Атырау, 5 қазан 22:45
 ашықВ Атырау +19
$ 481.84
€ 531.33
₽ 5.07

Порталдағы жасанды бағалар

1 139 просмотра

Атырау облысында соңғы бір жарым жылда 103 мемлекеттік орган мемлекеттік сатып алу веб-порталында тауарлар мен қызметтердің бағасын жасанды түрде өсірген. Білім беру (15) және денсаулық сақтау (13) салалары көзге түсті. Бұл туралы Қоғамдық кеңестің кезекті отырысында Атырау облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы Ерлан ДОСАНОВ мәлім етті.

– Мемлекеттік сатып алу веб-порталына тұрақты мониторинг жүргізудің арқасында біздің ұсынысымыз бойынша 1,5 млрд теңге бюджет қаражаты үнемделді. Осылайша мемлекетке залал келмей, дер кезінде алдын алдық. Оның үстіне, осы жұмыстардың нәтижесінде мемлекеттік сатып алу саласындағы қылмыстық құқық бұзушылықтар деңгейі 6 есеге азайды, - деді Е.Досанов.

Бұдан басқа, антикор 19 тұлғаға қатысты 19 әкімшілік хаттама толтырды. Сот оларға жалпы сомасы 6,3 миллион теңге айыппұл салды.

Соңғы бір жарым жылда 119 сыбайлас жемқорлық қылмысы анықталып, 83 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Жауапқа тартылғандардың ішінде бесеуі облыстық, біреуі қалалық, екеуі аудандық және бір ауылдық деңгейдегі мемлекеттік органның тоғыз бірінші басшысы бар.

– Сотқа дейінгі өндіріс аясында мемлекет кірісіне 1,1 млрд теңге немесе келтірілген шығынның 96 пайызы өтелді. Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша кеңінен қолданылып жүрген шаралардың бірі – мемлекеттік органдардың еңбек ұжымдарында ҚР ҚПК-нің 200-бабына сәйкес Сотқа дейінгі тергеп-тексеру нәтижесі бойынша сыбайлас жемқорлық жағдайларын жою және алғышарттары туралы ұсыныстарды қарау да өзінің тиімділігін көрсетті, - деді Досанов.

Дайындаған Айнұр САПАРОВА

1 шілде 2022, 14:17

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.