Атырау, 7 қазан 17:31
 ашықВ Атырау +16
$ 481.84
€ 531.33
₽ 5.07

Атыраудағы фармацевтикалық зауыттың болашағы бұлыңғыр

1 612 просмотра

Атырауға жұмыс сапарымен келген Парламент Сенатының депутаты Ғұмар ДҮЙСЕМБАЕВ журналистермен кездесу кезінде құны 3,7 миллиард теңге болатын фармацевтикалық зауыттың болашағы туралы сауалға жауап берді. Құрылыс 2014 жылы басталып, 2017 жылы аяқталуы тиіс еді. Бірақ құрылыстың тоқтап тұрғанына сегізінші жыл.

Өңірлік коммуникациялар қызметінің хабарлауынша, сол кезде Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары қызметін атқарған сенатор: «Кезінде бұл нысанға қомақты қаржы қарастырылған. Құрал-жабдық алуға 800 миллион теңге «Атырау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы бөлінген. Бірақ бұл ақша жабдыққа емес, құрылыс жұмыстарына бағытталды. Қаражаттың мақсатсыз жұмсалуына байланысты оларды қайтару мәселесі көтерілді. Осылайша жоба тоқтап қалды.

Қазір зауытта инфрақұрылымға қатысты мәселе жоқ. Жол бар, газ тартылған. Жақын арада оң шешім шығады деп сенемін. Бұл өте маңызды жоба, өйткені Қазақстанда дәрі шығаратын ірі зауыт жоқ», - деді.

Еске салсақ, 2014 жылдың 29 тамызында сол кездегі облыс әкімі Ізмұхамбетов болашақ фармацевтикалық зауыттың құрылыс алаңына символдық капсуланы қалады. Оның Орталық Азиядағы ең ірі фармацевтикалық кәсіпорынға айналатыны хабарланған болатын. Қатысушылар – «LUMPAN CASPIAN PHARMACEUTICALS» ЖШС, «Медицина» АҚ (жоба бастамашысы), SAVA Heathcare Pte. Ltd компаниясы, «ALIM COM» ЖШС, Lifeline Fze компаниясы, «Атырау ӘКК» ҰК» АҚ.

Салтанатты шарада Ізмұхамбетов хабарлағандай, зауыттың жобалық қуаты 800 миллион таблетка, 300 миллион капсула, 78 миллион ампула, 3 миллион қаптама жақпа май және тамырға егетін 12 миллион құты ерітіндіні құрайды.

Ал 2017 жылы облыс әкімінің сол кездегі бірінші орынбасары Ғұмар Дүйсембаев чехиялық «Флавия» компаниясы зауыт құрылысын аяқтайтынын мәлімдеді. Себебі - технологиялық бөлікті іске қосуға міндеттелген үндістандық SAVA Global компаниясы әуел бастан жобаға «бір теңге де» салмай, жобадан сырт қалды. Бірақ чехтармен де шаруа үйлеспеді.

Кездесу барысында Ғұмар Дүйсембаев қоршаған ортаны ластағаны үшін өндірілетін айыппұлдардың қалай пайдаланылатыны туралы да айтты:

– Бұл ақшаның барлығы енді экологиялық жағдайды жақсартуға бағытталатын болады.

Дайындаған Айнұр САПАРОВА

25 ақпан 2022, 16:33

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.