
Бүгін, 18 наурызда №2 қалалық соты Атырау облысы әкімінің орынбасары Қайрат НҰРЛЫБАЕВ пен «Бұйырғын» ауылшаруашылық өндірістік кооперативі төрағасының орынбасары Нұрлан БИСЕМБАЕВҚА қатысты ақтау үкімін шығарды. Сотталушылардың әрекетінде қылмыс құрамының жоқтығын алға тартып, сот оларды кінәсіз деп тапты.
- Сот сотталушылардың қылмыстық процесті жүргізген органның заңсыз әрекеттерімен келтірілген зиянды өтеу құқығын таныды, - деп хабарлады №2 қалалық соттың баспасөз қызметі.
Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.
Еске салсақ, іс сотта ҚР Қылмыстық кодексінің 189-бабы бойынша қаралды.
Нұрлыбаевқа «облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы болып тұрған кезінде «Бұйырғын» ӘКК төрағасының орынбасары Бисембаевпен бірге өзінің қызмет бабын пайдаланып, алдын ала сөз байласу арқылы, яғни ӘКК-ге 83 700 649 теңге инвестициялық субсидия беру арқылы бөгденің мүлкін ұрлады, ал Бисембаев 41 900 000 теңге көлемінде осы соманың жартысын заңсыз иемденді» деген айып тағылды.
Сот ӘКК инвестициялық субсидиясының 4 траншпен берілгенін анықтады. «Бұйырғын» ӘКК-нің инвестициялық субсидияны беру және оны сараптама комиссиясына мақұлдату өтінімі сотталушы Нұрлыбаев ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы лауазымына тағайындалғанға дейін – 2019 жылы мамыр айының соңында беріліп, ал қалған транштарды бұрынғы ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының бұйрығымен құрылған жұмыс тобы мақұлдаған.
Тергеу ісі агроөнеркәсіптік кешен субъектілерін субсидиялауға бөлінген қаражатты жымқыру мақсатында айыпталушылар арасында алдын ала сөз байласу болғаны туралы дәлел ұсынбады.
«Әрі қарай сотта зерттелген дәлелдемелер арқылы инвестициялық субсидиялар беру туралы өтінішке қоса берілетін құжаттардың толықтығына ӘКК құжаттарын қабылдаған ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшылары жауапты екені анықталды.
Сараптамалық ұйым мен жұмыс тобы Қ.Нұрлыбаевқа нысанның өндірістік қуаттарының сәйкестігі туралы тексеру актісін жасап, оның негізінде субсидия бөлу туралы келісімшартқа қол қойды. Сот отырысында жауап алынған Ауыл шаруашылығы министрлігінің маманы жұмыс тобы немесе сараптама ұйымы мақұлдағаннан кейін басқарма басшысы шартқа қол қоюға міндетті екенін, әйтпесе жауапкершілікке тартылатынын айтты.
Сотталушы Бисембаев «Бұйырғын» ӘКК-де материалдық жауапты тұлға болып табылмайды, алғашқы үш субсидияны алу кезеңінде ол жерде жұмыс істемеген және құрылтайшы болмаған, 2020 жылдың 3 тамызында директордың орынбасары болып жұмысқа орналасқан, яғни, үшінші траншты алғаннан кейін және онымен материалдық жауапкершілік туралы келісімшарт жасалмаған. «Бұйырғын» ӘКК төрағасының өтініші бойынша субсидия ретінде түскен қаражатқа Атырау қаласында қосымша құс фабрикасы нысандарын салуға қажетті материалдар алуға көмектесіп, ӘКК-ге берген. Бұл жағдайды ӘКК өкілдері растап отыр.
– Жауапкерлер инвестициялық қаражатты иемденген жоқ, бұл қаражатты ӘКК игерді. «Бұйырғын» ӘКК-не тиесілі құс фабрикасы жұмыс істеп тұр, салықтар уақытылы төленеді. Аудиттік тексеру арқылы субсидия беру тәртібі анықталғаннан кейін 83 700 649 теңге сомасында берілген субсидия толығымен бюджетке қайтарылды, қазіргі кезде азаматтық талап арыз бойынша ӘКК-нің бережағы жоқ», - делінген облыстық соттың баспасөз қызметінің хабарламасында.
Еске салсақ, бұдан бұрын прокурор Қуаныш ШУНКЕНОВ Нұрлыбаевты 10 жылға, Бисембаевты 7 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған болатын. Сот үкімі жарияланғанға дейін сотталушылар соңғы сөзінде қылмыс құрамының жоқтығына байланысты өздерін ақтауды сұрады.
Айнұр САПАРОВА
В Атырау 0