Атырау, 7 қазан 11:25
 ашықВ Атырау +26
$ 481.84
€ 531.33
₽ 5.07

Тимур Басаров: «ИВЛ туралы мүлдем әңгіме болған жоқ, Таубаев Нұрлан Бақтыбайұлына ақша табыстау туралы сөз болды»

2 043 просмотра
Нұрлан Таубаев пен Тимур Басаров

24 ақпан күні таңертең кезекті сот отырысында құрылыс басқармасының бұрынғы басшысы Тимур БАСАРОВ соттың соңғы шешіміне әсер ететін мәлімдеме жасады.

Нұрлан ТАУБАЕВТЕН жауап алынғаннан кейін екінші Басаровтан сотталушы ретінде жауап алынды. Оның қатты қобалжығаны көрініп тұрды. Бастапқыда оқиғаны еске түсірді: «Мен 2020 жылдың маусым айында басқарма басшысының міндетін атқарушы болдым (2020 жылдың мамыр айында Серік Шәпкеновтің орнына Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары болып Таубаев тағайындалды – авт.). Таубаев мені осы қызметке шақырды. Ол менің тікелей басшым болды, мен оған тікелей бағындым. Оны мен 2018 жылы Атырау қаласы әкімінің орынбасары болған кезден білемін. Ол кісімен жұмыс бойынша және адами қарым-қатынасымыз жақсы болды. Зардап шеккен Т.-ны (жәбірленуші - аты-жөні Антикордың өтініші бойынша жарияланбайды - авт.) да көптен бері білемін, алдымен жұмыс бойынша, кейін достық қарым-қатынас орнады. Содан кейін Басаров ең бастысын мәлімдеді: ол қамауға алынған күні, 2020 жылдың 11 қыркүйегінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің тергеушісіне берген алғашқы мойындау жауабын толығымен растады. Ол жауапты өз еркімен берген, оны ешкім мәжбүрлемеген. Бірақ кейін Таубаевтың өтініші бойынша тек жазадан құтылуға көмектескісі келгендіктен бұл жауабынан бас тартқан.

– 2020 жылдың жазында Нұрлан Бақтыбайұлы мені кабинетіне шақырды, содан кейін екеуіміз кабинетіне қарама-қарсы орналасқан мәжіліс залына бардық. Ол маған Т.-мен сөйлесу керек екенін айтты. Ол бұған дейін Т.-мен сөйлескенін және Құлсары қаласындағы 200 төсектік жұқпалы аурулар ауруханасы үшін ТШО-мен жасалған келісімшарт бойынша Т.-нің компаниясының шотына аударылатын соманың 10 пайызы көлемінде өзіне ақша аударуды сұрағанын (2 млрд 650 млн теңге – ред.), әйтпесе Т. проблемалар болатынын айтты. Содан соң Т.-ге телефон соғып, кездесуді өтіндім. Ол келді, біз кездестік. Мен оған Таубаевтың талабын айттым. Ол ашуланып, Таубаевпен өзі жеке кездескісі келетінін айтуды өтінді. Сөйтіп үшеуіміз мейрамханада кездестік, осы кездесудегі барлық әңгімеміз жазылған, мен оны растаймын. Айта кетейін, ИВЛ туралы мүлде әңгіме болған жоқ, әңгіме Т.-нің ТШО-мен жасалған келісімшарт сомасының 10 пайызын Таубаев Нұрлан Бақтыбайұлына беруі жөнінде болды. Бұл ақшаның оған не үшін қажет болғанын білмейтінімді атап өткім келеді. Жеке маған ол бұл сомадан ештеңе уәде еткен жоқ, менде ешқандай пайдакүнемдік мақсат болған жоқ, мен тек оның тапсырмасын орындадым. Қамауға дейінгі соңғы кездесуде мен Нұрлан Бақтыбайұлына Т.-нің айтқанын, Нұрлан Бақтыбайұлының Т.-ға айтқан сөзін жеткіздім. Әңгіме әуелі 10 пайыз туралы болды, 10 қыркүйектен кейін Нұрлан Бақтыбайұлы мені кабинетіне шақырып алды. Жолда дәлізде келе жатқанда Т.-нің 7 пайыз көлемінде қаражат дайындап қойғанын, оны алып кету керек екенін айтты. Осыдан кейін мен Т.-ға телефон соқтым, ол менің үйіме келді, түстен кейін сағат 13.50-де үйден шықтым, оның көлігіне артқы орындыққа отырдым, ол менің жаныма отырды. Қасында қара сөмке жатты, сөмкені көрсетіп, қағазға цифрды көрсетті. Ол жерде ақша бар екенін өзім түсіндім, бірақ оларды көрмедім және санамадым. Мен сөмкені алдым, Т. алдыңғы орындыққа отырды. Осыдан кейін дереу Антикор қызметкерлері жүгіріп келіп, мені ұстады. Айналама адамдар жинала бастады, видеоға түсірді. Айып тағылып, тергеу амалдары басталды...

