Брюссельдегі НАТО-ның штаб-пәтерінде 5 шілде күні Швеция мен Финляндияның Солтүстік атлантикалық одаққа қосылатыны туралы хаттамаға қол қойылды, деп хабарлайды Азаттық радиосы.
Хаттамаға НАТО-ға мүше 30 елдің өкілдері және Швеция мен Финляндия өкілдері қол қойған. Олар бұл күнді "тарихи күн" деп атап, "екі елдің ғана емес, НАТО-ның да қауіпсіздігін күшейте түсетін қадам" деп мәлімдеді.
Бұл оқиға кезінде Ресей аталған жоқ, бірақ екі елдің НАТО-ға кіруіне Ресейдің Украинаға басқыншылығы негізгі себеп болған.
Швеция мен Финляндия ресми түрде 18 мамырда өтініш берген. Оларды НАТО-ға қабылдау туралы шешім өте тез шықты.
Швеция мен Финляндия НАТО-ның толық құқықты мүшесі болуы үшін бүгін қол қойылған хаттаманы НАТО-ға мүше 30 елдің парламенті бекітуге тиіс. Бұған дейін "аталған екі ел күрд сепаратистерін қолдайды" деген желеумен тек Түркия ғана қарсы болған, бірақ ол да келісімге келген.
Швеция мен Финляндияның НАТО-ға қосылғанын Ресей билігінің өкілдері бір жағынан айыптай қарайды, бір жағынан бұл елдермен ешбір аумақтық мәселе жоқ, сондықтан проблема да жоқ деп санайды. Алайда аталған екі елге НАТО-ның инфрақұрылымы орналастырылатын болса, Ресей әлдебір "жауап шараға" баратынын мәлімдеген.