Атырау облысының бұрынғы әкімі Нұрлан Ноғаев күні кеше ҚР Энергетика министрі болып тағайындалды. Өңір басшылығы осы үш жылда немен ерекшеленгенін "АЖ" екшелеп көрді.
Нұрлан Ноғаев 2016 жылдың 26 наурызында Атырау облысының әкімі болып тағайындалды. Ол бұрынғы өңір басшысы Бақтықожа ІЗМҰХАМБЕТОВ Батыс Қазақстан облысын басқарғанда орынбасары болған.
Әкім ретінде Ноғаев өзінің алғашқы мәжілісін браконьерлікке қатысты өткізді – Атырау облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Мұрат ЕРМЕКҚАЛИЕВТІ сынға алды. Тура жыл өткеннен кейін инспекция басшысы жұмыстан кетуге арыз жазды.
Айтпақшы, Ноғаев ауыл шаруашылығы министрлігіне 2017 жылдың ақпан айында хат жазып, бір жылдан соң Каспий теңізінің тамағынан балық аулауды шектеуге қол жеткізді. Тереңдету жұмыстары мен браконьерлікпен күрес айтарлықтай нәтиже берді. Жыл басынан бері балық аулау кооперативтері бөлінген лимит аясында 6 555 тонна балық ауланды. Ал өткен жылы бұл көрсеткіш 4038 тонна болған еді.
«ЖЕР» МИТИНГІСІДЕГІ УӘДЕ
2016 жылдың 24 сәуірінде өткен «Жер митингісі» Нұрлан Ноғаевтың өміріндегі ең маңызды сынақ болды – себебі оның тағдыры мен алдағы қызметі осы митингіге шыққандармен жүргізген келіссөздің нәтижесіне байланысты еді. Алаңда жиналғандарға Ногаев екі рет келді. Бірінші рет сағат 14.30-да – митингіге қатысушылардың талаптарын тыңдауға, екінші рет сағат 16.00-де – митингіге қатысқандарды билік қудаламайтынын айту үшін алаңда болды. Жиналған жұрт бұл туралы уәде беруін сұрады, Ногаев сөзінде тұратынын айтты. Алайда, кейін Макс БОҚАЕВ пен Талғат АЯН 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Осы екі белсенді азаматты әкім қорғай алуы екіталай еді. Алаңға келместен бұрын әкім алдын-ала хабарласқан астанадағы кабинеттерден осы «жер митингісіне» алаңдап, бақылап отырғанын біз жақсы білеміз ғой. Ол қақтығыс болдырмай, митингті бейбіт таратуға тырысты және шешім қабылдауға қорықпады. Егер күш құрылымдары араласқанда, бұл күн Қазақстан тарихындағы «қаралы» күннің біріне айналуы мүмкін еді. Адамдар алаңда бірде-бір шамды сындырмастан тарқасты. Ал одан әрі қуғын-сүргіндер мен соттар – бұл әкімдер араласа алмайтын елдегі жалпы саяси ахуал. Алайда «жер митингісінің» белсенділері әкім өз сөзінде тұрмады деп ойлайды.
АСТАНАҒА СЫЙ
Астана қаласының 20 жылдығына Атырау облысы құны 6 миллиард теңгеге бағаланған жаяу жүргіншілер көпірін сыйға тартуы - үлкен қоғамдық пікірталас тудырды. Атыраулықтар осы уақытқа дейін Нұрлан Асқарұлының бұл сыйлығын ұмыта алар емес, өзімізде әлі салынбаған жолдар мен коммуналдық мәселелер шешілмей жатқанда, бұл неғылған астамшылық деп наразылықтарын білдірді. Айтпақшы, жол мәселесіне келетін болсақ, Ноғаевтың кезінде көптен күткен Атырау-Астрахань трассасын қайта жаңғырту жұмыстары басталды. Бұл жерде оның сіңірген еңбегі бар ма, жоқ па, маңызды емес, бастысы – бізде жол болады. Сондай-ақ, 2016 жылдан 2019 жылға дейін Атырау облысында жалпы ұзындығы 564 километр болатын 735 көшеге асфальт төселді. Оның көпшілігі жылдар бойы тас жол көрмеген қала маңындағы ауылдарда салынды. Сондай-ақ, облыс орталығының төрт негізгі көшесі қайта жөндеуден өтті.
БАЛЫҚТЫҢ ҚЫРЫЛУЫ
Бір жыл бұрын Жайықта көп мөлшерде балық қырылды. Атырау басы дүрлікті. Адамдар су ішуге, сауда орындарынан балық сатып алуға қорқатын жағдайға жетті. Ноғаев ведомствоаралық комиссияның отырысында бұл экологиялық апаттың себебін тауып, мәселені шұғыл шешуді тапсырды. Оған қатысты «Атырау Су Арнасы» КМК кінәлі деп танылды, қазір оның үш басшы қызметкеріне қатысты сот ісі соңына таяп қалды.
