"Камикадзе-дрондар" Сумы облысындағы Краснополь қауымы аумағына шабуыл жасады, деп хабарлады аймақ басшысы Дмитрий Живицкий. Төрт адам зардап шекті, оның екеуі ауыр халде.
* * *
Донецк облысындағы Часовой Ярды атқылау салдарынан алты бала зардап шекті, деп хабарлады облыс әкімшілігінің басшысы Павел Кириленко.
Ресей әскерлері Золотая Рыбка көліндегі жағажайға (алдын ала мәлімет бойынша - кассеталық оқ-дәрілермен) соққы берді.
Бір адам қаза тауып, 11 адам жарақат алды.
* * *
Мәскеудегі АҚШ елшілігінің жанындағы алаң ресми түрде «Донецк халық республикасының алаңы» деп аталды, деп хабарлайды Интерфакс мэрия сайтына сілтеме жасап.
Бұған дейін Конюшковская көшесінің бойындағы Үлкен Девятиннен Малый Конюшковский жолына дейінгі аумақтың атауы болмаған.
* * *
Ирландия ресейлік жеке және заңды тұлғалардың 1,72 миллиард еуро көлеміндегі қаражатын бұғаттады. Бұл туралы елдің Сыртқы істер министрлігіне сілтеме жасаған Irish Times басылымы хабарлады. Ирландияның Орталық банкі бірқатар іскер ұйымдарға қаржылық санкцияларды қадағалаудағы рөлін және әрбір ирландиялықтың ЕО тыйымдарын сақтау жауапкершілігін еске салып хат жолдағаны атап өтілді.
* * *
Маусым айының ортасындағы ахуал бойынша, ақпан айынан бері Ресей басқыншылығына тойтарыс беріп келе жатқан Украинаға одақтастар жариялаған және көрсеткен көмектің жалпы көлемі Ұлттық банк есебінде 30 миллиард долларды құрайды. Бұл туралы Ұлттық банктің есебінде айтылған. Ұлттық банк бұл көмектің үштен бір бөлігін қайтарымсыз гранттар құрайтынын, қалғаны төмен мөлшерлемемен берілетін несиелер мен несие кепілдігі екенін түсіндірді.
* * *
Кремль ҰҚШҰ-ны Украинадағы соғысқа тарту туралы сұраққа жауап берді.
Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының күштерін Украинадағы әскери әрекеттерге тарту мүмкіндігі туралы мәселе қарастырылмағанын айтты.
"Жоқ бұл опция қарастырылмады", - деді Песков.
Сонымен бірге ол ұйымның маңыздылығын атап өтті.
"ҰҚШҰ таяу уақытта өзінің тиімділігін, жеделдігі мен қажеттілігін көрсетті. ҰҚШҰ-ны дамыту – сыртқы саясат саласындағы басымдықтарымыздың бірі", – деді ол.
Қазіргі уақытта ҰҚШҰ құрамына алты мемлекет – Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстан кіреді.
* * *
ЕО: Ресей Украина астығын экспорттауға жол бермей, әскери қылмыс жасап отыр.
Ресей Украина портын бұғаттау арқылы астық пен өзге де ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттауға мүмкіндік бермей, әскери қылмыс жасап отыр, соның салдарынан әлемнің кейбір елдерінде аштық болуы мүмкін. Бұл сөзді Еуропа одағының шетел істері жөніндегі жоғарғы өкілі Жозеп Боррель айтты.
"Сіздер аштыққа ұшыратуды соғыс құралы ретінде пайдалана алмайсыздар. Әлемнің түкпір-түкпірінде миллиондаған адам аштық зардабын тартып жатқанда, Украинада миллиондаған тонна астық бұғатталып тұр. Бұл - нағыз әскери қылмыс. Мұның соңы қандай жағдайға жеткізерін айта алмаймын", — деді Боррель Брюссельде өткен Еуропа одағы елдері сыртқы істер министрлерінің отырысында.
