Атырау, 7 қазан 09:19
 ашықВ Атырау +26
$ 481.84
€ 531.33
₽ 5.07

​Таубаев пен Басаровтың ісі: Таубаев қатыспаса да, сот процесі аяқталады

2 244 просмотра

24 наурызда бұрынғы Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан ТАУБАЕВ пен құрылыс басқармасының басшысы Тимур БАСАРОВТЫҢ ісі бойынша сот процесі Таубаев пен оның адвокаттарының келмеуіне байланысты тағы да кейінге шегерілді. Бұған дейін Таубаевтың денсаулық жағдайына шағымданып, қатысудан бас тартуына байланысты  сот процесі бірнеше рет кейінге қалдырылған болатын.

Еске салсақ, 24 ақпанда қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында сотталушы ретінде жауапталған Басаров аса ірі мөлшерде пара бопсалау фактісі бойынша және тікелей Таубаевтың нұсқауымен әрекет еткенін көрсетіп, кінәсін мойындады. Таубаевтың адвокаттары мұндайды күтпеген еді. Солардың бірі Игорь ВРАНЧЕВ «аздап таңданып қалғанын» айтты.

Сол күні Басаровтан жауап алынған соң, Таубаев сотқа тиісті арыз жазып, түстен кейінгі уақытқа белгіленген сот отырысына қатысудан бас тартты. Ал одан кейін аптасына үш рет отырыс өткізілсе де, ол сотқа бір-ақ рет келген.

Сотқа Таубаевтың тергеу изоляторында медициналық көмекке жүгінбегені және "жедел жәрдем" шақыруды өтінбегені белгілі болды. Осыған байланысты судья Зарема ХАМИДУЛЛИНА Таубаевтың денсаулық жағдайын тексеру үшін дәрігер жіберуді тапсырды. Дәрігердің анықтамасы бойынша Таубаевтың дені сау.

Бұл жолы 24 наурызда Таубаевпен бірге оның адвокаттары Игорь ВРАНЧЕВ, Мұратхан АМИТОВ және Нұрлан ЖОЛБОЛОВ та сотқа келмеді.

– Адвокаттардың сот процесіне кедергі жасап, істі қарауды кейінге қалдыра беруге құқығы жоқ. Таубаевтан денсаулығына байланысты қатыса алмайтыны туралы арыз түсті, бірақ денсаулық жағдайының нашарлығы медициналық құжатпен расталмаған. Адвокаттардың не себептен келмегенін сот анықтайды. Сот отырысы 29 наурызға шегерілді, Таубаевтың қатысу-қатыспауына қарамастан, сот отырысы жалғасады, өйткені сотқа қатысудан бас тарту оның өз құқығы, - деді судья.

29 наурызға белгіленген сот отырысында Басаров тұрған тұрғын үйдің ПИК өкілінен жауап алу жоспарланған (бұған дейін Таубаевтың адвокаттары осы үйдегі бақылау камерасындағы бейнежазбаға қатысты одан жауап алу туралы өтініш берген). Басаровтан да қосымша жауап алу көзделіп отыр. Содан кейін сол күні сот тергеуі аяқталып, жарыссөз болады деп күтілуде.   

Айнұр САПАРОВА

25 наурыз 2022, 10:17

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.