Атырау, 27 сәуір 09:35
 ашықВ Атырау +27
$ 443.35
€ 475.54
₽ 4.82

Тутұғырға жыл сайын бюджеттен миллиондаған теңге бөлінеді

1 823 просмотра

Биыл Атыраудағы тутұғырды күтіп ұстауға және қызмет көрсетуге жергілікті бюджеттен 8 миллион, туға жаңа мата сатып алуға қосымша 5 млн теңге бөлінді.

Мемлекеттік сатып алу порталында наурыз айында жеткізуші «Биоген-Инжиниринг Лимитед» ЖШС тікелей келісімшарт жасасу арқылы бір көзден 1 млн 568 мың теңге көлемінде лот ұтып алды. Тапсырыс беруші – қалалық ТКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі. Лоттың техникалық сипаттізіміне сәйкес, жеткізушінің қызметіне қолайсыз ауа-райы болған жағдайда (8-10 м/с жел, атмосфералық жауын-шашын) және мата бүлінгенде (физикалық тозуы, матаның жыртылуы) көтеру және түсіру, тудың көтеру механизмін бақылау және тексеру, механизмге техникалық қызмет көрсету кіреді.

Еске салсақ, 2021 жылы тутұғырды күтіп ұстауға және қызмет көрсетуге бюджеттен 4 миллион теңгеге жуық қаражат бөлінген болатын. Лот иесі сол «Биоген-Инжиниринг Лимитед» ЖШС атанды.

Лоттардың сомасын салыстыра келе, қалалық ТКШ бөлімі мамандарынан комментарий сұрадық. Олардың айтуынша, 1 миллион 568 мың теңге сомасындағы лот былтырғы келісімшарттың ұзартылғанын білдіреді. Бұл конкурс қаңтар мен ақпан айларында тутұғырды күтіп ұстауға және қызмет көрсету үшін, наурызда осы жыл бюджетінің сомасы анықталғанша жарияланған болатын.

Нәтижесінде биыл бюджеттен 8 млн теңге бөлінді, оның 1 млн 568 мың теңгесі бірінші лот бойынша игерілді, қалған сомаға – 6 млн 432 мың теңгеге ашық конкурс жарияланады.

Бұдан басқа, тудың 14,5х29,5 метр көлеміндегі 10 дана матасын сатып алуға бюджеттен 5 млн теңге бөлінді. Ашық конкурс жарияланады.

Айтпақшы, қалалық ТКШ бөлімінің мамандары хабарлағандай, былтыр да артығымен тудың 10 матасы сатып алынып, барлығы пайдаланылған болатын.

Еске салсақ, ақпан айының соңында облыстық мәслихаттың депутаты Нұрлан МҮТАЛИЕВ кезекті сессияда матаның көлемі туралы мәселе көтерген еді. Жобаға сәйкес, тудың көлемі 15х7 метр (105 шаршы метр) болуы керек. Депутаттың айтуынша, қазіргі тудың көлемі 15х30 метрді (450 шаршы метр) құрайды. Ал тутұғыр мұндай салмақты көтере алмайды. Сол кездегі облыс әкімі Махамбет ДОСМҰХАМБЕТОВКЕ ол тутұғыр тағы да құлап кетпес үшін олқылықтардың бар-жоғын анықтайтын бірлескен комиссия құруды ұсынды. Досмұхамбетов сол кезде «тиісті ведомстволарға мәселені анықтауға» тапсырма берді. Бірақ бүгінге дейін ешқандай комиссия құрылған жоқ.

Еске салсақ, Атырауда салынып жатқан Республика алаңындағы 91 метрлік тутұғыр 2019 жылдың 20 желтоқсанында қақ ортасынан бөлінген еді. Сол кезде «Kastador» ЖШС мердігер ұйымының директоры Айдын ӘЛМҰХАМЕТОВ ықтимал себептердің бірі - дәнекерленген жердің жігі ажырап кеткен болуы мүмкін деген болатын. Оның айтуынша, құрылым бұрандалармен жалғанған 8 секциядан тұрған, ал жалғанған жіктің ажырауы өндірістік ақау салдарынан болған.

Ал 2020 жылдың тамыз айында Атырау облысының прокуратурасы мердігердің жобалық-сметалық құжаттама талаптарына қарамастан, авторлық қадағалау қызметінің мақұлдауынсыз құрылымды сметаға енгізілген 203 миллион теңгеден 3 есе арзан бағаға орнатқанын анықтады. Прокурорлық материалдар сотқа дейінгі тергеп-тексеру үшін Экономикалық тергеу департаментіне берілді. «АЖ»-ның қазіргі сауалына департамент егжей-тегжейлі тоқталмай, осы материалдар бойынша қылмыстық істің қозғалмағаны туралы қысқаша жауап берді.

Еске салсақ, нысан құрылысына жер қойнауын пайдаланушылардың әлеуметтік аударымдары есебінен 2,5 млрд теңге бөлінген.

Айнұр САПАРОВА

23 сәуір 2022, 06:10

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.