Атырау, 25 сәуір 06:40
 ашықВ Атырау +20
$ 443.85
€ 474.30
₽ 4.80

Жалақы қарызы мен өндірістегі жазайым оқиға туралы

1 677 просмотра

Атырау облысы әкімдігінде әлеуметтік әріптестік пен еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі облыстық комиссия отырысы өтті. Жиынға өңірдегі жұмыс беруші ірі компаниялар мен жалақы төлеуде мәселе туындаған компания басшылары қатысты.

Әдеттегідей, оған «АЖ» журналистері шақырылмады. Отырыстан кейін біз мемлекеттік еңбек инспекциясы облыстық басқармасының басшысы Игілік ӘУБӘКІРОВКЕ (суретте) хабарластық. Оның айтуынша, биыл ақпан-наурыз айларында шетелдік үлесі бар компаниялардағы жалақы айырмашылығы мен жұмыс жағдайы бойынша кешенді тексеру жүргізілмек - сол үшін комиссия құрылады. Мұндай тексеру жұмысы соңғы рет 2019 жылы жүргізілген. 

Былтыр облыстық мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасына еңбек дауы бойынша 1584 адамның атынан арыз-шағым түскен. Арыздың басым бөлігі жалақыны кешіктіру, жұмыстан босатылу және тәртіптік жазаның заңдылығына қатысты болды. Былтыр жергілікті еңбек инспекциясына 83 кәсіпорында жұмыс істейтін 1388 қызметкердің жалпы сомасы 469,3 млн теңгені құрайтын жалақы қарызы өтелмеген. Бүгінде еңбек инспекциясы тарапынан тиісті шаралар қабылданып, соның ішінде 80 кәсіпорынның 1212 қызметкері алдындағы 447,8 млн теңге көлеміндегі жалақы қарызы қайтарылды. Қалған үш кәсіпорынның жалақы қарызын қайтаруымен әлі де айналысып жатыр: олар «Optimal Veld Service» ЖШС (2,1 млн теңге), «Gruppo RF Kazakhstan» ЖШС (3 млн теңге), «Caspian Contractors Trust» ЖШС (16,4 млн теңге).

- Жалақы қарызы бар барлық кәсіпорында тексеру жұмыстары жүргізіліп, еңбек заңнамасы нормаларын бұзуды жою туралы ұйғарым берілді. Заңды тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Жинақталған материалдар мәжбүрлеп орындату үшін жеке сот орындаушыларына жолданды, - дейді Әубәкіров.

Одан бөлек, былтыр жергілікті еңбек инспекциясына өндірістегі жазатайым оқиға бойынша 49 арыз түсті. Бесеуі қаза болып, 42-сі әртүрлі дене жарақатын алған. Мысалы, былтыр тамызда «Атырау Жарық» АҚ-ның электр жөндеушісі жұмыс барысында тоққа түсіп, қаза болды, екіншісі ауыр жарақат алды. 

Еңбек инспекциясы басшысы биыл да түскен арыз-шағымдардан бөлек жалақы теңсіздігі мен еңбек саласындағы дискриминация бойынша мәселелерге басты мән беретінін атап өтті. Ал біз бұл тақырыпқа әлі бірнеше рет ораламыз.

Айнур САПАРОВА

Суретті Өңірлік коммуникациялар қызметі ұсынды

2 ақпан 2022, 15:29

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.