Атырау, 5 қазан 22:44
 ашықВ Атырау +19
$ 481.84
€ 531.33
₽ 5.07

Құс тұмауынан қорғау: тауықтарды вакциналап, жабайы құстарды атады

Толықтырылды
1 010 просмотра

ҚР Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті Атырау облысына құс тұмауына қарсы вакцинаның 6,2 мыңнан астам дозасын бөлді. Бұл NCOC компаниясына тиесілі Қашаған кенішінің екі жасанды аралында жақында 2750 шағаланың қырылуымен тікелей байланысты. 24 маусымда ҚР Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Ветеринария жөніндегі ұлттық референттік орталығынан өлген құстардың сынамасынан «АН5 құс тұмауы» бойынша оң нәтиже анықталғаны туралы жауап келді.

Осыған орай, ұқсас жағдайларды анықтау мақсатында Атырау облысы бойынша толық бақылау мониторингі жүргізілді. Оның барысында 26 маусымда Каспий теңізінің солтүстік бөлігінде орналасқан Шалыга аралының аумағында («Ақжайық» МТР) шағалалардың өлу фактілері де анықталды. Соның ішінде «Чеграва» - 1000 дана, «Қара бас шағала» – 1200 дана, «Өгіз шағала» – 300 дана. Шалыга аралында барлығы 2500 құс өлген.

Ветеринариялық бақылау комитеті құс тұмауының вирустық инфекциясының таралуын болдырмау мақсатында құстарды вакцинациялаудың басталғаны туралы баспасөз хабарламасын таратты: «Маусым айында Каспий теңізінде DS-04, DS-01 жасанды аралдар ауданында 1 мыңнан астам шағаланың өлексеcі табылды. Зертханалық зерттеулер құс тұмауының вирусын анықтады. Сынама диагнозды растау үшін ХЭБ (Ұлыбритания) референттік зертханасына жіберілді.

Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті республикалық қордан жоғары патогенді құс тұмауының қауіп төндіретін аймақтарында барлық құс басын вакцинациялауға 6 291 доза вакцина бөлді және 12 маман жұмылдырылды.

Жалпы республика аумағында 2022 жылы үй құстарының арасында жоғары патогенді құс тұмауына қарсы 16 370 180 басқа егу жоспарланған. 6 айда 6 028 810 бас егілді (жылдық жоспардың 37%).

Тұрақты эпизоотиялық жағдайды сақтау мақсатында жергілікті атқарушы органдар тұрғындар, шаруашылық жүргізуші субъектілердің ветеринариялық дәрігерлері, аңшы, қорықшылар және басқа да мүдделі тұлғалар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.

Құс фабрикалары ветеринариялық іс-шараларды күшейтті. Ветеринария жөніндегі ұлттық референттік орталықтың қызметкерлері мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, құс тұмауын болдырмау үшін маусымдық қоныс аудару жолдарының периметрі бойынша жабайы құстарды ату жұмыстарын жүзеге асырады».

Атырау облыстық аумақтық инспекциясы басшысының міндетін атқарушы Мырзабек ДҮЙСЕНОВТІҢ айтуынша, қазіргі таңда Атырау қаласындағы жеті ауылдық округтің, төрт округіндегі үй құстары (2 382) түгелдей  егілген. Қалған үш округтегі үй құстарын 5 шілдеге дейін егу жоспарлануда. 

- 1 шілдеден басталған екпе жұмыстарын Республикалық эпизоотияға қарсы отряды РММ Атырау филиалының және көршілес Батыс Қазақстан облысынан 12 маманнан жасақталған төрт бригада атқаруда, - деп хабарлайды М.Дүйсенов. 

Дайындаған Айнұр САПАРОВА

4 шілде 2022, 18:49

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.