметкері жарақат алып, екеуі қаза тапқанын хабарлады.  

Зардап шеккен жұмысшылар дереу ТШО ауруханасына жеткізіліп, оларға қажетті медициналық көмек көрсетілді.

ТШО басшылығы мен қызметкерлеріміздің атынан марқұмның отбасына қайғыррып көңіл айтамыз.

Сондай-ақ, ТШО-ға мердігер мекеме басшылығының ҚР заңнамасына сәйкес тиісті мемлекеттік органдарға хабардар еткені белгілі.

Кез келген қосымша сұрақтар мердігер компаниялар мен тиісті мемлекеттік реттеуші органдарға жіберілген жөн».

Ал Атырау облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі ҚР Қылмыстық кодексiнің 156-бабының 4-бөлігі ("Абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан еңбекті қорғау ережелерін бұзу") бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. 

Сонымен қатар, бүгін Атырау облысының әкімі Серік ШӘПКЕНОВ «Теңіз» кен орнында болған апатты жағдайға байланысты шұғыл жиын өткізді, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі. Жиынға «Теңізшевройл» ЖШС, ТЖД, ПД өкілдері мен жауапты басқарма басшылары қатысты. 

Серік Шәпкенов қаза болған жұмысшылардың жақын туыстарына қайғырып көңіл айтып, қаза тапқандар мен зардап шеккендердің отбасыларына қажетті материалдық көмек көрсетілетінін жеткізді. Сондай-ақ аймақ басшысы облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысына жарақат алған жұмысшыларға медициналық көмек көрсетуді тапсырды.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының хабарламасы: "Апат кезінде кен орнында 5 жұмысшы зардап шеккен. Екі азамат көз жұмды. Қайтыс болғандардың біреуі оқиға орнында, екіншісі кен орнындағы «ТШО клиникасы» медициналық мекемесінде көз жұмған. Үшінші зардап шегушіні «Теңізшевройл» ЖШС-не қарасты ұшақпен облыстық ауруханаға жеткізілді. Науқасқа қазіргі таңда дәрігерлер сараптама жүргізіп жатыр. Төртінші жарақат алған жұмысшы Жылой аудандық ауруанаға жеткізілді. Ол жамбас тұсынан жабық жарақат алған. Оның жағдайы орташа тұрақты. Бесінші зардап шегушіге кен орнындағы «ТШО клиникасы» медициналық мекемесінің қызметкерлері психологиялық көмек көрсетіп жатыр".

Атырау облысы ТЖД Қоғаммен байланыс тобының хабарламасында егжей-тегжейлі айтылады:

 «Теңізшевройл» ЖШС-де, 3-ші буын зауытының 42-учаскесінде гидротест жүргізу барысында құбыржолының фланецті қосындысы үзіліп, нәтижесінде «Сенімді Құрылыс» ЖШС қызметкері 1985 жылы туған азамат сол жерде қаза тапты. «Теңізшевройл» ЖШС клиникасында «Агропром техника» ЖШС жұмысшысы 1985 жылы туған азамат қайтыс болды және «Теңізшевройл» ЖШС клиникасына «Onstream Kazakhstan» ЖШС, «Сенімді Құрылыс» ЖШС, «Мұқан сервис» ЖШС жұмысшылары 1996, 1993 және 1996 жылғы азаматтар жеткізілді. Сағат 13-15 (жергілікті уақыт) «Теңізшевройл» ЖШС әуе кемесімен 1996 жылы туған «Onstream Kazakhstan» ЖШС жарақат алған қызметкерінің жағдайы ауыр деп бағаланып, Атырау қаласындағы облыстық аурухананың хирургиялық бөлімшесіне жеткізілді.

Айнұр САПАРОВА

Әлеуметтік желіден алынған сурет пен бейнежазба

6 шілде 2022, 14:48

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.