Атырау, 9 мамыр 03:01
 ашықВ Атырау +12
$ 439.43
€ 473.31
₽ 4.82

Доссорда мұнайшыларға қызмет көрсететін көлік қызметкерлері бес күннен бері наразылық танытуда

Толықтырылды
1 337 просмотра

Атырау облысы Мақат ауданы Доссор кентінде «BuildServiceCom» ЖШС-не көліктерін жалға бергендер мен көлік жүргізушілері еңбекақыларының кешіктіріліп жатқанына наразылық білдіріп, бірнеше күннен бері жұмысқа шықпай отыр. Наразылық акциясы 27 маусым күні басталған.

«BuildServiceCom» ЖШС - мұнайшыларды көлік құралдарымен қамтамасыз ететін «Доссормұнайгаз» МГӨБ мердігер компаниясы. «Ембімұнайгаз» АҚ мен «Доссормұнайгаз» МГӨБ жұмысшыларын тасымалдайды.

Наразылыққа 20-дан астам адам шыққан. Олардың алтауы «BuildServiceCom» ЖШС көлік жүргізушісі, қалғаны – компанияға көлігін жалға беріп отырған жеке кәсіпкерлер, яғни, қосалқы мердігерлер. Олар «BuildServiceCom» ЖШС-нен көлікті жалға беру келісімшартын қайта қарастыруды сұрап, еңбекақыны кешіктірмей төлеуді, түнгі ауысым жұмысына шыққаны үшін үстеме ақы төлеуді талап етті.

Рамазан Оразбаев «BuildServiceCom» ЖШС-нің көлік жүргізушісі болып жұмыс істейді. Ол басқа қатысушылармен бірге жалақыны немесе көрсеткен қызметтің төлемін кешіктірмей төлеуді, зейнетақы аударымдарын жасап, түнгі ауысымдық жұмысы үшін үстеме ақы төлеуді талап етеді.

- Мамыр айының жалақысы 27 маусымда төленді. Бізге жалақыны әр айдың 10-ы немесе 15-інен кешіктірмей төлеуді сұраймыз. Сосын біз жексенбі күні түнгі ауысымға шығамыз. Бірақ ол үшін үстеме ақы төленбейді. Сұрасақ, ертесіне түске дейін демаласыздар дейді басшылар. Алайда осы демалыс кезінде бізге цех басшылары басқармаға жиналысқа апарып тастауды өтінеді. Кейін Доссорға барып ұйықтайсыңдар дейді. Солай етуге бола ма? Ұйқың қанбай жолға шығуға болмайды ғой, - дейді Оразбаев.

Ал көлігін жалға бергендер мамыр айында көрсеткен қызметтің төлемақысын әлі алмаған. 

Біз «BuildServiceCom» өкілі Дамир БАЛТАБАЕВҚА хабарластық. Оның айтуынша, келісімшарт бойынша және орындалған жұмыстардың актісіне сәйкес, оған қол қойылған күннен бастап қосалқы мердігерлерге көрсетілген қызметі үшін 30 жұмыс күн ішінде төлеу міндеттелген. Айтуынша, жұмысшының әр сағаты орындалған жұмыстар актісі бойынша төленіп отырады және мекеме өз міндеттемесін келісімшартқа сәйкес толық орындап отыр.

«BuildServiceCom» басшылығы 29 маусым күні Доссор кентіне барып, наразы топпен  кездесті. Кейінірек наразылыққа қатысушылардың бірі «АЖ»-ға ештеңе шешілмегенін, наразылық жалғасып жатқанын хабарлады.

- Біз бар болғаны келісімшарттағы еңбекақыны әр айдың 30-ына дейін төлену керек деген тармағын 15-іне дейін төлеу керек деп өзгертуді талап етіп отырмыз. Бізге компания басшылары оны бірден өзгерте алмаймыз, заңгерге жүгіну керек деп айтты. Қазір бізде 21 көлік тоқтап тұр. Орнымызға басқа көліктерді іздеп жатқан сияқты, - дейді сұхбаттасушым.

Ал сол кездесуге қатысқан Дамир Балтабаев олармен барып кездескенін, сөйлескенін, алайда барлық жайтты айта алмайтынын жеткізді:

- Өйткені сол жерде келіскен нәрселер бар, талаптарды қарастыратын болдық. Әзірге осылай, нақты жауап жоқ. Кейін сізге бір хабарын беремін.

Ал біздің сауалымызға жауап ретінде «Ембімұнайгаз» АҚ баспасөз қызметі: «Біз өз тарапымыздан екі ортада бекітілген келісімшарт талаптарын толықтай сақтап отырмыз. Мердігерден келіп түскен жұмыс актісі бойынша қаржы құжаттарға сәйкес 30 күн ішінде төленуі тиіс. Бірақ біз 10 күнге жеткізбей аударып отырмыз. Жұмысшылардың реніші мердігер мекеме мен жұмысшылары арасындағы бекітілген келісімшартқа байланысты туындаған. Бұл мердігердің ішкі жұмысы, біздің оған араласуға құқығымыз жоқ. Мердігер ішкі жұмысын өзі реттеуі керек», деп жауап берді.  

Бүгін, 1 шілдеде «BuildServiceCom» өкілдері Доссордағы ереуілшілерге тағы да барып, мамыр айының жалақысының 10 пайызын дереу төлеуге уәде берді. Шерушілер бұл жартылай шараны қабылдаудан бас тартты, наразылық жалғасуда.

Сайттағы осы жарияланымнан кейін «АЖ»-ға Атырау облысы бойынша мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Игілік ӘУБӘКІРОВ комментарий берді: «29 маусым күні сағат 19.30-да «Build Service Com» ЖШС-нің өкілі Доссорда жиналғандармен кездесіп, салық органдары компанияның банктік шотына тыйым салынуына байланысты жалға алу ақысының кешіктірілгенін және келісімшарттар бойынша төлем 30 күн ішінде төленетінін, сондықтан төлеу үшін әлі уақыт бар екенін түсіндірді.

«Ембімұнайгаз» АҚ ақпаратына сәйкес, өткен жылдың 19 сәуірінде «Build Service Com» ЖШС (Ақтау) және «Ембімұнайгаз» АҚ арасында «Доссормұнайгаз» МГӨБ үшін жолаушыларды жеңіл көлікпен тасымалдау бойынша көлік қызметін көрсету туралы келісім жасалған. Осы сәттен бастап қазіргі уақытқа дейін «Ембімұнайгаз» АҚ көрсеткен қызметтерге ақы төлеу келісімшарт талаптарында және ҚР қолданыстағы заңнамада белгіленген мерзімдерде жүзеге асырылуда. Туындаған дауға қатысты еңбек қатынасы жоқ, қызмет көлік құралдарын жалдау шарты негізінде жүзеге асырылады.

1 маусымдағы жағдай бойынша еңбек инспекциясына шағым түскен жоқ. Қоғамдық тәртіп бұзылған жоқ". Айтпақшы, «Build Service Com» ЖШС 2021 жылы 21 қарашада Маңғыстау облысы, Мұнайлы ауданы, Басқұдық ауылында тіркелген. Негізгі қызмет түрі тұрғын үй ғимараттарын салу болып белгіленген.

Айнұр САПАРОВА

30 маусым 2022, 17:45

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.