New York Times газеті бұл сөзді Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін Батыс лидерлері айтқан ең қатаң сөздің бірі деп атады. Ресей Украина астығын экпорттауға кедергі жасап отырғанын мойындамайды. Украина президенті Владимир Зеленский дүйсенбіде Африка одағы елдерінің лидерлеріне жолдаған үндеуінде "Ресей Украинаға басып кіріп, әлемді азық-түлік тапшылығына ұшыратты" деген. "Егер Ресей Украинаға соғыс бастамаса, нарықта азық-түлік тапшылығы болмас еді", — дейді Зеленский.
Сарапшылар Украина астығы мен өзге де ауыл шаруашылығы өнімдері экспортының бұғатталуы әлемде азық-түлік бағасын шарықтатты деп санайды. БҰҰ Украинадан астық әкетуге Ресей әскерінің Украина порттарын қоршап тұрғаны кедергі болып отырғанын мәлімдеді.
Владимир Путин "Украина астық сатып, тапқан пайдасын Батыстан қару-жарақ сатып алуға пайдалануы мүмкін" деп санайды. Бұрын Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров та осыған ұқсас пікір айтқан. Олар сөздерін растайтын ешбір мәлімет көрсетпеген.
Владимир Путин Италия премьер-министрі Марио Драгимен телефонмен сөйлескенде "егер Батыс санкциясын алып тастайтын болса, онда Ресей әлемдегі азық-түлік дағдарысын еңсеруге елеулі үлес қоса алатынын" айтқан.
АҚШ мемлекеттік департаменті оған жауап қатып, АҚШ санкциясы Ресей астығы мен тыңайтқыштарын экспорттауға мүмкіндік беретіндей етіп жасалғанын, сондықтан бұл мәселеде Ресейге кедергі жоғын хабарлаған.
Ресей мен Украина әлемде аса ірі көлемде астық өсіретін алғашқы бес ел қатарына кіреді. Ресей әскері Украинаға басып кірген соң әлемде азық-түлік күрт қымбаттай бастаған.
БҰҰ Украина астығына тәуелді кейбір елдерде, әсіресе Африкада аштық болуы мүмкін екенін ескерткен.
* * *
ҚР Президенті Ресей-Украина қақтығысын бейбіт жолмен реттеуге қатысты пікір білдірді.
Қазақстан Президенті Қатар экономикалық форумының арнайы панельдік сессиясы барысында Ресей-Украина қақтығысын бейбіт жолмен реттеуге қатысты пікір білдірді.
Ресей-Украина қақтығысын бейбіт жолмен шешу жолдарына қатысты сұраққа жауап берген Қазақстан Президенті келіссөздерді жалғастыра берудің маңызды екенін атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, бұл қақтығысты шешуге тараптардың ерік-жігері қажет. Сонымен қатар Мемлекет басшысы халықаралық қауымдастықтағы пікір қайшылығы мен аталған мәселені шешуде БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің қауқарсыздық танытып отырғанына тоқталды.
– БҰҰ ешқашан мұндай ыңғайсыз жағдайға тап болған емес. Тіпті «Қырғи-қабақ соғыс» кезінде де Біріккен Ұлттар Ұйымының бірлігі бұдан әлдеқайда мығым еді. Мен БҰҰ-ның болашағына қатты алаңдаймын. Осы ретте, көпқырлы саясатқа сенемін. Бұл ретте мен халықаралық қауымдастықтың бірлік танытып, ынтымақтаса отырып, екі мемлекеттің бейбіт бітімге келуі үшін оң ықпал етуі керек деп санаймын, – деді Мемлекет басшысы.
* * *
АҚШ-тың арнаулы тобы Украинадағы әскери қылмыстарды зерттейді.
АҚШ Украинадағы әскери қылмыстарды зерттейтін арнаулы топ құрады. Бұл жөнінде 21 маусымда АҚШ-тың бас прокуроры Меррик Гарланд Киевке келгенде айтты. Арнаулы топты әділет министрлігінің қызметкері Эли Розенбаум басқарады. Оны Америкада "нацистердің ізіне түскіш" кәнігі маман деп санайды.
"Әскери қылмыскерлер ешқашан құтыла алмайды", — деді Меррик Гарланд соғыс зардабын шегіп отырған Украинаны қолдап сөйлеген кезде.
