Атырау, 7 қазан 07:23
 ашықВ Атырау +26
$ 481.84
€ 531.33
₽ 5.07

Атыраудағы үш кісінің өлімі: қалай және не үшін

4 227 просмотра

Белгілі болғандай, 15 наурыз күні кешкі сағат 22.00 шамасында Атыраудағы «Авангард» соңғы аялдамасының маңында Құрманғазы көшесінің бойндағы №1 көпқабатты тұрғын үйдің жанында оқ атылды. Шабуылшы тапаншамен үш ер адамды атып, төртіншісін ауыр жаралады. Қазір бұл туралы бүкіл қала айтып жатыр. «АЖ» өз дереккөздерінің көмегімен мұның қалай және не үшін болғанын анықтады.

 

БҰЛ ҚАЛАЙ БОЛДЫ

Еске салсақ, жастарды өлтіру сәті бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Кадрларда Chance маркалы ақ түсті көліктің Авангардтың соңғы аялдамасының маңына тоқтағанын, ішінен ер адамның түсіп, жақындап жанына келіп тоқтаған Renault Duster көлігіне барғанын көруге болады. Содан соң бірден салон ішіндегі адамдарға тапаншамен оқ жаудырады (өкінішке орай, біздің сайтта алғашқы ақпаратта «Калашников» автоматы деп қате көрсетілген). Екеуі бірден көз жұмады - Атырау қаласының 22 жастағы тұрғыны Н.З. (арқасында 4 оқ) және қала маңындағы Еркінқала ауылының 26 жастағы тұрғыны С.К. (арқасында 3 оқ). Үшіншісі, Еркінқала тұрғыны 26 жастағы А.Н., басынан және оң қолынан жарақат алып, ауыр халде облыстық аурухананың жансақтау бөліміне жеткізілді. Ол әлі комада жатыр.

Ал көп ұзамай оқиға болған жердің маңынан арқасы мен желкесінен үш оқ тиген тағы бір мәйіт табылды. Бұл «атқышты» оқиға орнына жеткізген Chance көлігінің 23 жастағы жүргізуші К.И. болып шықты. Оқиғаны көзімен көрген ол Құрманғазы көшесімен «Бунгало» мейрамханасына қарай жүгіреді. «Атқыш» оның артынан жүгіріп, төрт рет оқ атып, оның үшеуі нысанаға тиген.

Оқиға орнын тексеру кезінде жедел-тергеу тобы Renault Duster көлігінің жанынан 9 мм-лік оны екі гильза және «Бунгало» мейрамханасының жанынан тағы төрт гальза тапты.

Бұл ауыр қылмысқа күдікті сол түні Жылыой ауданы аумағында «Атырау-Ақтау» трассасының бойымен Маңғыстау облысына қарай кетіп жатқан жерінен ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Оның Маңғыстау облысының 28 жастағы тумасы Б.К. екені анықталды.

 

НЕ ҮШІН

Бұдан бұрын Атырау облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі ұсталған азаматтың алғашқы айғақтары бойынша жанжал «жеке бас араздығы негізінде» болғанын хабарлады. «АЖ» дереккөздері Б.К.-ның былтыр қазан айынан бері Атыраудағы Нұрсая ықшам ауданында 32 жастағы әйелмен бірге тұрып келгенін хабарлайды. Куәгер ретінде жауап алу кезінде берген жауабына сәйкес, әйел 15 наурыз күндіз серігімен бірге Нұрсаядағы полиция пунктіне келіп, сол жерде бұрынғы күйеуімен және оның туыстарымен кездесіп қалған. Бұрынғы күйеуі полицияға 14 наурызда Б.К.-ның 4-сыныпта оқитын ұлын ұрып-соққаны туралы шағым түсірген.

Дау өршіп, бұрынғы күйеуінің туыстары Б.К.-ге жанжалды шешу үшін кешке кездесуді ұсынады. Бұл жағдайдың соңы осындай қасіретпен аяқталатынын «шақырушы» тараптың болжауы неғайбыл. 15 наурызда сағат 20.00 шамасында Б.Қ. әйелге қоңырау шалып, осы кездесуге баратынын және қолында тапаншасы бар екенін айтады. Содан кейін ол байланысқа шықпаған.

ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы 2-бөлігінің 1-тармақшасы («Екі немесе одан да көп адамды өлтіру») бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр.

Айнұр САПАРОВА

18 наурыз 2022, 09:53

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.