Құрметті сот! Маған қазір бұл айғақтарды беру оңай емес, мен Таубаевқа көмектескім келді. Өйткені ол мені кезінде жұмысқа шақырған болатын, бірақ мен заңсыз қызметпен айналысамын, заңсыз тапсырмаларды орындаймын деп ойлаған жоқпын. Өз басымда пайдакүнемдік мақсат болған жоқ, ешкім маған ақша уәде еткен жоқ. Т.-ға ыңғайсыздық туғызғаным үшін кешірім сұрағым келеді. Тергеу кезінде берген мойындау жауаптарымды толық растаймын. Бүгін мен шындықты айтып отырмын, бұл менің өз шешімім. Маған ешкім қысым көрсеткен жоқ және ешкім қысым көрсетіп жатқан жоқ, мені мұндай айғақ беруге ешкім мәжбүрлеген жоқ. Мен бәрін айттым, бұған алып-қосарым жоқ, осымен жауабымды аяқтаймын, әрі қарай заңды құқығымды пайдалана отырып, сұрақтарға жауап бермеймін.

Таубаевтың адвокаттары Басаровтың мұндай айғағына дайын болмағандықтан, судьядан қорғалушысымен сөйлесу үшін уақыт сұрады. Адвокат Игорь ВРАНЧЕВ «абдырап қалғанын» айтты. Судья Зарема ХАМИДУЛЛИНА процеске қатысушыларға сұрақтарға жауап беруден бас тарту сотталушының конституциялық құқығы екенін, бірақ олар өз сұрақтарын қоя алатынын, жауап беру немесе бермеу туралы Басаровтың өзі шешетінін түсіндірді. Сол кезде прокурор Нұржан ЖАНГЕРЕЕВ Басаровтан Таубаев пен Т.-нің жеті пайыз туралы сөйлескен аудиожазбаларындағы оның дауысы екенін растайсың ба деп сұрады. Басаров «иә» деп жауап берді. Содан кейін прокурор бұл әңгімелердің мәнін нақтылауды сұрады. Басаров әңгіме келісімшарт сомасының он пайызы туралы болғанын, содан соң жеті пайызға келіскендерін түсіндірді.

– Осы 7 пайыздың ішінен Таубаев сізге материалдық сый немесе басқа пайда уәде етті ме? – деп сұрады прокурор.

- Жоқ, ештеңе уәде еткен жоқ. Мен тек Таубаевтың атынан және оның тапсырмасы бойынша әрекет еттім, - деп жауап берді Басаров.

– Сосын 25 тамызда үйіңіздің ауласында болған әңгіменің жазбасында неліктен Т.-ге: «Бәрін қолдаймыз, алдағы уақытта әлдебір мәселелерді, яғни сатып алу бойынша, мүмкін мемлекеттік, мүмкін ТШО арқылы, әлде NСOC-қа барсаң, барлық жерде қолдаймыз, тек түсіністік болу керек» дедіңіз? Бұл жерде сіз Таубаевтың сөзіне сілтеген жоқсыз, оның атынан ғана емес, өзіңіздің атыңыздан да айттыңыз ба? — деп жалғастырды прокурор.

- Таубаев маған барлық жағынан көмектесіп, қолдайтынымызды айтты, мен Т.-ге солай жеткіздім, - деп жауап берді Басаров.

Әрі қарай Басаровтың адвокаты Гүлсара ҚАБЛАНБАЕВА қорғалушысының тараптардың сұрақтарына жауап беруден бас тартқанын еске түсірді.

Осыдан кейін сот залында айып орындығында отырған Нұрлан Таубаев Басаровтың бүгінгі айғағына сабырмен қарайтынын, өйткені оған, оның туыстары мен жақындарына Антикор қызметкерлері қысым көрсетіп жатқанын айтты:

– Бұл туралы маған Басаровтың өзі айтты.

- Солай ма? — деп сұрады судья Басаровтан. Ол ешқандай қысым болмағанын және бар шындықты айту оның өз шешімі екенін айтып:

– Мен жәбірленуші Т-нің айғағын толық растаймын, - деді.

Осыдан кейін Таубаев түстен кейінгі уақытқа белгіленген сот отырысына қатысудан бас тартып, судьяға тиісті арыз жазды.

Айнұр САПАРОВА

26 ақпан 2022, 23:19

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.