Арнаулы топта адам құқығы мен әскери қылмыстарға байланысты істерді зерттеумен шұғылданатын белгілі америкалық мамандар болады. Мұнан өзге, АҚШ Украинаға жемқорлықпен және ақша жылыстатумен күрес жөнінде сарапшы жібермекші. Американың тағы екі маманы Еуропада және Таяу Шығыста жұмыс істейтін болады. Олар сондағы елдерге Ресейдің санкциядан жалтару әркеттеріне қарсы күресуге және санкцияға ілінген Ресей олигархтарының активтерін іздеп, оларды бұғаттауға көмектеседі.
Украинаның бас прокуроры Ирина Венедиктова мұны "маңызды көмек" деп атады. "Өте күшті жауға қарсы шығып отырғанымызды бәріміз түсініп отырмыз", — деді ол.
Эли Розенбаум 1994-2010 жылдары АҚШ әділет министрлігінің арнаулы тергеу басқармасын басқарған. Ол нацистік әскери қылмыскерлерді іздестіріп, оларды АҚШ азаматтығынан айыруға қол жеткізген. Британ тарихшысы Гай Уолтерстің есебінше, Розенбаум 100-ден астам нацисті әшкерелеген.
Украина Ресей әскери қызметкерлерінің үстінен 16 мың қылмыстық іс қозғаған. Күдіктілер арасында жоғары лауазымды шенеуніктер, саясаткерлер мен әскери қызметкерлер және медиа персоналар бар. Украина бас прокуроры Ирина Венедиктованың сөзінше, олар қазір Ресейде болғандықтан сырттай зерттеп, тергеу механизмдері қолданылады.
23 мамырда Киев соты Ресей әскерінің сержанты, 21 жастағы Вадим Шишимаринді Сумск облысында бейбіт адамды өлтіргені үшін өмір бойына бас бостандығынан айырды. Шишимарин кінәсін толығымен мойындаған.
31 мамырда Полтава облысында Ресей жауынгерлері Александр Бобыкин мен Александр Ивановты сот 11,5 жылға кескен. Оларды 24 ақпанда Ресей әскері Украина жеріне басып кірген күні реактивті "Град" жүйесімен Харьков облысындағы азаматтық нысандарды атқылауға қатысты деп айыптаған.
* * *
ЕО елдерінің көшбасшылары Украинаға кандидат мәртебесін бермек.
Еуроодақ елдері Украинаға одаққа кіруге үміткер мәртебесін ресми беруге дайын.
Агенттік мәліметінше, бұл қадам осы аптада, 23-24 маусымда ЕО елдері көшбасшыларының саммитінде жүзеге асырылған. Бұдан бөлек, мемлекеттер Молдоваға, Грузияға кандидат мәртебесін беруге дайын, алайда қосымша шарттар орындалу керек.
Егер Киевтің ЕО-ға кіруге кандидат мәртебесі мақұлданса, Украина билігі одаққа кіру үшін қойылатын барлық талаптарға сай келудің бірақатар шарттарын орындауы тиіс: Жоғарғы Сотқа судьяларды тағайындау рәсімін заң жүзінде бекіту, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейту, ақшаны жылыстатуға және олигархияға қарсы күрес жөнінде заңдар қабылдау, осы саладағы өз заңнамасын еуропалық нормалармен келтіре отырып, БАҚ-тың тұрақсыздығын болдырмау, сондай-ақ ұлттық азшылықтардың құқықтары жөніндегі құқықтық реформаларды аяқтау. Еурокомиссия барлық тармақтар бойынша прогрессті мұқият қарап, келесі жылы сәйкес баяндама ұсынатыны аталып өтілді.
* * *
"Украинаның кейпін киеді": Мемлекеттік Дума Тоқаевтың мәлімдемесінен кейін Қазақстанға сес көрсетті.
Петербург Халықаралық экономикалық форумы пленарлық отырысында президент Қасым-Жомарт Тоқаев РФ басшысы Путиннің жанында отырып, Луганск пен Донецк елдерінің тәуелсіздігін мойындамайтынын айтқан еді. Ол Донбасс халық республикаларын — "квазимемлекеттік" деп атаған.