Құдайға шүкір, адамдардың сумен немесе балықпен уланған жағдайлары тіркелген жоқ.
ЖОЛАУШЫЛАР КӨЛІГІ
Әкімдік ұзақ уақыт бойы жолаушылар тасымалының тұжырымдамасын әзірлеуге уәде беріп келді. 2018 жылдың қазан айында - қала күні қарсаңында оны іске асырды. Сонымен қатар электрондық билеттеу жүйесін де енгізе бастады. Жалпы автопаркқа 160 жаңа автобус келді, тағы 170 автобустың ақшасын төлеп қойған, қалаға кейін жеткізіледі. Осыдан кейін, шенеуніктердің айтуынша, Атырауда автобус жетіспеушілігі болмайды.
САСЫҚ САЙ ЖАБЫЛАДЫ
Атырау жақында жағымсыз иістен арылады, көп жылдардан бері қала тұрғындары шағымданып жүрген сасық сай жабылатын болды, - деп есеп берді Ноғаев. Қазір Атыраудың оң жақ жағалауында кәріздік-тазарту қондырғысын салуға ЖСҚ дайындау аяқталып келеді, ал сол жақ жағалаудағы кәріз-тазарту қондырғысы 2020 жылы аяқталады. Айта кету керек, бүгінде қолданыстағы кәріз қондырғылары 1978 жылы пайдалануға беріліп, бірде-бір рет күрделі жөндеуден өтпеген.
Атырауда жағымсыз иіс азая ма, жоқ па – оны көре жатармыз.
ЖЕМҚОРЛЫҚ ЖАНЖАЛДАРЫ
Соңғы жылы Ноғаевтың имиджіне бірнеше ірі сыбайлас жемқорлыққа қатысты жанжалдар кері әсер етті. Оның орынбасары Нұрсәуле САЙЛАУОВА, білім басқармасының басшысы Қайырғали КЕНЖЕГАЛИЕВКЕ қатысты істер сотта қаралуда, ал облыстық перинаталдық орталықтың директоры Қуаныш НСАНБАЕВ перзентханада жаңа туған нәрестенің өліміне байланысты тергеу үстінде.
Ноғаевтың «АЖ»-ға берген сұхбатында егер оның қарамағындағы адамдардың кінәсі дәлелденсе, көпшілік алдында жауап беруге дайын екенін мәлімдегенін айта кеткен жөн. Енді жауап бермейтін болар, себебі сот әлі аяқталған жоқ, ал әкім министр болып кетті.
АПАТТЫ ҮЙЛЕРДІҢ ТҰРҒЫНДАРЫНА ЖАҢА ҚОНЫС
Атырауда апатты жағдайда тұрған 12 жатақхананың тұрғындары ұзақ жылдар бойы қоныс аударуды күтіп келді. Қазан айында Ногаев әкімдіктің Telegram чат-арнасында былай деп жазды: «Жыл соңына дейін Береке ықшамауданындағы үш көп қабатты тұрғын үй пайдалануға тапсырылады, бұл апатты жағдайдағы алты-жеті жатақхананың тұрғындарын көшіруге мүмкіндік береді. Біз осы жылы барлық алты үйдің құрылысын аяқтауды жоспарладық, бірақ, өкінішке орай, мердігерлердің айтуынша, бұл белгілі бір себептерге байланысты мүмкін болмай отыр. Қандай жатақханалар көшірілетіні жақын арада белгілі болады. Қалғандары 2020 жылдың бірінші жартыжылдығы ішінде жаңа үйлі болады».
ӘКІМ ТЕЛЕГРАМДА
Ноғаев өзінен бұрынғы әкімдермен салыстырғанда, ең ашық әкім ретінде есте қалды. Оның қолдауымен кез келген адам сұрағын қоя алатын электрондық Telegram жүктемесінде чат-арнасы ашылды, шенеуніктер Instagram-да тікелей эфирді және облакиматтың аккаунттарынан Фейсбук парақшаларын ашып, жүргізе бастады, үнемі ашық есік күндерін ұйымдастырып тұрды. Қиын кездерде, мысалы, көп балалы аналар талап қойған кездерде әкім Telegram-да сағаттап отырып, халықпен әңгімелесті, сұрақтарына жауап берді, - деп хабарлады әкімдіктің баспасөз қызметі.
ӨЛГЕН МАЛДЫҢ ӨТЕУІ
Алғашқы жылы Ноғаев мыңдаған сиырдың өліміне себепші болған ірі қара малдың «нодулярлық дерматит» атты індетіне тап болды. Індеттің бұл түрі Қазақстанда тіркелмеген және қазіргі заң бойынша мал иелеріне өтемақы төлеу көзделмеген. Бірақ әкім ауыл шаруашылығы министрлігін бұл ауруды өтемақы тізіміне енгізуге мәжбүр етіп, мыңнан астам отбасының 100% өтемақысын алуға ықпал етті.
Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА