Атырау, 29 наурыз 17:47
 ашықВ Атырау +1
$ 448.15
€ 483.46
₽ 4.86

Өзгенің сәбиін дүниеге әкелдім

1 161 просмотра

– Жүкті болып, дені сау сәбиді дүниеге әкелдім. Сол сәтте қызды биологиялық әке-шешесі алып кетті, – дейді суррогат ана. Бүгін бұл әйел менің сұхбаттасушым.

«Суррогат ана» ұғымы туралы не білеміз? Бұл өзінің бала тууға мүмкіндігі жоқ басқа әйелге «бөтен» баланы туып беруге келіскен әйел. Бұл процеске тек биологиялық ата-ананың генетикалық материалдары қатысады, яғни туылған кезде балаға суррогат анадан ештеңе берілмейді - көзінің түсі де, терісінің түсі де, мінез-құлқы да. Қазақстанда ерлі-зайыптыларға бала туып берген әйелдің оған еш құқығы жоқ. Мұның бәрі заңнама негізінде толықтай заңды. Бала туылғаннан кейін бірден генетикалық ата-анасына беріледі. Осы сәттен бастап суррогат ананың оған еш қатысы жоқ. Ақша үшін бе, әлде жай «рахмет» үшін бе – бұл туралы суррогат ананың өзімен сөйлесеміз.

Оның есімі Сәуле (аты өзгертілді). Жасы 30-да, өзінің туған қызы бар. Ол баласы жоқ ерлі-зайыптыларға бала туып берді. Оның өмірі, неліктен баламен жалғыз қалғаны туралы жазбай-ақ қояйын. Маңыздысы – оны бұл қадамға баруға бітпейтін қарыз бен төленбеген несиелер итермелеген.

Сәуле сайтқа суррогат ана туралы хабарландыру жариялаған. Дәл сол күні кешке қоңырау соғылды. Бір әйел ақырын дауыспен: «Біз хабарландыру бойынша ...» деді. Бәрінің тез болғаны сонша, Сәуле абыржып, әйелге басқа нөмірге хабарласып тұрсыз дей салды.

Бірақ ұзақ жыл бала сүйе алмай жүрген ерлі-зайыптылар үмітін үзбеді. Қоңыраулар толастамады, Сәуле де бас тарта алмады. Нәтижесінде олар кездесіп, шарты мен бағасын талқылады. Ал әрі қарай бәрі процедура бойынша өтті - донорлық материал салынып, ұрықтандыру сәтті өтіп, жүкті болды.

Келісімшарт талаптары бойынша тұрғын үй, тамақтану және медициналық көмекті тапсырыс беруші төлейді, суррогат ана үшін ең бастысы - салауатты өмір салтын ұстану және барлық тағайындалған дәрі-дәрмекті уақытында қабылдау. Сәуле денсаулығына шағымданбады, бірінші триместрдегі токсикозды есептемегенде, жүктіліктің барлық кезеңін жеңіл өткерді.

Ол бұл кезеңде өзін қалай сезінді деп сұрарсыз? Ана атанған әйелдердің бәрі құрсағындағы сәбиін, оның алғашқы қозғалысы қалай болатынын біледі... Ал кейіпкеріміз өзінен бірнеше рет: мен неге бұлай жасадым, сәбиді көргенде бауыр басып кетпеймін бе деп сұрады. Бұл тұрғыда заң қатал - суррогат ананың босанғаннан кейін баланы беруден бас тартуға құқығы жоқ. Оған қомақты айыппұл салынады. Тек тапсырыс берушілер сәбиден бас тартса ғана өзінде қалдыра алады. Сондықтан ол баланы дүниеге келген бойда, көрсетпестен алып кетіңдер деп, бірден шарт қойды.

Айтпақшы, тапсырыс беруші 9 ай бойы жүкті секілді көріну үшін бандаж киіп жүрді, туыстарының бәрі оны баланы өзі дүниеге әкелді деп ойлайды.

Босанатын уақытынан бірнеше күн бұрын Сәулені емханаға жатқызып, оның сол күні кешке толғағы басталған. Биологиялық анасы оны босандыруға қатысты, көмектесті, оның көзінен қорқыныш пен толқу, көптен күткен сәбиімен қауышам деген үміт сезіліп тұрды. 

Таңертең ертемен дені сау қыз бала дүниеге келді. Суррогат ананы бөлек палатаға алып кетті, ол аналық сезім оянады деп қорқып, балаға қарамады ... 

Бірақ табиғатты алдай алмайсың: сүті көбейіп ауырсынып, оны үздіксіз сауып, түнімен нашар түс көріп, ақыр аяғында бұл кейіпкерімізді терең депрессияға шалдықтырды. Өз қызының қамқорлығының арқасында ғана есін жинап, өз-өзіне келді.

… Көп уақыт өтті. Сәуленің есебі бойынша, қыз 7 жаста болуы керек. Ол мектепке барған шығар, ата-анасын жақсы бағамен қуантып жүрген шығар. Ол бұл қадамды қайталай ма? Жоқ дейді ол.

Адамдардың тағдыры әртүрлі, қаншама суррогат ана баланы дүниеге әкеліп, түк те ойланбастан, сәбиін тапсырыс берушілерге беріп жіберді. Ал кейіпкеріміз қаншама жылдан бері дұрыс істедім бе деген сұрақпен өмір сүріп келеді. Көптен күткен перзентті сыйлап, отбасын бақытты еттім деген ой жанын жылытса да, кейде сәбидің жылаған үні естіліп, суық тер басып оянады...

Елена СҮНДЕТОВА

 

«АЖ» АНЫҚТАМАСЫ
Қазақстанда бедеулікке ұшыраған жұп көп тіркелген. Денсаулығына байланысты кейбіреулер ЭКО процедурасына, ал біреулер суррогат аналардың қызметіне жүгінеді.
ҚР «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Кодексіне сәйкес 9-тарау, 56-бапта суррогат анаға мынадай талаптар қойылады:
1. Суррогат ана болуға тілек білдірген әйел жиырмадан отыз беске дейінгі жаста, медициналық ұйымның қорытындысымен расталған, қанағаттанарлық тән денсаулығы, психикалық және репродуктивтік денсаулығы, сондай-ақ өзінің дені сау баласы болуға тиіс.
2. Егер суррогат ана тіркелген некеде тұрған жағдайда, суррогат ана болу шартын жасасу кезінде жұбайының нотариат тәртібімен куәландырылуға тиіс жазбаша келісімі ұсынылуы қажет.
3. Қосалқы репродуктивті әдістер мен технологияларды қолданатын медициналық ұйым балалы болуға тілек білдірген адамдардың өздерінің не донор банктің биоматериалдарының сол үшін пайдаланылғаны туралы толық әрі жеткілікті ақпаратпен оларды қолдану туралы қорытынды шығаруға міндетті.
29 маусым 2022, 13:42

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.