Атырау, 24 қараша 16:11
 ашықВ Атырау 0
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Украинадағы соғыс: 124-күн

1 194 просмотра

Швейцария билігі Украинадағы әскери операцияға байланысты Ресейге қарсы салынған санкцияларды бұзудың 18 фактісін анықтады. Бұл туралы Bloomberg кеден және шекара қауіпсіздігі федералды басқармасына сілтеме жасап хабарлайды. Ведомство толық мәлімет бермеді. Ел бейтарап статусына қарамастан, Еуропалық Одақ Ресейге қарсы енгізген шектеу шараларына қосылуға шешім қабылдады.

* * *

Еурокомиссия төрағасы Урсула фон дер Лейен G20 саммитіне бойкот жариялау идеясына қарсы екенін айтты, өйткені оған Ресей президенті Владимир Путин қатысады, деп хабарлайды Интерфакс.

* * *

Түркия Батыстың Ресейге салған санкцияларына қосылуға ниетті емес, деп хабарлады Түркия президентінің ресми өкілі Ибрахим Калын Haberturk телеарнасында. Оның айтуынша, Түркия Ресейге қарсы санкциялар енгізу қажеттілігіне қатысты Батыстан мезгіл-мезгіл сұраныстар алады, бірақ Анкара «теңдік саясатын ұстанады».

* * *

Украина президенті Владимир Зеленский мен Канада премьер-министрі Джастин Трюдо телефон арқылы Украинаға қорғанысты қолдауды күшейту режимін және Ресей Федерациясына қарсы санкциялық саясатты талқылады. Бұл туралы Украина басшысы видео үндеуінде айтты.

* * *

Украинаның Денсаулық сақтау министрлігі Канаданың Эгенвиль қаласының тұрғындары Украинадағы медициналық қажеттіліктер үшін 90 мың канада долларын жинағанын хабарлады. Бұл 60 600 доллардан астам немесе 2,16 миллион грн.

* * *

Ұлыбритания елден астық шығаруды жеңілдету үшін "Украина темір жолын" жөндеуге 10 миллион фунтқа дейін (12,28 миллион доллар) бөлуге ниетті, деп хабарлайды Ұлыбритания премьер-министрі Борис Джонсонның кеңсесі, деп хабарлайды Интерфакс.

* * *

Жапония Ресейге қарсы санкцияларды 70 жеке және 90 заңды тұлғаға дейін кеңейтеді, сондай-ақ алтынды әкелуге және бірқатар қызметтерді көрсетуге тыйым салады. Бұл туралы Жапония премьер-министрі Фумио Кисиданың G7 саммитіндегі мәлімдемесіне сілтеме жасап NHK телеарнасы хабарлады.

Премьер-министрдің айтуынша, санкциялар ең алдымен Ресейдің қорғаныс өнеркәсібімен байланысты тұлғалар мен ұйымдарға әсер етеді. Олардың Жапониядағы шоттары жабылады.

* * *

Түркия Ресейдің Украинадағы соғысын айыптайды, бірақ Мәскеудің бұл шешімі Батыстың 30 жылдағы әрекеттерімен, соның ішінде НАТО-ның кеңеюімен байланысты болуы мүмкін екенін мойындайды. Бұл туралы Түркия президентінің өкілі Ибрагим Калын Haberturk телеарнасының эфирінде айтты.

*  * *

АҚШ Украинаға орташа және ұзақ қашықтықтағы зымыранға қарсы қорғаныс жүйелерін жеткізуге дайын. Бұл туралы дереккөздерге сілтеме жасап CNN хабарлады. Оның айтуынша, бір апта ішінде Вашингтон тиісті жетілдірілген жер-әуе жүйелерін сатып алғанын және оларды Киевке беретінін жариялайды. Сонымен қатар, батареяға қарсы радарлар мен қосымша артиллериялық снарядтарды жеткізу туралы ақпарат жарияланады деп күтілуде.

* * *

Украина қысқа мерзімде НАТО-ға мүшелікке өтуге ниетті емес.

Украина Президенті кеңсесі басшысының орынбасары Игорь Жовква альянстың кейбір елдерінің ұстанымдарына байланысты НАТО-ға кіру жөніндегі күш-жігердің пайдасы жоқ екенін жақсы түсінетіндерін айтты.

