Атырау, 20 сәуір 04:20
 ашықВ Атырау +27
$ 446.49
€ 475.38
₽ 4.79

"Топтық арыз түскенде немесе облыс әкімінің өкімімен тексере аламыз"

1 803 просмотра

Атырауда қазақстандықтар мен шетелдіктердің еңбекақы теңсіздігі мәселесі әлі де жойылмай отыр. Мемлекеттік еңбек инспекциясы жыл басынан бері бірнеше дерек анықтаған. Соның бір мысалы, бір мекемеде шетелдік азаматтар 2 млн теңгеден астам жалақы алса, тура сол жұмысты атқаратын қазақстандыққа 500 мың теңгеге жуық төлейді. Бұл туралы брифингте мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Игілік ӘУБӘКІРОВ (суретте) айтты.

Жыл басында облыс әкімдігінде өткен жиналыста ол биыл еңбек саласындағы дискриминация мен жалақы теңсіздігін тексеруге мықтап кірісетінін мәлімдеген болатын. Оның айтуынша, бүгінде өңірдегі 12 мекеме тексерілген, кезекте тағы 13 тұр. 

Жыл басынан бері Атырау облысында еңбек қатынастары заңнамасының бұзылу дерегі бойынша 381 арыз түскен. Соның ішінде басым бөлігі еңбек қауіпсіздігінің бұзылуы, жалақыны уақытылы төлемеу, еңбек келісімшартының жасақталмауы, үстеме ақының дұрыс есептелмеуіне қатысты.   

- 381 арыздың 217-сі бойынша азаматтардың коституциялық құқығы қорғалды. Нәтижесінде тиісті мекемелерге нұсқама беріліп, құқықбұзушыларға жалпы есеппен 4 млн теңгенің үстінде айыппұл салынды. Былтырғы жылдың статистикасымен салыстырғанда, биыл арыз саны көбейіп жатыр. Бұл өзінің еңбек құқығын қорғаушылар саны артты дегенді білдіреді, - дейді Әубәкіров.    

Оның айтуынша, биыл 500-ге жуық мекеме жұмысшыларына жалақы көтерген.

- ТШО мердігер мекемелеріне қаржылай қолдау көрсетіп (барлығы 70 мыңнан астам жұмысшы), жалақыны 50 пайызға көтертті. NCOC де өсірді. «Ембімұнайгаз» АҚ мен "АМӨЗ" АҚ да көтерді. Одан басқа, біздің мәлімет бойынша, ірі,  орта және шағын кәсіпорындарда 40 мыңдай адамға жалақы көтерілді. Бұл әлі де күрделі мәселе. Өйткені экономикалық жағдайына байланысты көп мекеме жалақыны көтере алмай отыр, - деді өңіріміздің бас еңбек инспекторы.

Оның айтуынша, облыста жалпы 8 млн теңгеге жуық жалақы берешегі жиналған үш мекеме бар. Қазір мәжбүрлі түрде жалақы төлету бойынша сот орындаушыларға нұсқама жолданған.  

Сонымен қатар, И.Әубәкіров биыл құрылыс және электр энергетикасы саласында болған 6 жазатайым оқиға тіркелгенін айтты. Бес жағдайда жұмыс берушінің 100 пайыз кінәсі екені анықталған. 

- Көп мекеме еңбек заңнамасын сақтамайды. Тиісті бұйрық шығармайды, адамды жұмысқа аларда еңбек келісімшартын жасақтамайды, зейнетақы аударымы мен медициналық сақтандыру қорына тиісті төлем жасамайды. Бұл ретте көп мәселе жұмысшының өзіне байланысты, олар өз құқығын біле тұра, жұмыс берушіден оның орындалуын талап етуі қажет. Одан басқа да мәселе бар: елімізде шағын бизнес субъектілерін тексеруге үш жылға дейін мораторий жарияланған. Соны кейбірі пайдаланады. Ал мораторий сол шағын мекемелер өз жұмысын дұрыс қалыптастырып, жақсартып алу үшін мүмкіндік ретінде жарияланған. Оны реттеудің жолы бар: еңбек теңсіздігіне тап болғандардан топтық арыз түссе, тексере аламыз. Одан бөлек, облыс әкімі тиісті өкім шығарып та тексеруге құқымыз бар, - деді И.Әубәкіров.

Айнұр САПАРОВА

11 сәуір 2022, 10:22

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.