Атырау, 24 сәуір 13:17
 ашықВ Атырау +19
$ 444.32
€ 473.33
₽ 4.76

Серік Шәпкенов Facebook пен Instagram желілерінен жеке парақшасын ашты

2 734 просмотра

Атырау облысының жаңа әкімі Серік ШӘПКЕНОВ Facebook және Instagram әлеуметтік желілерінен жеке парақшаcын ашты. 

- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Жарлығымен Атырау облысының әкімі қызметіне тағайындалып, жұмысқа кірістім. Осы уақыт ішінде тілеулестік танытып, сәттілік сәлемін жолдаған жандарға рақметімді айтамын.

Халықпен кері байланысты арттыру үшін әлеуметтік желілерде жеке парақшамды ашуды жөн санадым. Ендігі ретте осы платформа арқылы маңызды дүниелермен бөлісіп отырамын және ұсыныс-пікірлеріңізге ашықпын, - деп ол өзінің ресми парақшасына алғашқы жазбасын қалдырды.

Облыс басшысы Атыраудың экономикалық әлеуеті жоғары өңір екенін айта келе, оның ел дамуы үшін маңызы зор екеніне тоқталды.

- Маған облыстың тыныс-тіршілігі таныс. Бұған дейін сіздермен бірге бірнеше жыл Атыраудың дамуы жолында жұмыс істедім. Енді алдағы уақытта облысты жаңғырту жолындағы жұмыстарды жалғастыруда білімім мен тәжірибемді, күш-қуатымды жұмсауға дайынмын, - деп жазады С.Шәпкенов.

Әзірге оның Facebook желісіндегі алғашқы жазбасы 209 лайк пен 65 пікір жинаса, Instagram желісінде әкімнің қазір 2460 жазылушысы бар.

Еске салсақ, Атырау облысы әкімдері арасында әлеуметтік желіде ең белсенді Нұрлан НОҒАЕВ болды. Оның тұсында Telegram желісінде кез келген адам өз сауалын қоя алатын чат арнасы ашылып, шенеуніктер Instagram және Facebook желісінде облыс әкімдігінің аккаунттарынан тікелей эфирде хабар таратып, «ашық есік күндері» жүйелі түрде өткізіліп тұратын.

- Мәселен, көпбалалы отбасылардың талаптары сынды дағдарысты сәттерде әкімнің өзі Telegram чатында сағаттап отырып, халықпен сөйлесті, - деп сол кезде әкімдіктің баспасөз қызметі мәлімдейтін. Бұл жобаға Нұрлан Ноғаевтың көзқарасы байыпты болғанына оның қызметінен кетіп бара жатып, Telegram-арнасы арқылы облыс тұрғындарымен қоштасқаны дәлел. Көп ұзамай Telegram арнасы жұмысын тоқтатты.

– Қазіргі уақытта чат арнасында 22 мыңға жуық қолданушы тіркелген. Күн сайын облыс тұрғындарынан көптеген сауал түсіп, оларға жауапты қызметтер жауап береді. Бірақ пайдаланушылардың көптігі сонша, адамдар көбіне хабарламалар ағынында сауалын «жоғалтып», оларға берілген жауапты көрмей жатады. Осыған байланысты қызметті «жекешелендіру» ұйғарылды. Енді барлық өтінішті «109 бірыңғай байланыс орталығы» қабылдайды. Орталықтың жұмысы да дәл сондай жылдам болады, бірақ пайдаланушылар өздерінің сауалы мен оған берілген жауапты жүздеген, мыңдаған пікірлердің арасынан іздемейді, - деп түсіндірген еді сол кезде чат арнасының жабылуын облыс әкімдігінің баспасөз хатшысы Ержан ТӨЛЕК. Ал Атырау облысының әкімдігі телеграмм арнасының орнына шағымдарды келесі байланыс құралдары арқылы қабылдай бастады:

1. Қысқа нөмірге қоңырау шалу (109)

2. Telegram чат боты (@atyrau_109_user_bot)

3. Электрондық пошта арқылы (109@scatyrau.kz)

4. Мобильді қосымша арқылы (Көмек-109)

5. Әкімдіктің сайты http://atyrau.gov.kz/ (шағымдарды қабылдау виджеті)

Бұл байланыс арналарының жұмысы, әсіресе, электр қуаты ажыратылған кездерде, қала мен аудандарды су басқан және басқа да төтенше жағдайлар кезінде көп сынға ұшырайды.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

13 сәуір 2022, 17:07

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.