Сол себепті Украина осы мақсатқа бағытталған қадамдарға баруды жоспарламайды, - деп Financial Times Жовкваға сілтеме жасап, хабарлайды.

Шенеунік қысқа мерзімде Украинаның НАТО-ға қосылуы мүмкін емес екенін айтты.

Сондай-ақ Украина Ресей туралы кез-келген ескертулерді, мысалы серіктес ретінде деген сөздерді альянстың стратегиялық тұжырымдамасынан алынғанын қалайды.

"Біз НАТО-ның стратегиялық тұжырымдамасында... ресейлік агрессорға қатаң және қатал ескертулер болады деп үміттенеміз. Сөз бұйдаға салмаңыздар, бұл менің Ресейге қатысты ережелерді түзу кезіндегі НАТО мүшелеріне үндеуім", – деді Украина Президенті кеңсесі басшысының орынбасары.

Тұжырымдаманың соңғы нұсқасында НАТО Ресеймен "шынайы стратегиялық серіктестікке" ұмтылатыны және НАТО мен Ресей арасындағы ынтымақтастықтың стратегиялық маңызы бар деп санайтындығы айтылады.

Сондай-ақ Жовква Мадридтегі саммитте Солтүстік Атлантикалық Одақтың стратегиялық тұжырымдамасын түзу кезінде Украина төңірегіндегі жағдай ескерілетініне үміт білдірді.

НАТО-ға мүше елдердің мемлекет және үкімет басшыларының кездесуі 28-30 маусым аралығында өтеді.

* * *

Ресей Киевтегі тұрғын үйлерге шабуыл жасады: Көз жұмғандар бар.

Жексенбі күні таңертең ресейлік әскерилер Киевке әуеден соққы жасады. Жергілікті билік мәліметінше, зымырандар тұрғын үйлер мен балабақшаға түскен. Украина үкіметі шабуыл қайталануы мүмкін екенін ескертті.

Киевтегі жарылыстар Беларусьтен зымырандардың ұшырылғаны туралы ақпарат келгеннен кейін болған. Зымырандар көп қабатты тұрғын үйдердің біріне түсіп, салдарынан бір адам қаза тапқан. 

“Достар, Шевченко ауданында бірнеше жарылыс болды. Құтқарушылар мен жедел жәрдем оқиға орнына келді. Жарақат алғандар өте көп, қазір үйінділердің астында қалған тұрғындарды құтқаруға атсалысып жатырмыз”, – дейді Киев мэрі Виталий Кличко. 

Киевте оқиға орнына жеткен құтқарушылар үйінді астынан 7 жасар қызды және оның 36 жастағы анасын алып шыққан. Әйел – Ресей азаматы. Алайда қыздың әкесі көз жұмған болуы мүмкін дейді олар. 

Украина президентінің кеңсесінің хабарлауынша, ресейлік әскерлер Украинаның инфрақұрылымдық нысандарына, сондай-ақ Чернигов, Харьков, Луганск және Донецк облыстарындағы тұрғын үйлерге шабуыл жасаған. Бұған дейін сенбі күні Ресей Ровно облысының Сарный қаласындағы азаматтық инфрақұрылымға жасаған шабуыл салдарынан төрт адам көз жұмды. 

Украина президенті кеңсесінің кеңесшісі Алексей Арестович Киев тұрғындарын сақ болуға шақырды. Оның айтуынша, Ресей Киевке және Украинаның басқа қалаларын оқ атуын жалғастыруы мүмкін.

Тұрғын үйлерден бөлек зымырандардың бірі балабақша аумағына түскен. Бұл туралы Украинаның ішкі істер министрі Антон Геращенко мәлімдеді. 

* * *

Би-би-си Ресейдің Украинамен соғыста өлген төрт мың жауынгерінің аты-жөнін анықтады.

Би-би-си журналистері 24 маусымға дейін ашық ақпарат көздері арқылы Ресейдің Украинамен соғыста өлген 4010 жауынгерінің аты-жөнін анықтағанын хабарлады. Бұл статистикаға соғысқа еріктілер ретінде аттанған Ресей азаматтары да кірген.