Тоқаевтың іс-әрекеті дұрыс болмады, бірақ оның ұстанымы солай екенін болжауға болатын еді. Бұл туралы “Говорит Москва" радиостанциясына сұхбат берген РФ Парламенті төменгі палатасының ТМД істері жөніндегі комитеті төрағасының орынбасары Константин Затулин мәлімдеді. Оның пікірінше, РФ одақтастары өздеріне пайда керек кезде ғана онымен ынтымақтасуға ниет білдіреді, ал басқа жағдайларда Ресейді қолдамайды.
"Қазақстан бұл екі елді мойындамағаны және алдағы уақытта да мойындамайтыны Тоқаевтың мәлімдемесінсіз-ақ айқын еді. Бірақ Тоқаев Путиннің жанында бұл туралы ашық айтты. Менің ойымша, бұл дұрыс болмады. Қасында отырған президентке қарсы шығып отырғандай көрінді. Біздің ТМД, Еуразиялық одақ және ҰҚШҰ бойынша одақтастарымыз өздерінің міндеттемелері мен одақтастығын ерекше түсінетініне күмәнім болған жоқ. Олар барлық интеграциялық жиындарға швед дастарханы секілді қарайды. Өздеріне ұнайтынын алады да, ұнамайтынын тастап кетеді. Олардан ешкім ештеңе күтпеген кезде, ең болмаса үндемей қалуы керек қой.
Олар орыс халқы басым бірқатар облыстарының, елді мекендерінің халқы өздерінің Қазақстан деп аталатындығына наразы екенін жақсы біледі. Біз барлық жерде соның ішінде Украинаға қатысты айтамыз. Біздің елмен достық, ынтымақтастық және серіктестік болса, онда ешқандай аумақтық мәселелер көтерілмейді. Егер бұл айтқандар болмаса, онда бәрі де мүмкін. Украинаның кейпін киеді. Сондықтан, менің ойымша, Қазақстан істің осы жағына назар аударуы керек", – деді ол.
Айта кетсек, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Санкт-Петербург Халықаралық экономикалық форумында Луганск пен Донецкке қатысты пікір білдірген болатын.
"Екі ұстаным бір-біріне қарама қайшы келеді. Егер солай болса, бұл ұстанымдар бір-біріне қарама-қайшы, түрлі түсіндірмесі бар. Біреулер "мемлекеттің аумақтық тұтастығы – бұл мызғымайды" дейді. Өзгелері, белгілі бір мемлекеттің құрамындағы кез келген халық өзінің мемлекеті болуға құқылы және өз мемлекетін құра алады әрі қалауымен одан бөлектене алады. Егер ұлттарға таңдау құқығы берілсе, онда жер шарында 193 мемлекеттің орнына 500-600 мемлекет құрылар еді. Осы себепті біз Тайваньді, Косовоны, Оңтүстік Осетияны және Абхазияны да мойындамаймыз. Біз бұл принципті сонымен қоса Луганск және Донецк квазимемлекеттік бірлестіктеріне қатысты қолданамыз", – деген еді мемлекет басшысы.
* * *
Ұлыбритания билігі Украинаны қолдау жалғасатынын мәлімдеді.
Ұлыбритания армиясы Бас штабының жаңа басшысы Патрик Сандерс әскерді Еуропадағы жаңа соғысқа дайындау қажеттігін айтты.
"Бізге армияны Еуропадағы жаңа соғысқа дайындау керек. Сондай-ақ одақтастар бірлесіп Ресейге қарсы соғыста жеңе алатын армия жасақтау қажет. Ресейдің Украинаға басып кіруі біздің Ұлыбританияны қорғау, құрлықтағы соғысқа барынша дайын болу және күш қолдану арқылы Ресей тарапынан болып жатқан агрессияны тежеуге қабілеттілікті арттыру түріндегі мақсатымызды айқындады", - деп жазылған "Би-би-си" жариялаған Патрик Сандерстің меморандумында.
Генералдың басқаруында 73 мың жауынгерден құралған шағын армия ғана бар екенін ескеру керек.
