Атырау, 25 сәуір 03:24
 ашықВ Атырау +20
$ 443.85
€ 474.30
₽ 4.80

​Атырау облысында сот екі дәрігерді бас бостандығынан айырды, бірақ олар түрмеде отырмайды

1 347 просмотра

Атырау облысы Құрманғазы аудандық сотында ҚР ҚК-нің 317-бабының 3-бөлігі Адам өліміне әкеп соққан медицина қызметкерінің кәсіптік міндетін тиісінше орындамуы») бойынша айыпталған орталық аудандық аурухананың хирургы және реаниматологына қатысты үкім шықты.

44 жастағы Бекдидар КӨРГЕНӘЛИЕВ 2020 жылы 29 желтоқсанда аудандық ауруханаға түсіп, 2021 жылдың 1 қаңтарында сол жерде қайтыс болды. Жаңа жыл қарсаңында ол қатты қиналып, ауырсынып айқайлап жатқанда, дәрігерлер оны жай ғана «ұмытып» кеткен.

Сотта аудандық аурухана дәрігерлерінің «пневмония» диагнозымен және «қант диабеті» ілеспе ауруымен түскен науқасқа тиісті медициналық көмек көрсетпегені анықталды. Сондай-ақ дәрігерлердің кәсіби міндеттеріне немқұрайлы қарауы және тиісті орындамауы салдарынан науқастың қайтыс болғаны дәлелденді.

- Сотталушылардың кінәсі жәбірленуші тараптың, куәлардың, сарапшылардың айғақтары және комиссиялық сот-медициналық сараптамасының қорытындысымен расталды, – деді судья Бибітгүл МЕНСИТОВА.

Прокурор 3 жыл мерзімге медициналық қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып, 2 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындауды және онша ауыр қылмыс жасамағаны үшін рақымшылық актісінің негізінде оларды негізгі жазадан босатуды сұрады. Өз тарапынан жәбірленушілер мен олардың өкілі соттан заңға сәйкес ең жоғары жаза тағайындауды сұрады (317-баптың 3-бөлігінде 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру көзделген). Бірақ айыпталушылар мен олардың қорғаушылары тағылған айыппен келіспей, ақтау үкімін шығаруды сұрады.

Сот хирург пен реаниматологты 2 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айырып, сонымен қатар 3 жылға дәрігерлік қызметпен айналысу құқығынан айыру түріндегі қосымша жаза тағайындады.

- «ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» ҚР Заңына сәйкес Ш. және Ж. бас бостандығынан айыру түріндегі негізгі жазадан босатылды, өйткені Қылмыстық кодекске сәйкес бұл әрекет онша ауыр емес қылмыс санатына жатқызылған, сот осы заңның нормаларын қолдануға міндетті, - деді судья.

Жәбірленуші тараптың (туыстарының) пайдасына сотталғандардан 8 миллион теңге моральдық шығын өндірілді. Алайда, жәбірленушілер үкіммен келіспей, облыстық сотқа апелляциялық шағым түсірмекші.

- Адамның өлімі «онша ауыр емес қылмыс» болып табыла ма? Ауруханаға өз аяғымен келген адамның өліміне дәрігерлер тікелей кінәлі! – деді марқұмның әпкесі Индира МҰХАНАЛИЕВА. – Сот үкіміне шағымданамыз.

Фархат ӘБІЛОВ

16 маусым 2022, 11:39

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.