Журналистер еріктілердің күрт көбейіп бара жатқанын, өлгендер арасында басқаларға қарағанда солардың көп екенін айтады. Әр апта сайын 30-40 еріктінің өлгені туралы хабар шығады, олардың 20 пайыздан астамы жасы 50-ден асқан адамдар.

Өлгендердің 17 пайызы - офицерлер. Командалық құрамдағы бұл шығынды Би-би-си Ресей әскерінің құрылымымен байланыстырады. Өлгендердің 20 пайызы әскери әуе күштерінде қызмет еткен, 19 пайызы мотоатқыштар әскерінде болған. Би-би-си мәліметіне қарағанда, соғыста өлген кем дегенде 42 әскери ұшқыштың аты-жөні анықталған.

Бұған дейін "Медиазона" Украинада өлген 3798 Ресей жауынгері туралы ақпарат жариялаған. Бұл тек ашық дереккөздерде жарияланған есімдер. Өлгендер шын мәнінде мұнан әлдеқайда көп болуы мүмкін.

24 ақпанда Владимир Путиннің бұйрығымен Ресей әскері Украинаға басып кірген. Ресей қорғаныс министрлігі өлгендер туралы ақпратты 25 наурызда хабарлап, 1351 жауынгер өліп, 3825 жауынгер жараланды деп көрсеткен. Ресей әскерінен өзге Украинада сепаратистік "ДХР" мен "ЛХР" және жеке әскери компаниялардың жалдамалылары соғысып жүр. Олардың шығындары Ресей қорғаныс министрлігінің статистикасына кірмейді.

Ұлыбританияның әскери барлауы мамыр айының соңына қарай Ресей Укрианада 15 мыңға жуық адамынан айырылды есептейді. Украина бас штабы Ресей әскерінің шығыны 30 мыңнан асты деп санайды. Соғыс жағдайында бұл мәліметтерді тәуелсіз тексеру мүмкін емес.

* * *

Ресей Украинаның майдан шебінен шалғайдағы бірнеше облысын зымыранмен атқылады.

Жұмадан сенбіге қараған түні Ресей әскері Украинаның майдан шебінен шалғайда жатқан бірнеше облысын зымыранмен атқылады.

"Житомир төңірегіне 24 зымыран түсті" деп хабарлайды қала мэрі Сергей Сухомлин. "Таңертең гүрсілдеген дауыстан ояндық. Зымыран Житомир айналасындағы әскери нысандарға түсті. Беларусь жерінен атты" – дейді ол. Билік мәліметіне қарағанда, зымыраннан әскери қыметкер қаза болған.

"Ресейдің төрт зымыраны Львов облысындағы әскери нысандарға тиген" дейді Львов облысының басшысы Максим Козицкий. Оның сөзінше, зымыран Қара теңізден атылған, екеуін Украина әскери әуе қорғанысы жүйесі атып түсірген. Төрт адам зардап шеккен. Соққы Яворовск полигонына бағыталғанға ұқсайды. Бұл полигонды бұған дейін де Ресей зымыранмен атқылап, Украинаның ондаған жауынгері өлген, оның ішінде шетелден келген еріктілер де бар.

Тағы бір зымыран Чернигов облысының Десна кентіне түскен. Ол жерде де бұрын атқыланған әскери нысандар болған.

Днепропетровск облысының басшысы Валентин Резниченконың хабарына қарағанда, Ресей зымыранынан 60 жастағы әйел өлген.

Негізгі ұрыс қимылдары қазір Украинаның Луганск және Донецк облыстарында жүріп жатыр. Ресей қорғаныс министрлігі таяуда Луганск облысының Горское және Золотое селоларында Украина әскерінің топтары қоршауға алынып, талқандалғанын хабарлаған. Украина жауынгерлері мұны дәл нақтылаған жоқ, бірақ видео айғақтарға қарағанда, олардың бұл кенттерден шегініп кеткені, кенттердің қазір Ресей әскерінің бақылауына өткені байқалады.

Жұма күні Украина әскері кейінгі бірнеше аптада кескілескен шайқас жүрген Северодонецкіден шегінгені туралы ақпарат түскен. Лисичанск ауданы маңында Украина қарулы күштерінің қоршауда қалу қаупі бар деген ақпарат бар.

Ақпараттар kursiv.mediazakon.kzstan.kz, Азаттық радиосы басылымдарынан алынды.

27 маусым 2022, 11:36

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.