Ресей әскері Украинаның Змеиный аралынан кетті. Бұл туралы президент Владимир Зеленский дәстүрлі бейнеүндеуінде мәлімдеді. Оның айтуынша, аралға бақылау орнату арқылы Ресейден Қара теңіз порттарын азат етуге болады, деп хабарлайды 24.kz.
Бірақ бұл аймақта толық қауіпсіздік орнату үшін әлі де жеткіліксіз деді Зеленский.
Владимир Зеленский, Украина Президенті:
- Бүгінгі басты жаңалық - Змеиный аралы. Ресей кемесі кірген сәттен бастап біз ол жақты үнемі талқылаумен болдық. Олар енді ол жерден кетті. Змеиный аралының стратегиялық мәні зор. Ол жер Қара теңіздегі бүкіл жағдайға әсер ете алады.
Әскерінің аралдан кеткенін Ресейдің Қорғаныс министрлігі растады. Осылайша Кремль Біріккен Ұлттар Ұйымының Украина аумағынан ауыл шаруашылығы өнімдерін шығару үшін гуманитарлық дәліз құру әрекетіне кедергі келтірмейтінін көрсеткісі келеді.
Игорь Конашенков, РФ Қорғаныс министрлігінің өкілі:
- Осы шешімнен кейін Киев Ресейді Қара теңіздің солтүстік-батысындағы астықты экспорттауға кедергі келтіріп, азық-түлік дағдарысын тудырып отыр деп кінәлай алмайды. Ендігі кезек Украина жағында. Олар Қара теңіз жағасын миналардан тазартуы қажет.