Барлық жүзжылдықта Ұлыбритани Ресеймен тікелей тек екі рет соғысты. Соңғы рет Қырым соғысында ағылшындар орыс жеріне басып кірген. Ал қазір тіпті ағылшын оқушылары да Ресейдің Еуропа елдеріне шабуылға дайындалып жатқаны туралы жалған ақпаратқа сенеді.
Ұлыбритания премьер-министрі Борис Джонсон сенбіде Sunday Times басылымында жарық көрген мақаласында былай деп жазды:
"Путин Украинаны ыдыратумен тоқтамайтынын білеміз. Ол өткен аптада өзін Ұлы Петрге теңеп, Ресей "славяндар" мекендеген кез келген аумақты қайтару құқығына ие екенін айтты", - деп жазылған мақалада.
Премьер-министрдің мақаласы "Біз қазір айбынды Украинадан теріс айналсақ, ешқашан қауіпсіз бола алмаймыз" деп аталады.
Алайда бұл оқиғалардың Еуропа мен корольдік қауіпсіздігін сақтауға қаншалықты қатысы бар екені түсініксіз, деп жазды мақала авторы.
Егер генерал Сандерс "Ресей агрессиясы Еуропадағы қауіпсіздік жойылған жаңа кезеңге алып келгені" және сондықтан британ армиясын модернизациялауды жеделдету қажеттілігі туралы жазса, Джонсон "Біз және біздің одақтастарымыз өз қауіпсіздігімізді Украина қауіпсіздігі секілді қайсарлықпен қорғаймыз" деген пікір айтты.
Бұл мәлімдемелердің барлығынан бір ғана түйін шығаруға болады: англосаксондар батысты алдағы көп жылға арналған созылмалы соғысқа дайындап жатыр. Бұл туралы НАТО бас хатшысы Йенс Столтенберг ашық айтты:
"Бұған өте көп жыл жұмсалады, оған дайын болу керекпіз. Украинаны қолдауды тоқтатпау қажет. Мұның бағасы өте қымбат болуы мүмкін. Оның салдары әскери қолдау кезінде ғана емес, энергия мен азық-түліктің қымбаттауы сипатында да болуы ықтимал".
Джонсон Украинаға көмектесудің төрт негізгі бағдарын атады: қару-жарақпен, қаржылай, экспортқа арналған логистика және астықты алып шығу. Ол мұның барлығы Ұлыбритания мен оның одақтастарының орасан зор күш салуын қажет ететінін айтты.
"Жалпы британ шенеуніктерінің ойынша Украинада жеңілген Ресей бірден Балтық елдері немесе Польшаға шабуыл жасайтынына сенетіндер бар ма? Әрине, жоқ. Ұлыбритания құрлықта соғысуға ниетті емес және Ресейдің НАТО елдеріне шабуыл жасайтынына сенбейді. Бірақ британ көшбасшылары поляк шенеуніктері секілді алдағы ондаған жылда Ресей-Ұлыбритания қарым-қатынасын мейлінше бұзуды көздеп отыр. Ол үшін екі ел байланысын жаңғыртуға ешқандай мүмкіндік қалдырмайтындай әрекеттер қажет", - деп жазды РИА Новости.
Ұлыбритания Еуропадағы шиеленісті мейлінше ушықтыруды қалайды. Бұл стратегия өткен ғасырларда ағылшындарға оңай олжа алып келгеніне тарих куә. Бірақ бұл жолы Ұлыбританияның сол кездегі армиясы мен флоты жоқ. Дегенмен "орыстардың әлемді жаулап алуды және тарихта өзіне тиесілі болған жерлерді қайтару үшін соғысуға дайын екені" туралы ақпаратты сылтау етуге болады.
Мақала авторының пікірінше, қалай болғанда да, Лондон қазіргі іс-әрекет пен шешімнің жақын болашақтағы салдарын есепке алмай, тым қауіпті әрекетке барып отыр.
Ақпараттар holod.media, kursiv.media, Stan.kz, ҚазАқпарат, Азаттық радиосы, sputnik.kz басылымдарынан алынды.