Атырау, 2 мамыр 12:24
 ашықВ Атырау +24
$ 442.05
€ 474.14
₽ 4.74

Тұздыкөл маңындағы шипажайдың құрылысы тоқтатылды

1 622 просмотра

Өткен жылы Индер ауданындағы Тұздыкөл жанынан басталған шипажай құрылысы қазір тоқтап тұр.

Емдік шипасы мол тұз көліне жылма-жыл облыс, республика көлемінен, тіпті шетелден жүздеген адам  келеді. Бірақ бұл жерде ешқандай жағдай туғызылмаған. Әркім өзінше күрке тігіп, болмаса көлікке қонып қиындықтан шығып келеді.

Индер ауданы әкімдігі 2020 жылы 24 маусымдағы №124 қаулысымен туризмді дамыту және Тұздыкөлді күтіп-ұстау мақсатында «Нефтестройсервис ЛТД» ЖШС-не көлдің жағалауынан демалыс кешені құрылысы үшін 50 гектар жер телімін уақытша өтеулі жер пайдалану құқығымен 5 жыл мерзімге берген болатын. Алайда іргетасы қаланған құрылыс жұмысы бүгінде қозғаусыз қалған. Құрылыс маңында ешкім жоқ.

Бұл жөнінде Индер ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі мынадай мағлұмат берді.

«Индер көлі ҚР Үкіметінің 2006 жылғы 28 қыркүйектегі №932 қаулысымен бекітілген республикалық маңызы бар мемлекеттік табиғи қорық қоры объектілерінің тізбесіне енгізілген. Бірақ бұл көл ҚР Үкіметінің 2017 жылғы 26 қыркүйектегі №593 қаулысымен бекітілген республикалық маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың тізбесіне енгізілмеген. Сонымен қатар 2006 жылғы 7 шілдедегі ҚР «Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы» Заңының  76-бабына сәйкес, су пайдаланудың қорықтық, қаумалдық немесе реттелмелі режимдері, күзет аймақтары белгіленбеген және аталған Заңның 25-бабына сай көлдің паспорты толтырылмаған». 

Сайып келгенде, құжаты толыққанды жасақталмағандықтан және жағалауынан құрылыс жұмыстарын жүргізуден табиғатқа келетін экологиялық зардап зерделенбегендіктен «Нефтестройсервис ЛТД» ЖШС жұмысын тоқтатып тастады. Бүгінде Атырау облысы Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына көлдің құқықтық мәртебесін анықтау мақсатында тиісті ұсыныс берілген.

«Биыл құрылыс жұмысы жалғаса ма?» деген сауалымызды «Нефтестройсервис ЛТД» ЖШС жауапсыз қалдырды.    

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

25 сәуір 2022, 16:55

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.