11 тамызда, күндіз «Атырау Жарық» АҚ электр жөндеушілер бригадасы автокөтергіш пайдаланып, жоғары кернеулі желіге электр сымдарын орнатып жатқанда, жөндеушінің бірі қаза болды.
Манипулятордың көтергіш жебесі үзіліп жерге түскенде, үстінде екі жөндеуші болған 6-7 метр биіктікте тұрған алаңшаны астына басып қалды. Нәтижесінде екеуі де ауыр жарақат алды, біреуі кейін облыстық ауруханада қайтыс болды. Екіншісінің жағдайы ауыр, дәрігерлердің бақылауында.
- 1998 жылы туған науқас облыстық аурухананың жансақтау бөлімінде ауыр халде жатыр. Диагнозы: аралас жарақат, сол жақ жауырыны шытынап сынған, сол жақ иығы сынған, сол жақтан төрт қабырға сүйегі сынығы, жамбас сүйегі сынған. Науқасты ота жасатуға дайындап жатыр, - деп хабарлады денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.
Атырау облысы полиция департаменті хабарлағандай, «Атырау Жарық» АҚ-ның 1979 ж.т. қызметкерінің өліміне қатысты ҚР ҚК-нің 156-бабы 3 бөлігімен («Абайсызда адам өліміне әкеп соққан еңбектi қорғау қағидаларын бұзу») сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Сот-медициналық сараптама тағайындалды.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
Сурет әлеуметтік желіден алынды