Атырау, 29 наурыз 20:22
 ашықВ Атырау +1
$ 448.15
€ 483.46
₽ 4.86

Атырауда бұралқы иттерді аулау басталады

1 598 просмотра

20 мамырдан бастап Атырауда бұралқы иттерді аулау басталады. Бұл туралы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының ветеринариялық мониторинг және есептілік бөлімінің басшысы Нұркен БОЯРОВ мәлімдеді, деп хабарлайды Атырау облысының өңірлік коммуникациялар қызметі.

Қаңғыбас иттерді аулау және жою жұмыстары 2022 жылғы 2 наурызда ҚР «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Заңының қолданысқа енуіне байланысты тоқтатылды.

Дегенмен, қазіргі уақытта бұл мәселе облыс үшін өте өзекті, ал алдағы каникул күндеріне байланысты аса маңызды болып отыр. 2022 жылдың бірінші тоқсанында Атырау облыстық балалар ауруханасының травматология бөліміне әртүрлі дәрежеде ит қапқан 71 бала жүгінген. Салыстырсақ, былтыр осы кезеңде 64 оқиға тіркелген. Жалпы, өткен жылы ит қапқан 18 жасқа дейінгі 398 бала жедел жәрдемге жүгінген. Осыған орай Атырау қаласы әкімдігі мен барлық ауылдық округте қаңғыбас иттерді аулау жұмыстары ұйымдастырылды. 

– Қазіргі уақытта мемлекеттік сатып алу бойынша конкурс өтті. Жеңімпаз мердігер бүкіл жұмысты ұйымдастырады. Ал иттерді тірілей аулау осы жылдың 20 мамырынан басталады. Ауланған иттер питомникке орналастырылады, - деді Н.Бояров. 

Жұмыстарға тапсырыс беруші – «Атырау қалалық ветеринариялық станциясы». Лоттың жоспарланған сомасы - 8 млн теңге. Техникалық спецификацияға сәйкес, қаңғыбас иттерді аулау қызметтеріне - аулау және уақытша ұстау, атап айтқанда, процедура кезінде панажайда ұстау, күтім жасау, күнделікті тамақтандыру, чиптеу, ұрықсыздандыру (кастрация), құрттардан тазарту кіреді. Бұл процедуралардан кейін агрессив емес және қауіпті емес иттер босатылады. Адамдарға қауіп төндіретіндерін дәрі беріп, көзін жояды. Жануарлардың жағдайын міндетті түрде жеңімпаз компанияның штатында болатын кинолог пен ветеринар анықтайды. Сонымен қатар, ветеринариялық клиникамен келісім болуы керек. Қыркүйек айына дейін мердігер – «Inmarket» ЖШС 285 ит аулауы керек.

Бұрын қаңғыбас жануарларды ұрықсыздандыру 2019 жылы жүргізілген болатын. Әкімдіктен 4 миллион теңге бөлініп, бұл қаражатқа 175 ит пен 200-ге жуық мысық ұрықсыздандырылды. 

- Сол кезде ұрықсыздандыруға ақша тікелей ветеринариялық клиникаларға жіберілді, - дейді «Мейірімді жүрек» қоғамдық қорының жетекшісі Венера МАНАСОВА.

Ресми мәлімет бойынша, былтыр облыста ату арқылы 17 мыңнан астам ит жойылған. Бірақ бүгінде Атырау көшелерінде жүрген қаңғыбас иттерді көргесін, бұл сандарға сену қиын. 

Зульфия ИСКАЛИЕВА

12 мамыр 2022, 15:04

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.