
Әлеуметтік желіде балықтың қырылып жатқаны түсірілген бейнежазба пайда болды. Осыған қатысты Атырау облыстық балық шаруашылығы басқармасының басшысы Артур СӘДІБЕКҰЛЫ былай деп түсінік берді:
- Бейнежазба жақында түсірілген. Бұл жағдай Қайыршақты ауылдық округіне қарасты «Безымянный» су айдынында орын алған. Балық уылдырық шашу үшін қолайлы жер іздеп жүргенде канал сағасына тіреліп қалған. Қазір 65 келі өлі шабақ жиналды.
Облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлағандай, балық уылдырық шашу орнына еркін кіру мақсатында жергілікті тұрғындардың күшімен 1 метрдей канал қазылды. Қазір облыстық балық шаруашылығы басқармасы, Атырау қалалық әкімдігі мен еріктілердің қатысуымен құтқару жұмыстары жүргізілуде. Өлі балықтар жинау, сүзгілеу және санитариялық талаптарға сәйкес көму арқылы жойылады. Тірі балық жиналып, сүзілген соң Жайыққа жіберіледі.
Қазір бұл жерге комиссия жіберілді. Оған облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұрлыбаев, балық шаруашылығы басқармасының басшысы Артур Сәдібекұлы мен орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының өкілдері кіреді. Тексеру нәтижесі туралы қосымша хабарланады.
Атырау облысының мамандандырылған табиғат қорғау прокуроры Асхат ҚАСИМОВТЫҢ хабарлауынша, Қайыршақты ауылдық округіне қарасты «Безымянный» су айдыны мен канал бойындағы балықтың қырылу дерегіне қатысты ҚР ҚК-нің 336-бабы («Балық қорларын қорғау қағидаларын бұзу») бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары басталған.
Алдын ала анықталған қырылу себебі - Жайық суының қатты ағысы балықты «Безымянный» арнасының таяз суына қазылған канал бойына шығарып жіберген. Жиналған өлі қаракөздің жалпы көлемі 65 келі болды.
Бүгінде табиғат қорғау прокуратурасының тапсырмасымен Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының инспекторлары облыстың барлық су қоймасында мониторинг жүргізіп жатыр. Іс-шаралар облыс прокурорының бақылауында.
Дайындаған Ләззат ҚАРАЖАНОВА
В Атырау -1